“Дипломмен ауылға” жобасының берері мол
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы 10 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – ауыл-аймақтан жұмысқа орналасқан жас мамандарға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек беру. Биылғы жылы бұл үрдіс қалай жүзеге асуда? Жастардың көпшілігі ауылға барудан неге қашады? Жастардың ауылға деген көзқарасы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде ой өрбітпекпіз.
Бағдарлама негізінен білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіптік кешен салалары бойынша жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Естеріңізге сала кетсек, аталған жобаны 2007 жылғы 5 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес ауылдық елді мекендерге білікті кадрларды тарту, маман тапшылығын жою мақсатында жастарға әлеуметтік көмек беру үшін жасалған бағдарлама болатын. Ауылдық жерлерде көрсетілетін білім беру, медициналық және өзге де әлеуметтік қызметтер сапасының төмендігі бұл тапсырмаға негіз болды. Бағдарлама аясында мемлекет тарапынан: 100 АЕК мөлшерінде бір реттік көтерме жәрдемақысы (2020 жылы 277 800 теңге); тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін 0,01% жылдық сыйақы мөлшерімен 15 жылға дейінгі 1500 АЕК (2020 жылы 4 167 000 теңге) мөлшерінде несие беру; әлеуметтік мекемелердің мамандары үшін лауазымдық жалақының тарифтік мөлшерден кемінде 25%-ға (қалалық жерлерде) өсуі түріндегі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының аймақтарда қалай жүзеге асырылып жатқанын бақылау мақсатында өңірге келген Бауыржан Байбек аталған жобаның қарқынды жүргізіліп жатқанын айтқан еді:
– Оқытушылар арасында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында туған жеріне оралған Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларының жоғары оқу орындары түлектері көп екенін атап өткім келеді, – деді ол.
Демек, облыс бойынша мамандардың ауылға келуі бұл жобаның ойдағыдай жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Мысалы, Осакаров ауданында жыл басынан бері «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 20 маман тіркеліп, бір реттік көтерме жәрдемақы алған. Сонымен қатар, тұрғын үй сатып алуға бюджеттен 33 несие беріліпті.
Дипломмен ауылда жұмыс істейтін жас маман Сымбат Жүніс бұл бағдарламаның жастарға қолайлы екендігін айтады.
– Мен Шет ауданының Мойынты ауылдық мектебінде мұғаліммін. Жұмысқа орналасқан соң, бағдарлама аясында бір реттік қайтарымсыз ақша берілді. Былтыр 277 мың тг алдым. Ал жеке себептерге байланысты үйге деген қажеттілік болмаған соң, құжаттарымды тапсырмадым. Менің ойымша, ауылға келетін жастар үшін бұл жобаның берері көп, – дейді Сымбат.
Десе де, ауылдық жерлердегі кадр мәселесі қашан да өзекті. Мамандардың жетіспеушілігінен ауыл-аймақ дамуының кенжелеп қалатыны, өзгеріссіз тұра берсе, тұралап қалатынын айтудай-ақ айтып жүргендер қатары көп. Жастардың көпшілігі жұмыс істеу үшін ауылға барады, бірақ уақытын өтеп болған соң, қайтадан қалаға кетіп қалады. Бұған, көбінесе, жастардың ауылда тұрғысы келмеуі себеп болады екен.
Шындығында, ауылға келген мамандардың ішінде білім саласында жұмыс істейтіндері көп. Себебі, мұғалімге жұмыс қашан да табылады. Ал, басқа да әлеуметтік салаларға келер болсақ, мамандығы бойынша өз ауылынан жұмыс таппай, қайтадан қалаға кетуге мәжбүр болған мамандарды да кезіктіргенбіз. Бұл – ауылдың ақсап тұрған мәселесі. Жақында өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Сәлімжан Нақпаев ауылдарда медициналық мамандардың жетіспеушілігі мәселесін көтерді:
– Соңғы кезде министрлік, облыс әкімдіктері тарапынан ауылдық елдімекендерге медицина мамандарын тартуға бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа жіберетін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жұмыс жасауда. Жергілікті әкімдіктерден көтерме жәрдемақы берілуде. Соған қарамастан, облыстарда, оның ішінде шалғай аудандарда бірқатар дәрігер мамандар жетіспейді. Мысалы, анестезиолог-реаниматолог, сол сияқты инфекционист, травматолог, пульманолог, эндокринолог сияқты мамандар қат. COVID-19 сияқты ауыр науқастан жазылған адамдарға реабилитолог қажет. Ол мүлдем жоқтың қасы. Оларды айтпағанда, акушер-гинеколог, хирург, фтизиатор сияқты мамандар да шалғай аудандардан табылмайды, – деді С.Нақпаев. Бұндай мәселелер тек денсаулық сақтау саласында ғана емес, басқа да салалар бойынша жетіспеушілігі байқалады.
Қорыта айтсақ, еліміздің дамуына үлес қосқысы келетін әрбір жас өз ісін алдымен, ауылдан бастауы керек. Дипломмен ауылға баратын жастарды мемлекетіміз қашан да қолдайды.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.