Бас тақырыпЖаңалықтар

Бүгін Дінмұхамед Қонаевтың туған күні

Бүгін – қазақ тарихындағы ең ірі тұлғалардың бірі, мемлекет қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 112 жыл толып отыр.

Сурет: Ашық дереккөз

Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 1936 жылы Мәскеудегі алтын және түсті металдар институтын бітіргеннен кейін Қоңырат кенішінде бастады. Ол дипломын Қоңырат карьерінің қуаттылығын 90 мың тонна қара мыс беруге жеткізу жөнінде жазып, оны үздік бағамен қорғап шығады. Өзі жұмыс істеген үш жылда бұрғылау станогінің жұмыскерлігінен бастап цех бастығы, рудниктің техника бөлімінің меңгерушісі, бас инженері, директоры болып қызмет атқарды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының триггері Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан басшылығынан алынуы болғаны баршаға аян. 

Бірнеше мәрте КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП-ның XIX-съезінен бастап, кейінгі съездерінің бәріне делегат болды. Парламент және партия делегациясын басқарып, әлденеше рет шетелдерде болып қайтты.

1956 жылдан бастап СОКП-ның Орталық Комитетінің мүшесі. Партияның XXIII-съезінде ол КОКП-ның Орталық Комитетінің Саяси Бюросының мүшелігіне кандидат, ал XXIV-съезде мүше болып сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының мүшесі болды.

Д. Қонаев өз заманының ұлы саясаткері бола білді. Ол билік басында болған уақыт қайшылықты күрделі, қарама-қайшылықты болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік саласын, ғылымын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді.

Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кентімен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды.

Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды.

Дінмұхамед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары, Жезқазған мен Балқаш таукен-металлургия комбинаттары, Ермаков пен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты.

Сурет: wikipedia

Д.А.Қонаев металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Тараз және Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектермен зерттеулер жазды. Біраз ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізді. Өз еңбектерінің халық шаруашылығына тигізер пайдасының зор екендігін іс жүзінде дәлелдеген еді. Өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, ол жас ғалымдарды қолдап, білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді.

Қазақ өнерін жоғары бағалаған Дінмұхамед Ахметұлы өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. Өнер ордалары салынып, мәдениет үйлері өз қызметін бастады. Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдени ошақтар ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар салынды.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан ашылды. Мектеп пен бала-бақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін айқара ашты. Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен, иманжүзді ізеттілігімен, танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.

Дінмұхаммед Ахметұлының қабірі басындағы құлпытас. Алматы, Кеңсай зираты.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туған жері Алматыда тұрған. 1993 жылы 22 тамызда қайтыс болып, Кеңсай зиратына жерленді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button