Жаңалықтар

Діни ахуал тұрақты

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысындағы діни ахуал тұрақты болып қалыптасты. Өңірде конфессияаралық келісім жүйелі түрде қамтамасыз етіліп, діни сала қолданыстағы заңнама аясында дамып келеді. Қоғамдық тұрақтылыққа елеулі әсер етуі мүмкін сын-қатерлердің алдын алу бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілді.

Сурет басқарма басшысының жеке мұрағатынан

Діни ахуалдың объективті бағасы 2025 жылы екі кезеңде өткізілген әлеу­меттік зерттеулердің нәтижелерімен расталды. Зерттеу қорытындысына сәйкес, респонденттердің 92,4 пайызы облыстағы діни жағдайды қолайлы деп бағалаған. Бұл көрсеткіш өңірдегі қоғамдық тұрақтылықтың жоғары деңгейін және діни салада айқын шиеленістің жоқ екенін көрсетеді.

Қарағанды облысы еліміздің көпконфессиялы өңірлерінің бірі саналады. 2025 жылғы жағдай бойынша облыс аумағында елде тіркелген 18 конфессия­ның 15-ін қамтитын 287 діни бірлестік пен олардың филиалдары қызмет етеді. Өңірде барлығы 236 ғибадат нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 134 мешіт, 23 православие шіркеуі, 16 католиктік приход, 62 протестанттық шіркеу және бір синагога бар. Сонымен қатар, өңірде бір рухани оқу орны – католиктік «Мария – Шіркеу Анасы» атаулы епархияаралық жоғары рухани семинариясы тіркелген.

Конфессияаралық өзара қарым-қатынасты нығайту және діни бірлестіктермен тұрақты диалог орнату бағытында Қарағанды облысының діни бірлестіктер клубы маңызды рөл атқарады. Клуб құрамына өңірде қызмет ететін түрлі конфессия өкілдері енген. 2025 жылы клуб аясында конференциялар, семинарлар, диалогтық кездесулер, мәдени және спорттық іс-шаралар, сондай-ақ, қайырымдылық бастамаларды қамтыған 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.

Жұмыстың басым бағыттарының бірі – діни экстремизмнің алдын алу, радикалды идеялар мен деструктивті идеологиялық ұстанымдардың таралуына жол бермеу. 2025 жылы бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 14 діни мәселелер жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының қатысуымен жүргізілді. Аталған топтардың құрамына 180 маман, оның ішінде теологтар мен дінтанушылар, үкіметтік емес ұйым өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшелері, мәдениет және спорт саласының өкілдері, депутаттар, психологтар, сондай-ақ, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері кірді.

2025 жылы облыс көлемінде жалпы қамтуы 416 755 адамды құрайтын 7 004 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді. Кәмелетке толмағандар мен жастар аудиториясымен жұмысқа ерекше көңіл бөлініп, қамтуы 83 752 адамды құрайтын 2 485 іс-шара ұйымдастырылды. Бұл бағытта диалогтық кездесулер, «сұрақ-жауап» форматындағы ашық алаңдар, зияткерлік ойындар, сондай-ақ, жастарды тікелей тарта отырып, олардың ортасында профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған тәсілдер кеңінен қолданылды.

Бұқаралық іс-шаралармен қатар азаматтарға консультациялық көмек көрсету жұмыстары да жалғасын тапты. Жыл бойы профилактикалық қызметке тартылған 39 бейінді маман түрлі мәселелер бойынша 2 252 жеке консультация өткізді. Сонымен бірге отбасылық құндылықтарды нығайтуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға және радикалды идеологияларға қарсы қоғамдық ұстаным қалыптастыруға бағытталған мәдени-бұқаралық, спорттық және ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің өзектілігін ескере отырып, медиакеңістікте жат діни ағымдарға қарсы насихаттық жұмыс жүйелі түрде жүргізілді. 2025 жылы арнайы қалыптастырылған сарапшылар пулы 2,5 мыңға жуық материал дайындап, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 10 697 жарияланым орналастырды. Сонымен қатар, интернет кеңістігінде құқыққа қайшы контентті анықтау мақсатында мониторинг жүргізіліп, діни сипаттағы 871 материал анықталып, бұғаттауға жолданды. Қабылданған шаралар нәтижесінде күмәнді интернет-қоғамдастықтар мен дереккөздерден 22 503 адам бас тартты.

Сонымен қатар, атқарылып жатқан профилактикалық шараларға қарамастан, өңірде заңнама талаптарын бұзудың жекелеген фактілері де тіркелді. Діни қызмет саласындағы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында құқық қолдану практикасы жүзеге асырылды. 2025 жылы басқарма құқық қорғау органдарымен бірлесіп 21 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Істерді қарау нәтижесінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес айыппұлдар салынып, ескертулер берілді. Аталған шаралар профилактикалық сипатқа ие болып, діни салада заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталды.

Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында тұрақты діни ахуал қамтамасыз етіліп, конфессияаралық келісім сақталды. «Қарағанды облысының дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесінің қызметі мемлекеттік басымдықтар мен өзекті күн тәртібіне сай жүзеге асырылып, құқықтық мәдениетті нығайтуға, тәуекелдердің алдын алуға, ашық диалогты дамытуға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталды.

Биыл аталған жұмыс жүйелі тәсілді және ведомствоаралық өзара іс-қимылды сақтай отырып, заңдылық, жауапкершілік пен қоғамдық келісім қағидаттарына басымдық беру арқылы жалғастырылады. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы айқындаған құндылықтық бағдарлар ескеріліп, қоғамдық келісімді нығайту және радикализмнің алдын алу жөніндегі шаралар одан әрі күшейтілетін болады.

Жанболат СЕКТАЙ,
Қарағанды облысының дін істері басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Back to top button