Дінаралық келісім зор мәнге ие
Қазақстан Республикасындағы дін және дінаралық қатынас саласындағы ахуал еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері айтарлықтай өзгерістерге толы болды. Қоғам өміріндегі діннің орны нақтыланып, мәртебесі көтеріліп, соның нәтижесінде адамдардың ар-ождан еркіндігінің өрісі кеңейді.
Қазақстанда бүгінгі таңда көптеген этнос пен ондаған діни конфессия бар. Түрлі наным, сенімді ұстанатын Қазақстан халқының келісімі мен ынтымақтастығы – оның саяси тұрақтылығының нығаюына, экономика мен әлеуметтік жағдайдың кемелденуіне бастайтын жағдайлар. Осы мақсатқа орай мемлекет этносаралық және дінаралық келісімді, толеранттылық пен сындарлы сұхбатты қолдап, лаңкестік әрекеттердің алдын алу іс-шараларын жүргізуде. Этносаралық және дінаралық келісім ұстанымдары мемлекеттің орталық органдар саясатында да, шеткі аймақтарда да жүзеге асуда. Ондай істер этномәдени орталықтар мен діни бірлестіктер ауқымында атқарылуда.
Қазақстанда діни және этносаралық толеранттылық жоғарғы мәнге ие. Демократиялық қоғам құру барысында мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қатынас түбегейлі түрде өзгерді. Конституция мен 2011 жылы қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес діни сенім бостандығы заң жүзінде іске аса бастады. Мемлекет барша азаматтардың этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан тең құқыққа ие екендігін жария етіп отыр. Жалпыадамзаттық және азаматтық құқықтарға шектеу қоюға тыйым салынды.
Тәуелсіздік жылдарында діни институттар көбейіп, сонымен бірге, сапасы жетілуде. Діни бірлестіктер бірнеше есе өсіп, рухани дәстүрлер жаңаруда, жаңа мешіттер, шіркеулер, ғибадат үйлері, синагогалар бой көтеруде. Тұрғындардың діни сауаттылығы да артып келеді. Бұл – елдегі ар-ождан бостандығы мен рухани жаңғыруды қамтамасыз етуге, этносаралық келісім мен азаматтық татулықты сақтау мен нығайтуға бағытталған саясаттың нәтижесі.
Мұсылман және православие христиандарының діни бірлестіктері жалпы діндарлардың 90-нан аса пайызын құрайды. Республикада діндарлар қатарының уақыт өткен сайын артып келе жатқандығы әлеуметтік зерттеулер нәтижесінен көрінеді. Қазіргі қазақстандық қоғам өмірінде діннің маңыздылығы өскен.
Әлемдегі соның ішінде, кейбір көрші елдердегі этно-діни қайшылықтардың күшеюінен Қазақстанға сырттан этно-діни экстремизм мен радикализмнің әртүрлі нысандарының кіруі әлеуетті қауіп туғызады. Қоғамда орын алып отырған әлеуметтік және тұрмыстық жергілікті проблемалар да этностық реңк алып кетуі мүмкін. Жас ұрпақты тәрбиелеу жұмысында жіберілген қателіктер көпұлтты Қазақстан халқының этносаралық және мәдениетаралық дәстүріндегі сабақтастықтың бұзылуына қауіп туғызуы мүмкін. Осы және өзге аспектілер мемлекеттіктің де, сондай-ақ бүкіл қоғамның да тарапынан жіті назар аударуды талап етеді. Діндердің бейбіт өмір сүруі, экстремизмнің таралуына қарсы әрекет – Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басты мәселелері.
Жаһандану және халықаралық байланыстың бұдан әрі дамуы жағдайында ғаламдық геосаяси сондай-ақ, көрші аймақтардағы, әсіресе, Таяу Шығыстағы оқиғалар Қазақстанның ахуалына әсерін тигізетіндігі айқын болды. Кейбір көрші елдерде әлеуметтік-экономикалық қиындықтар туындап жатқанын ескере отырып, дінаралық қатынастар саласындағы саясатта құру кезінде аталған факторға көңіл аударып, лаңкестердің елімізге енуіне жол бермейтіндей шаралар мемлекет пен қоғам тарапынан үнемі жүргізіліп отыруы қажет.
Н.УТЕБАЕВ,
«Теміртау қаласының конфессияаралық қатынастарын зерттеу және сараптау орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы.
ТЕМІРТАУ қаласы.