Алматыда дүр сілкінген жастардың толқуы, шынымен, зор толқын еді. Оның әсері әр өңірге, әр аймаққа жетіп жатты. Алматыдан соң әр облыста жастар жан сауғалап қалмады. Қайратқа мінді, намысқа бекінді. Дәл сондай толқу Жез-қаланы да жайбарақат қалдырмады. Уақыт жылжиды, күндер алмасады, бірақ, 1986 жылдың қанды да қасіретті, өр де өжет рухы ұрпақ санасында мәңгілікке таңбаланды. Өйткені, Желтоқсан – ерлікке айналған жастықтың, әділетке айналған азаттықтың, ұлт рухына айналған намыстың символы. Сол бір ызғарда алаңға шыққан арыстай ұлдар мен қырмызы қыздардың қатарында бүгінгі дана ұстаз, елге қызмет етуді өмірінің мәні еткен Дина Жолдасова да бар еді. Қырық жылға жуық ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған оның тағдырында Желтоқсан оқиғасы – жазылмас жара.

1986 жылы Дина Тұрсынқызы Жезқазған педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінде оқитын, жастардың көшбасшысы, құрылыс отрядының командирі еді. Сол бір ызғарлы күндері түн ортасында жатақханаға жиналған студенттердің ерік-жігері жүректі толқытпай қоймайды. Қараңғы түнде ақыл сұрап барғанда «алаңға барыңдар немесе бармаңдар» деп айтпай үнсіз ғана қолдаған профессордың бейнесі әлі күнге көз алдында.
Аязды желтоқсан бетті қарып тұрса да, кері шегінбеді. Көшеге шыққан жастарды көрген үлкендердің «Жарайсыңдар! Қазақтың намысын қорғаңдар!» деген сөздері оларға рухани дем берді. Олар өздерінің саясат ойынының құрбаны емес, ұлттың ар-намысын қорғайтын ұрпақ екенін сезінді. Солдаттардың қуғынынан әрең құтылып, подъездге кіріп, жан сақтаған студент қыздардың көзі жасқа толғанымен, жігері жасымады.
– Подъездге қашып кіріп, жоғарғы қабатқа шықсам, жатақханадағы төрт қыз сонда жылап отыр екен. Сол жерде бір-екі сағат отырдық. Біраз тынышталғанша «жатақханаға бармаңдар» деп ескертті. Бір уақытта «келіңдер» деген соң қайта жатақханаға кірмекші болдық. Бірақ, амалсыздан институттың оқу залына барып, 10 минут отырып, «келдік» деп тіркеліп, содан шығып кеттік. Жатақханаға келгенде бізді кіргізбеді – «қайдан келе жатырсыңдар?» деп сұрады. Біз «оқу залынан келдік» дедік, ол сөзімізге сенген ешкім болған жоқ. Барлығын естіп-біліп алған екен. Бәріміз жатақхана залында жиналдық. Екі-үш адам бөлмелерін аралап шыққан көрінеді. Сессияның алды. Он күн бойы тамақ ішкен жоқпыз. Бізге халық жауы сияқты қарады. Күнде келіп, жауап алатын. Бірде бізді залға жинап: «Сен туралы бір студент жазып берді» деген өтірік қағаз көрсетті. Алайда, оның фамилиясы есімде жоқ. Біз: «Ол қағазды мамандар тексеруі тиіс» деп жауап бердік. Содан кейін: «Комсомол мүшесісіңдер, міндетті түрде оқудан шығаруға қол қоясыңдар ма, жоқ па?» – деп сұрады. Сол уақытта 3-інші хатшы келіп жиналыс ашты. «Қатысқандар, тұрыңдар!» дегенде, жанымыздағы бір қыз тұрып: «Мен барғандармен бірге болдым» – деді. Сол сәтте кімнің кім екенін, кімнің сатқын екенін әркім анық көрді. Біз тұрып қалдық. Жиналыс ашқан адамдар маған қарап: «Бұл – құрылыс отрядына барғанда құйтырқы әрекет жасаған. Екіжүзді, ұлтшыл, жұмыста өзге ұлт өкілдеріне қысым көрсеткен» – деп айтты. Сонда «Комсомолдан шығарылсын!» дегендер қол көтеріңдер» деген сәт әлі көз алдымда, – дейді Дина Тұрсынқызы.
Өрімдей қыздың тағдыры талқыланып, «екіжүзді, ұлтшыл» деп айыпталып, дауысқа салынады. Дәл сол сәтте бір ауыз қазақша білмейтін Сәуле есімді қостанайлық қыздың «біз өзіміз шешеміз, оған дәлелсіз кінә жаппаңдар» деп қорғап сөйлеуі – нағыз адамдықтың көрінісі еді. Дегенмен, жас қызға «қатаң сөгіс» беріліп, құжатына «саяси істі дұрыс сезінбеген» деген таңба басылды. Қолында әлі күнге сақталған сол қағаз – сол заманның әділетсіздігін еске түсіретін үнсіз куә.
Ата-анасына «тәртібі бұзылған қыздың» ісі бойынша шақырту келгенде, соғыстың көрешегін көрген әкесі институтқа барып, ректормен тілдеседі. Ректордың: «Жастардың жасағаны дұрыс. Бірақ, демократия жоқ елде оны ашық айта алмаймыз» деген сөзі сол кезеңнің күйін айна-қатесіз көрсетеді.
Кейіпкеріміз институт бітіргенде Шымкентке баруға мүмкіндік бола тұра, саяси «қара таңбаның» кесірінен Ақтоғай ауданына жолдама алады. Прокуратурадан екі рет хат келген соң ғана амалсыз барған жері – Ақтоғай ауданы Жамшы совхозына қарасты Қызылтас ауылы оның жаңа тағдырына айналды. Сол жерден Құрман есімді өмірлік жарын тауып, шаңырақ көтеріп, Зарина, Марина, Ұлдана есімді үш бірдей әдемі қыздың анасы атанды.
1991 жылы Марина атты қызы дүниеге келгенде, Дина апай бесік тербетіп отырып, Тәуелсіздік жарияланған сәтті көзіне жас алып тыңдады. «Сонда ғана біздің шындықтың беті ашылғанын сездім», – дейді ол. Оқудан шығарылған Рысқали мен Сайран кейін ақталып, біреуі Астанада жоғары қызмет атқарғанын теледидардан көргенде, «шындық жеңді» деген ой жүзіне нұр сыйлапты.
39 жыл бұрынғы желтоқсан ызғарының қақаған суығы бүгінгі жүректерде рухқа айналды. Сол рухты сақтап тұрған – Дина Тұрсынқызы секілді қайсар адамдардың өмір жолы. Оның тағылымды тағдыры, ерлігі – елге үлгі.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



