Дін өкілімен жүздесті
Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Астана және Қазақстан Митрополиті Александрмен кездесті.
Митрополит Александр Қасиетті Богородица «Умягчение злых сердец» («Қатыгез жүректерді жұмсарту») ғажайып жасаушы иконасымен бірге ел көлемін аралап келеді. Бұл жәдігер Қазақстанға Мәскеу және Бүкіл Русь Патриархы Кириллдың батасымен жіберіліп отыр.
Бүгінде Қазақстанның бірнеше өңірінде болған икона 11 мамыр күні Қарағандыға жеткізілді. Осындағы «Свято-Введен соборына» орналастырылды.
– Қарағанды облысында православие және өзге дін ұстанушыларының мамыражай ғұмыр кешуіне қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Облысымызда түрлі діндер өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Ел Президентінің ұстанған саясатының нәтижесінде, елдегі тұрақтылық пен тыныштықтың арқасында қаймағы бұзылмай, барлық діндердің дамуына мүмкіндік тудырылып отыр, – деді кездесу барысында облыс әкімі.
Өз кезегінде Митрополит Александр жылы қабылдап, қонақжайлылық танытқаны үшін аймақ басшысына ризашылығын білдірді.
– Қазақстан – жүздеген ұлттардың мекеніне айналған кемел мемлекет. Түрлі ұлттың өкілдері бір шаңырақ астында бірлікпен түтін түтетуде. Бұл орайда, Қарағанды аймағын ерекше атап өтуіміз қажет. Санқилы тағдырмен туған жерінен айырылған мыңдаған адам осы өңірден пана тапты. Бүгінде бұл жандардың ұрпақтары осында еңбек етіп, ел ырзығын еселеу жолында аянбай тер төгуде. Бұл үшін, әрине, көреген саясатымен көш бастаған Елбасыға алғыс айтуымыз қажет, – деді Митрополит Александр.
Енді икона Қазақстанның өзге қалаларына жол тартады. Оңтүстіктің біраз шаһарын аралап, сапар соңы Астанада түйінделмек.
Нұрқанат ҚАНАФИН
Суретті түсірген
Д.КУЗМИЧЕВ.