Жарияланған жаңа Конституция жобасы – ел дамуының келесі кезеңін айқындайтын маңызды құжат. Мұны біз құқықтық нормалардың жиынтығы деп қарамауымыз керек. Мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті жаңаша пайымдаудың көрінісі. Уақыт өзгерген сайын басқару жүйесі де жетіліп отыруы тиіс. Ұсынылып отырған Ата заң жобасы осы қажеттіліктен туындап отыр.

Соңғы жылдары қоғамда әділеттілікке, ашықтыққа, тиімді басқаруға деген сұраныс күшейді. Азаматтар шешім қабылдау үдерісінің ашық болғанын қалайды. Конституциялық жаңғырудың басты мақсаты – осы талапқа жауап беру. Жоба билік тармақтарының өкілеттігін нақтылап, олардың өзара тепе-теңдігін күшейтуге бағытталған.
Мемлекеттік институттардың жауапкершілігі айқындалса, қабылданатын шешімдер де сапалы болады. Заң шығарушы және атқарушы биліктің үйлесімді жұмысы елдің тұрақты дамуына негіз қалайды. Бұл өзгерістер саяси жүйені жаңғыртумен қатар, экономикалық және әлеуметтік реформалардың да нәтижелілігін арттыруға ықпал етеді.
Ата Заңның жаңа нұсқасы азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді. Қоғамдық пікірдің ескерілуі, халық пен билік арасындағы тұрақты байланыс – демократиялық дамудың басты көрсеткіші. Иә, ашықтық – сенімнің негізі.
Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау басым бағыт ретінде айқындалған. Құқық үстемдігі – кез келген дамыған мемлекеттің тірегі. Азаматтың қадір-қасиеті, заң алдындағы теңдігі, қауіпсіздігі нақты кепілдікке ие болуы тиіс. Ұсынылып отырған жоба осы қағидатты орнықтыруға бағытталған.
Әлеуметтік мемлекеттің ұстанымдары да назардан тыс қалмаған. Білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қорғау салалары мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде бекітіледі. Бұл – азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған ұзақмерзімді бағдар. Әсіресе өңірлер үшін мұның маңызы зор деп есептеймін. Аймақтардың теңгерімді дамуы – ел тұрақтылығының кепілі.
Ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қағидаттары да Ата заңда берік орын алған. Қазақстанның басты байлығы – татулық пен өзара құрмет. Бұл құндылықтарды конституциялық деңгейде нығайту – бейбіт әрі тұрақты дамудың шарты.
Өңірлік өкілді органның басшысы ретінде жергілікті басқарудың тиімділігіне айрықша мән беремін. Азаматтардың күнделікті мәселесі көбіне жергілікті деңгейде шешіледі. Сондықтан орталық пен өңір арасындағы өкілеттіктердің нақты айқындалуы басқару сапасын арттырады. Бұл – жергілікті өкілді органдардың жауапкершілігін күшейтіп, халыққа жақындай түсуіне мүмкіндік береді.
Бүгінгі конституциялық өзгерістер – ортақ болашақ үшін жасалып отырған қадам. Тұрақты саяси жүйе, әділетті құқықтық орта және сенімді даму бағдары – елдің ертеңіне қызмет ететін игіліктер.
Конституция – мемлекет дамуының стратегиялық негізі. Ол бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың мүддесін айқындайды. Сондықтан жаңа жобаны байыппен талқылап, саналы қолдау білдіру – ортақ парыз.
Ұсынылып отырған Ата заң жобасын еліміздің саяси жаңғыруының заңды жалғасы деп санаймын. Бұл құжат мемлекетімізді дамудың жаңа сатысына шығарады деген сенімдемін.
Алтынтөре БӨКЕНОВ
Қарағанды қалалық мәслихатының төрағасы



