Руханият

Сот қызметкерлері Абай әлеміне үңілді

Қарағандыда ұлы ойшыл, хакім Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына арналған тағылымды кеш өтті. Қазақтың маңдайына біткен біртуар перзентінің 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл рухани кеш ұлттық ой-сана мен адамгершілік қағидаттардың жарқын көрінісі.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кешті Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бо­йынша департаменті мен «Қазақстан Республикасы Судьялар одағы» қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы бірлесе ұйымдастырды. Судьялар, сот мамандары, мәдениет пен білім өкілдері Абай шығармашылығының қазіргі қоғаммен үндестігіне баса назар аударды.

Кеште Абайдың философиялық, моральдық, әділеттік ойларын арқау еткен театрландырылған қойылым көптің көңілінен шықты. Ойшылдың қара сөздеріндегі терең толғамдар сахна тілімен сөйлеп, көрерменге жаңа қырынан ашылды. Абай бейнесін шебер сомдаған сот әкімшілігінің құжат айналымы бөлімінің бас маманы Бейбіт Ерболатұлы ақын мінезін, парасат-пайымын көркем жеткізіп, көрермен ықыласына бөленді.
Ал, ішкі қауіпсіздік бөлімінің маманы Сағын Қуатбаев Абайдың он төртінші қара сөзін тебірене оқып, жүрек пен ақыл, қайрат үйлесімінің маңызын сыр ғып жеткізді. Оның үніндегі діріл мен мәнер де сөз қадірін ұққан жұртты бейжай қалдыр­мады.

Құжат айналымы бөлімінің тағы бір өкілі Серік Игембаев жиырма екінші қара сөзді оқи отырып, елді ойға шомдырды. Сабырлы үні, мағыналы тоқтамы арқылы Абайдың терең философиясы тыңдау­шыға жүрегінен орын тапты.

Бұдан бөлек, соттардың инфрақұрылымын дамыту бөлімінің маманы Мадияр Жүзенов Абайдың жиырма тоғызыншы қара сөзін оқып, көрермен көңіліне әділдік пен шындықтың зілдей жүгін салды. Оның салмақты үні мен байыпты мәнері қара сөздің қайнарын аша түскендей.

Осы бөлімнің тағы бір қызметкері Тұрсын Айдос Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін ерекше әсермен оқыды. Ал, Назира Кашкеева, Райхан Төлеутаева және Абай атындағы мектеп-гимназия оқушысы Сұлтан Санжар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып берді.

Кеш соңында Абай әндері шырқалып, рухани әсердің шымылдығы сазбен тү­йілді. Қатысушыларға Алғыс хат табысталып, кеш бірлік пен рухани байланыс аясында қорытындыланды.

«Абайдың он төртінші қара сөзінде айтылған жүрек – мейірім мен әділеттің, адамгершіліктің өзегі. Біз осыны ұмытпауымыз керек. Бүгінгі рухани кеш – сол ойдың айқын дәлелі», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы Мирлан Қызылов.
Абай сөзін сөйлетіп, хакім рухын ұлықтаған сот қызметкерлерінің бұл қадамын мәдениет пен құқықтың тоғысқан тұсы, рух пен заңның үндестігі деген жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

СУРЕТТЕ: кешке қатысушылар мен қонақтар

Басқа материалдар

Back to top button