Әділдікке апарар жол мәдениеттен басталады
Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана жанынан «Әділ қоғам» жобасы аясында жобалық кеңсе ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің қатысуымен өткен тұсаукесерге мемлекеттік орган өкілдері, мәдени ошақтардың басшылары және көпшілік қауым қатысты.

Бұл – облыс әкімдігінің бастамасымен құрылған, облыстық ішкі саясат басқармасы және мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бірлескен жобасы. Енді жаңадан ашылған жобалық кеңседе әділеттілік негіздері мен жемқорлыққа қарсы күрес бағытында шаралар өтпек.
Жобалық кеңсені ашудағы басты мақсат – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мәдени мұра, тарихи құндылықтар, адалдық пен әділеттілік дәстүрі арқылы ілгерілететін бірегей мәдени-ағартушылық платформа құру. Сонымен бірге, азаматтардың адалдық, әділдік принциптерін қалыптастыру мақсатында мәдени-ағартушылық және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыра отырып, құқықтық сана мен жауапкершілік деңгейін арттыруға бағытталған іс-шараларды насихаттауды көздейді.
Айта кетерлігі, Абай, Шәкәрім, Бұқар жырау және басқа да кемеңгер ойшылдардың шығармалары негізінде ар-ождан, әділеттілік және абырой тақырыбын қозғайтын диалогтық клубтар, пікірталас және әдеби кештерді ұйымдастыру, жазушы, ғалым, этнографтар және қоғам белсенділерімен мәдениеттің моральдық аспектілерін талқылау үшін кездесулер өткізу де жоспарда.
Алғашқы отырысты тізгіндеген облыс әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы аталған жобалық кеңсе жұмысының мән-маңызына тоқталды.
Ал, Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Серікжан Байбосынов осындай бастама арқылы жемқорлықтың жолын кесіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне, дамуына үлес қосу ортақ міндет екенін айрықша атап өтті.
Ал, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапхана директоры, аталған жобалық кеңсенің жетекшісі Айнұр Сәкенқызы жыл бойы өткізілетін шараларға қысқаша тоқталды. Айтуынша, шаралар кітапханада ғана емес, облыс аумағындағы аудан, қалаларда да өтеді. Көпшілікті сол шараларға жаппай атсалысып, жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға үлес қосуға шақырды.
Шара барысында жиылғандар өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын да айтты.
Жәлел ШАЛҚАР