Әділдік күзетіндегі Әйгерім
Қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде нәзік жандылардың да үлесі орасан зор. Бүгінде құқық қорғау саласында әйел тергеушілердің рөлі жылдан-жылға артып келеді. Әсіресе, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстарды тергеуде олардың кәсіби шеберлігімен қатар, адамның жан дүниесін терең түсіне білетін сезімталдығы да үлкен маңызға ие. Кей жағдайларда жәбірленушінің психологиялық ахуалын ескере отырып, мұндай істерді әйел тергеушілердің қарауы заңмен де қарастырылған. Осындай жауапты міндетті күнделікті қызметінде абыроймен атқарып жүрген қазақтың ержүрек қызының бірі – Бұқар жырау аудандық полиция басқармасының аға тергеушісі Әйгерім Жанғазықызы Сүндет.

Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмысты күшейту үшін мемлекет тарапынан да нақты қадамдар жасалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Бұл құжаттар қоғамдағы қауіпсіздікті нығайта отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мен жәбірленушілерді қорғаудың нақты тетіктерін күшейтті.
Заң – оны жүзеге асыратын адамдардың адал еңбегі арқылы өміршең болады. Адам тағдырымен тікелей байланысты күрделі істерді тергеп, талай жанның үкілеген үмітін қайта үрлеген Әйгерім Жанғазықызы үшін тергеуші қызметі әділдікке деген ішкі сенімнің, адамға деген шынайы жанашырлықтың жарқын үлгісі дер едік.
Тергеуші мамандығы негізінен салқын ақыл мен нақты дәлелдерді талап етеді. Бірақ, әйелдер мен балаларға қатысты істерде заңнан бөлек жүрек жылуы да қажет. Жәбірленушінің қорқынышы мен күйзелісін түсініп, оның сеніміне кіру – әр тергеушінің қолынан келе бермейді. Әйгерім Жанғазықызы мұндай сәтте алдымен адамның жүрегіне жол таба білу маңызды екенін айтады.
– Алдымен, алдыңа келген адамның ішкі жай-күйін сезіне алуың керек. Жұмыс барысында қажетті деректерді тыңғылықты жинап, жәбірленушінің психологиялық жағдайын да мұқият ескереміз. Қорқыныш, үнсіздік немесе ойын жеткізе алмау – көбіне жан жарасының салдары. Әсіресе, балалармен жұмыс істегенде сабыр мен сенімді тең ұстау өте маңызды, – дейді ол.
Расымен де, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамның жан-дүниесін түсіну өте қиын. Кейде жәбірленуші соңғы сәтте арызынан бас тартып жатады. Мұндай жағдай көбіне қорқыныштан, отбасылық қысымнан немесе қоғам пікірінен именуден туындайды. Дегенмен, заң талаптары бәрінен биік. Егер кінә дәлелденсе, іс міндетті түрде сотқа жолданады. Себебі, мұндай құқық бұзушылық – тұтас қоғамның қауіпсіздігіне әсер етеді.
– Тергеуші болу – зор жауапкершілікпен қатар, аса маңызды миссия. Бұл қызметте адамдарға шынайы көмектесу ниетің болмаса, тұрақтауың екіталай. Әсіресе, қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға көмектесу мүмкіндігі – маған күн сайын күш беріп, алға жетелейді. «Әділдік орнауы тиіс!» деген сенім бар жерде жұмысымнан шынайы рухани ләззат аламын, – дейді Әйгерім Жанғазықызы.
Ел танымында бұрыннан қалыптасқан «отбасы ішіндегі мәселе сыртқа шықпауы керек» деген түсінік те мұндай істердің ашылуына кедергі келтіреді. Көп жағдайда жәбірленушілер үнсіз қалуға мәжбүр болады. Алайда, соңғы жылдары енгізілген заңнамалық өзгерістер мен түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бұл көзқарас біртіндеп оң жағына өзгеріп келеді.
Әйгерімнің пікірінше, мұндай қылмыстардың алдын алу үшін жазаны күшейту жеткіліксіз. Қоғамда құқықтық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік қолдау көрсету, отбасылық құндылықтарды дәріптеу – ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізетін маңызды қадамдар. Өйткені, құқық бұзушылықтың алдын алу – оны жазалаудан әлдеқайда тиімді жол.
Одан бөлек, кейіпкеріміз қызмет барысында адам тағдырына қатысты ауыр оқиғалармен жиі бетпе-бет келетін тергеуші ана ретінде де көп нәрсені терең түсінетінін жасырмайды. Айтуынша, әрбір бала қауіпсіз әрі мейірімге толы ортада өсуі тиіс. Бұл – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Нәзік жан иесінің табиғаты мейірім мен жанашырлыққа жақын болса да, бұл қызмет кейде сол сезімдердің өзін сынаққа салады. Өйткені, тергеуші күн сайын түрлі тағдырлармен, күрделі жағдайлармен, ауыр қылмыстық істермен бетпе-бет келеді. Бір жағында – әділдік іздеген жәбірленуші, екінші жағында – өз уәжін алға тартқан күдікті. Осындай сәтте әр сөздің салмағы, әр шешімнің жауапкершілігі ерекше. Үйінде бала-шағасы сағына күтіп отырған ана үшін мұндай қызметтің жүгін көтеру оңай дейсіз бе?
Мейірім мен жауапкершілік үстемдік құрған қоғамда зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Ал, әділдік жолында адал еңбек етіп жүрген мамандар барда, қауіпсіз қоғам құру жолындағы сенім де нығая түспек.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



