ҒибратРуханият

Ділдәнің төркіні

Абайдың: «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар, Ата-ананың қызынан ғапыл қалма», – деген жолдарының астарында Ділдә бейнесі тұрғандай көрінеді. Бұл – тек ақынның сөзі емес, қыз шыққан әулеттің тәрбиесі мен рухани негізінің көрінісі.
Ділдә – Әуезовтің «Абай жолындағы» ең сабырлы, ең мұңлы бейнелердің бірі. Көркем шығарма кейіпкерінен қазақ әйелінің тағдырын, үнсіз қайратын, төзім мен парасатын көреміз. Жалпы, оқырман осы орайда белгілі қаламгер Ермек Балташұлының «Ділдәнің шынайы болмысы қандай?» деген зерттеу мақаласын («Ақиқат» журналы, 01.08.2025 ж.) оқып шықса құба-құп.

Суреттер автордан

* * *

Қарқаралы ауданының қиыр шығысындағы алақандай ғана Мәди ауылдық округі бір бүйірімен Баянауыл тауларымен, екінші бүйірімен Абай өңірімен шектесіп жатыр. Ен даладағы жатаған жота-қырдың арасынан Мәдидің әнімен әйгілі болған Үшқара тауы менмұндалап тұрады. Бала кезде ескіқұлақ үлкендерден естуімізше, 1860 жылы тобықты Құнанбай мен қаракесек Алшынбай төс қағысып құда болған, Алшекеңнің ұлы Түсіптің қызы Ділдәні ұзату тойы осы таудың етегіндегі жазықта өткен екен. Яки, ұлы Абайдың алғашқы қайын жұрты дәл осы жер, Айбике-Шаншар елі. «Абай жолының» бірінші кітабында Ділдәға қатысты баяндалатын жайттардың кейбірі осы маңда болғаны талас тудырмаса керек. Мысалы: «Бұлар келген күннің ертеңінде Ербол ғана барып, Ділдәға амандасып, жүз көрісіп қайтты. Қалыңдықтың түсін, отырысын Ербол айтқысы кеп еді. Ол өзі ажарына қатты ырза боп, сүйсініп келген». «Абайлар Ділдәнің бойын ғана көрді. Ол кебісін шешіп жатқанда сырт сымбаты талдырмаш, бірақ аса сұңғақ бойлы, биік көрінді». «Айырылысар кезде Абай мен Ділдә бір-біріне үйреніскен болатын, оқта-текте қалжыңдап та отырысады. Ділдә Абайға сүйкімді, сұлу көрінді…» деген сияқты үзінділерден Абайдың біздің елге ұрын келгенін аңғару қиын емес.

* * *

Кезінде мыңнан артық халық тұрған Мәди ауылында қазір қырықтың үстінде ғана түтін бар. Ауылдың екі жағындағы Кіндікті мен Қақаң (Қақабай) қорымдарының аумағы ауыл көлемінен асып түскелі қашан. Аталған екі қорымнан бөлек ауыл сыртындағы бірнеше төбенің басында жеке тұрған ескі бейіттер бар. Дені жермен-жексен болып, ізім-ғайым жоғалуға айналған. Жергілікті халық Қаражыра деп атайтын қырда бертінде қойылған көктасы мен шағын қоршауы бар бөлек қабір Түсіп Алшынбайұлына тиесілі.
Әлеуметтік желіде, баспасөзде жарияланған деректерде, неге екені белгісіз, Жүсіп Алшынбайұлы деп көрсетілген. Үшқараға жақынырақ басқа төбеде Түсіптің ұлы Сләмбек пен немересі Нұрлыбектің де зираты бар. Сләмбек – Ділдәнің бірге туған бауыры. Осы биыл күзге салым ғана Нұрлыбектің қызынан тараған жиеншарлары келіп, талай жылдан бері өрген малдың жолында жатқан зиратқа қоршау орнатып кетті.

Жігітке үш жұртының қай-қайсысы да қадірлі, әрқайсысының өзінше құрметі бөлек. Ұлы Абай үшін дәл осы топырақ – алғаш рет ақ некелі жарымен танысқан, табысқан мекен. Сізге қайын жұртыңыз қандай болса, Абайға осы Үшқараның бауыры сондай болғанына күмән жоқ. Таудан таяқ тастам жердегі Дарабай қыстағының маңында, қалың қараған мен шидің арасында сол ұзату тойында қазылған ошақтардың орны бар деген әңгімені де естіген едім бұрынырақта.

* * *

Түсіп Алшынбайұлы – Ділдәнің әкесі, ұлы Абайдың қайын атасы, Айбике-Шаншар елінің болысы, Арғын ішіндегі Қаракесек, Шаншар руының игі жақсыларының бірі, қазақтың үш ұлы биінің бірі Қаздауысты Қазыбектің шөпшегі, әйгілі Алшынбай Тіленшіұлының ұлы. Аузы дуалы Алшекең – Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Тәттімбет күйші, Баймұрын, Шөже, Жанақ, Балта ақындармен бір дәуірде ғұмыр кешіп, Қарқаралы дуанының жиырма төрт болыс еліне билік жүргізген тұлға. Мәди Бәпиұлы да осы Алшекеңнің туған немересі.

Ю.Поповтың жазбасында Алшынбай 1801 жылы туған дейді. Бәйбішеден туған үлкен ұлы Жүсіп (Ю.Попов осылай жазған) 1822 жылғы екен. Тоқалдан туған ұлдары: Қақабай 1835, Бепау 1840, Қосық 1842, Бәпи 1846 жылғы деп жазылған. Шәпидің туған жылы көрсетілмепті. Алшекең 1844-1846 жылдары Қарқаралы округтік приказының (қазақтар дуан дейді) заседателі, 1846-1857 жылдары Айбике-Шаншар болысының басқарушысы болған. 1857 жылдан болыстыққа Түсіп Алшынбайұлы кіріскен.

Ал Қарағанды облыстық архивіндегі деректерде 1824 жылдан Шаншар болысы атанған әкімшілік бөлініс 1828 жылы Айбике-Шаншар және Нұрбике-Шаншар болып екіге бөлінеді.
1848 жылы Айбике-Шаншар Едірей болысы, Нұрбике-Шаншар Қу болысы атанды дейді. Ю.Попов Айбике-Шаншар 1868 жылы Едірей болысы атанды деп жазады. Яғни, деректер әр түрлі.

Айтқандай, Шаншар абыздың Нұрбике бәйбішесінен туған Бертістен Бектемір, одан Мөшеке, Битен, Шитен туады. Мөшекенің ұлы Қазанғаптан Тәттімбет күйші, Битеннің ұлы Тұрпаннан Ұлжан, кәдімгі Абайдың шешесі Ұлжан ана туған. Яки, шертпе күйдің атасы Тәттімбет Қазанғапұлы – Ұлжан анамыздың немере бауыры, Абайдың нағашысы. Осының бәрін таратып жазған белгілі ғалым Зарқын Тайшыбайдың «Абайдың нағашылары мен қайын  жұрты туралы» мақаласын «Abai.kz» порталынан оқуға болады.

Түсіп Алшынбайұлы – Абай әулетімен тек құдандалық арқылы ғана емес, рухани жалғастық арқылы да біте қайнасқан тұлға.
Ол – Ділдәнің әкесі, Абайдың балалары Ақылбай мен Әбдірахманның, Әкімбай мен Мағауияның, Күлбадан мен Райханның нағашы атасы. Қазақ руханиятының алтын арқауына айналған әулеттің арғы жағында тұрған, десе де көлеңкеде қалып қойған есім.

Түсіптен Доскей, Қыдыр, Надыр, Сләмбек, Мүсілім деген ұлдар, Ділдә, Ділан, Күміс есімді қыздар тарайды. Бүгінде сол әулеттің бір бұтағы Сләмбек пен оның ұлы Нұрлыбектің бейіттері де әке зиратымен қатарлас «Үш жалғыз» төбесінде жатыр…

Ділдә Аралтөбедегі Әйгерім басына тұрғызылған төрт құлақты зиратқа жерленген. Әкесі мен Сләмбек бауырының жатқан жерін айттық. Басқа ұяластарының мәңгілік мекені де осы маңда болар, оны ендігіде ешкім тап басып айта алмайды.  

Абайдың бір жұртынан ел құлағына жетер мәлімет болсын деп жазып отырмыз. Осы жерде тағы біраз адамдардың ескі зираттары бар. Ал дәл қасында ауылдың үлкен қоқыс полигоны жатыр. Бұл боқтық қай заманнан бері үйіліп жатқанын құдайым білсін. Заманында елдің беткеұстары болған жандардың соңғы тұрағы осындай күйде жатқаны жанға батады. Осы кісілердің жатқан жерін дұрыстап, маңайынан Үшқараға қарай жайылып бара жатқан көң-қоқысты жоятын құдірет бар ма екен дейсің…

Қаздауысты Қазыбек би бабамыз бен оның әйгілі ұрпақтары туралы тарихи-танымдық әңгіме қозғап, мәселе көтеріп жүрген ағайындар осы жайттан да хабардар болса деп ойладық. Уақыт озып, ұрпақ алмасқан сайын өткеннің ізі көмескі тарта береді. Сол себепті Ділдәнің әкесі Түсіп пен бауыры Сләмбек жатқан қорымдардың жай-күйі назардантыс қалмауы тиіс. Бәлкім, бұл мәселеге ел ішіндегі азаматтар, өлкетанушылар мен зиялы қауым бірлесе назар аударса, мәселе оң шешімін табар ма еді. Бұл – бір әулеттің ғана емес, тұтас ел тарихына деген құрметтің белгісі.

Өзге жұрттар Пушкин ұстаған қаламды, Шекспир кіріп-шыққан ғимаратты, Наполеон басқан топырақты мәңгі әспеттеуге бейіл.
Ал біз ұлы Абайға тікелей қатысты қалам емес, адам туралы айтып отырмыз. Осындай жағдайлар айтылмаса, жазылмаса, ұрпақтар арасындағы сабақтастық жібінің үзілуі де оңай. Ұлттың тарихы әулеттің тарихынан құралады. Немересіне ата-тегін түгендеп бере алмай отырған замандастарымыз бар. Соның бәрі немқұрайдылықтың, енжарлықтың салдары. Өткенге құрметімізді жоғалтпайық. Абайдың өзі айтқандай: Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар, бірақ. Ертең өзің қайдасың, білемісің, Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ!..

Болатбек ӘШІМҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Back to top button