Дихан Қамзабекұлы: «Ақпарат орталық, жекеменшік немесе өңірлік болып бөлінбейді»

Елорда төрінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосты. Өңірдегі БАҚ мәселелеріне арналған жиынның таңертеңгі уақытында 1 панельдік сессия өтті, деп хабарлайды Оrtalyq.kz  Egemen.kz. сайтына сілтеме жасап.

Сурет: egemen.kz

Сессия барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақов, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның директоры Дихан Қамзабекұлы, National Geographic Qazaqstan журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ, «Айқын-Литер» ЖШС-ның директоры Ысқақ Егембердиев,  журналист Ерболат Мұхамеджан өз ойларын ортаға салып, түрлі сұрақтарға жауап берді. 

«Қазақ газеттері» ЖШС-ның директоры Дихан Қамзабекұлы аймақтағы және републикалық деңгейдегі БАҚ арасындағы байланысты нығайту керегін айтты. 

«Бұл жиынның маңызын бәріміз де түсініп отырмыз. Өйткені біздің түсінігімізде ақпарат орталық, жекеменшік немесе өңірлік деп бөлінбейді. Бұл бәрімізге ортақ. Құрып жатқанымыз бір мемлекет. Қалыптастырып жатқанымыз бір қоғам. Сол қоғамның, мемлекеттің мәселесіне сіз бен біз алтын көпірміз. Халық баспасөзді жадынан шығара қойған жоқ. Баспасөзге сенеді. Баспасөзді қадірлейді. Хатқа түскен жазуды шындық деп ойлайтын буын әлі қоғамымыздың негізгі бөлігін құрайды. Осы орайда мемлекетшілдік ойлар, пікірлер, мемлекеттік ақпарат саясаты өңірде қалай көрініп жатыр деген секілді аймақтың барлық мәселесін білеміз деп айта алмаймыз.   Оны бүгінгі форумда сіздердің сөздеріңізден және ойларыңыздан білгіміз келеді. Екінші «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» секілді басқа да жетекші басылымдар мен өңірлік басылымдардың байланысы қандай болуы керек? Бір-бірімізден үйренетін немесе қазіргі маман даярлайтын кезеңде біз қандай ұстанымды алға тартуымыз керек? Сол туралы да бүгінгі басқосуда ақылдасқан жөн. Ақпараттың негізгі үш функциясын білесіздер. Біріншісі – ақпаратты жеткізу қызметі, екіншісі – оқиғаға түсінік беру қызметі, үшіншісі – алынған ақпаратқа қоғамның көзқарасы және зерделеу қызметі. Қоғамның ақпарат саласындағы осы «үш қайнауы» бізді біріктіретін және қоғам алдындағы беделімізді арттыратын қызмет деп ойлаймын. Бүгінде жиі айтылып жүрген журналистің мәртебесі деген дүние осыдан туындайды», деді Дихан Қамзабекұлы.

Сондай-ақ спикер журналистерге деген көзқарастың өзгеріске ұшырағанын да атап өтті.

– «Журналист – тек қана сенсация қуатын адамдар» деген де көзқарастар бар. «Журналист – жалқау. Тек баспаөз хатшыларының жіберген дүниесінен материал жасайды» деген де сөздер айтылады. «Журналист өз көзімен көрмей, біреуден естігенін жазады» деген де көзқарас танытатындар бар. Бірақ бұл да қоғамның сыны. Сынды да дұрыс қабылдауымыз қажет. Себебі әу баста БАҚ-та сын мен бақылау болатын. Газет сынайды. Соған тиісінше атқарушы билік немесе белгілі бір қоғамдық сала құрылымдар одан қорытынды шығарады. Бұл қазір қалай жүріп жатыр. Байқап тұрсақ, сыналмай жатқан адам жоқ. Конструктивті сын да жазылып жатыр. Қазақ баспасөзінде мәдениетті сын қалыптасқан. Бұған реакция қалай болып жатыр? Ол да бір ойландыратын нәрсе. Бүгінгі ақпаратты қанша адам және кімдер оқып жатыр? Газет оқыла ма?  Әсіресе зиялы қауым, атқарушы биліктегі азаматтар таңды газет материалын оқумен бастай ма, жоқ әлде «құрғақ» ақпаратты жеделдетіп өткізе сала ма?  Жоқ әлде аналитикалық материалды, жанын беріп жазған журналистердің мақаласын оқи ма? Міне, қоғаммен арадағы байланыстың алшақтығы, қоғам мен биліктің арасындағы алшақтық, жалпы ақпараттың адамға жетуіндегі алшақтық осындай дүниелерді көрсетеді, – деді «Қазақ газеттері» ЖШС-ның директоры.

Сондай-ақ Дихан Қамзабекұлы басылым материалдарына жасалатын бақылау туралы айтып өтті. Оның айтуынша, ақпарат шынайы және біржақты болмауы керек.