Дидар Төрекелдина: Қоғамның ұстазға деген көзқарасы өзгерді
Қарағандыда ұлт рухын асқақтату жолында ұрпақ үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұстаз бар. Оның баптаған шәкірттері республикалық жарыстарда бәйгенің алдын бермей келеді. Бұл педагог – №61 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Дидар Төрекелдина. Шәкірттері 30 республикалық байқаудан жүлде әкелген. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен кездесіп қайтқан облыстың беткеұстар ұстазы Дидар Қарсыбекқызымен Білім күні қарсаңында сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен сұхбаттан соң қандай әсермен оралдыңыз?
– 22 тамызда Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының арнайы шақыруымен кездесуге барып келдім. Еліміздің бас педагогымен әңгіме барысында білім беру саласының маңызды мәселелері айтылды. Министр Ғани Бектайұлының ұстанған азаматтық бағыты, көзқарасы, ұстазға деген құрметі мол, ұлтқа жанашыр, білімді, мықты педагог-психолог екенін мойындадым. Шыны керек, мектеп оқушылары арасындағы Қасым оқулары осы уақытқа дейін қалалық деңгейден аспады. Кездесу барысында Қарағандыда оқушылар арасында республикалық Қасым оқуларын өткізу бастамасын көтердім. Мұны Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қолдайтынын айтты. Сондай-ақ, министрлік тарапынан Қасым оқуларының қалалық кезеңінің бас жүлдесіне 300 мың теңге жүлде беретінін айтты. І орынға «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы 250 мың, ІІ орынға берілетін жүлдені жергілікті жердің білім басқармасы ұйымдастыратыны айтылды. Ақынның жерлесі Зульфия Қасымжанова – 150 мың, өз тарапымнан 150 мың және ақын, ұстаз Қайрат Иманбек ынталандыру сыйлығын тігеді. Жан-жақтан ақындар арнайы өздері келмекші. Менің ойымша, қазақтың дауылпаз ақынын дәріптейтін Қасым оқулары жоғары деңгейде өтуі тиіс.
– Өзіңіз баптаған шәкірттер республикалық жарыстарда бәйгенің алдын бермей келеді. Қазіргі уақытта телефонға телмірткен заман балаларын кітапқа баули білуіңіздің өзі үлкен өнер. Мұның сыры неде? Ерекше педагогикалық әдіс-тәсіл қолданасыз ба?
– Бәйгені бермейтін жүйріктерді тәрбиелеу, оларды жетістікке жеткізу қажырлы еңбекті талап ететіні белгілі. Талант кез келген балада бар, бірақ ол – бір пайыз, 99 пайызы – еңбек. Мен өзім сабақ беретін мектепте мектепішілік Абай, Мұқағали, Мағжан, Қасым оқуларын өткіземін. Балаларды бір-бірімен жарыстырып, оларға ынталандыру сыйлықтарын да өз тарапымнан беремін. Оқушылардың осыдан соң кітапқа, өлеңге деген қызығушылығы оянады. Әрбір тоқсан сайын олар ақын-жазушылардың поэзиялық кешін өткізеді. Солардың арасынан талантты балалар көзге түседі. Мен қолданатын методика да қарапайым. Бала тақтаға шыққан кезде сахнаға шыққандай сезінуді үйретемін. Осыдан соң оқушы өзін шыңдап, көпшілік алдында сөйлеуді, өзін еркін ұстау, өз ойын айтуды, жаттайтын өлеңінің мазмұнын бойына сіңіруді, жүректен-жүрекке жететіндей етіп айтуды үйренеді.
– Ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас қандай болуы керек?
– Ұстаз бен оқушының арасында сыйластық болуы керек. Екіншісі – сенім. Тіпті, бір-біріне айтар сыры да болуы қажет. Яғни, жасы кіші демей, сыйласа да, сырласа білуі маңызды. Жарысқа дайындап жүрген баланың ата-анасымен жұмыс жасай білудің де салмағы басымырақ. Ата-ана баланы үнемі қолдауы керек. Ата-ана қолдаса, ұстаз бен оқушы арасында жақсы қарым-қатынас орнайды деп ойлаймын. Балаға ылғи да өмірлік тәжірибемді айтамын. Өзіме жақын тартамын. Мектеп бітіріп кеткен түлектерім, оқушыларым өзімді екінші анасы сияқты көреді. Олармен байланысым еш үзілген емес.
Жарысқа дайындайтын оқушыларым өз үйімде қона жатып дайындалады. Тіпті, олар үйдің бір мүшесі сияқтанып кетеді. Ұлылардың мекеніне аяқ басып, байқауларға қатысып, жеңімпаз болған балаларға өз қалтамнан ақшалай сый беремін. Оқушыларыма біліммен де табыс табуға болатынын осы кезден бастап үйретіп келемін. Мен тәрбиелеген шәкірттер жаны жайсаң, жүрегі таза болғанын, арасынан қоғамға қызмет ететін тұлғалар шыққанын қалаймын. Осыдан соң, ұстаздың қызметі – ұрпақпен мәңгі бірге жасайтын игі іс екені айқындалады.
– «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғалы бері мемлекеттің ұстаздарға деген игілігін көрдіңіз бе?
– Аталған заң қабылданғалы бері игі істер көптеп жасалды. Мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтты. Қоғамдық жұмыстарға тартудан босатылды. Айлық еңбекақылары өсті. Қоғамның ұстазға деген көзқарасы өзгерді, ұстаз беделі айқындалды. Әрбір мұғалім мемлекеттің қамқорлығын, игілігін көруі тиіс. Себебі, педагогтің ел үшін қызметі орасан.
– Артыңыздан ерген жас педагогтерге тәжірибесі көп маман ретінде берер кеңесіңіз.
– Тапжылмай еңбек етудің арқасында көп жетістікке жетуге болады. Ең бастысы, таңдаған мамандығыңды сүю керек. Кез келген мұғалімнің жетістігі – шәкіртінің жетістігімен бағалы. Сондықтан, балаларға жылы көзқараспен, жылы жүрекпен қарайтын болсаң, қоғамның бір кірпіші болып қалануына әсер етсең, соның өзі – зор мәртебе.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»