Бас тақырып

Диқанға дрон көмектеседі

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев биылғы жылды Цифр­ланды­ру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Жа­қында ғана «Turkistan» газетіне бер­ген сұхба­тында да Жасанды интеллектіні қо­ғамның әр саласына кеңінен енгізудің айрықша маңызына тоқталды. Осы бағыттан келгенде аймақтағы агроғылымның жаңалығы бар. Ен­ді, диқандардың қолы ұзарды. Қарағандының егістік алқаптарында дрондар ұшатын болады. Шаруа иелері пәленбай гектар жердің топырақ құнарын құстай ұшатын құ­рылғы арқылы анықтай алады.

Сурет компанияның сайтынан алынды

«Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан, мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жария­ладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табыс­ты боларына сенемін», – деді Президент сұхбатында.
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары мен түлектері негізін қалаған AgroSky стартапы ауыл шаруашылығына жаңа көзқарас әкелді. Егістік жайын дрондар бақылап, ал шешімді жасанды интеллект ұсынады. Осылайша, аймақтың агромамандарына айтулы жаңалық қуаныш сыйлағалы отыр.

Ғалымдар спутниктік түсірілімдерді агросалаға бейімдеу арқылы алқаптағы мәселелерді көрсететін әдіс ойлап тапқан. Мысалы, 1 мың гектарды диқан көзбен көріп шыға алмайды. Ал, ғалымдардың жасанды интеллектіге негіздеген бұл әдісі оның әрбір бұрышын анық көрсетіп береді. Мультиспектрлі дронды дәлдік үшін пайдаланады.

AgroSky-дың басты артықшылығы – болжамға емес, нақты дерекке сүйенуі. Арнайы озық технологиямен жабдықталған дрондар егістік алқаптарын әуеден жүйелі түрде шолып, көзге көрінбейтін топырақтағы және басқа да өзгеріс­терді қалт жібермейді. Мультиспектрлі бейнелер арқылы топырақтың құнары, өсімдіктің дамуы, ылғал мен қоректік элементтердің таралуы толық картаға түседі. Ал бұл мәліметтер онлайн платформада жасанды интеллект арқылы өңделіп, фермерлерге дайын шешім ретінде ұсынылады.
Яғни жүйе қай жерге су жетпей жатқанын, қай алқапқа тыңайтқыш артық берілгенін, қай аумақта егіннің солып тұрғанына дейін дәл көрсетіп береді. Соның арқасында су, тыңайтқыш пен жанармай босқа жұмсалмайды. Жобаның дерегінше, AgroSky технологиясы шығынды 30 пайызға дейін қысқартып, өнімділікті 10-15 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – бүгінгі құбылмалы климат кезеңінде фермер үшін ауадай қажет дүние.

Жобаның тиімділігі нақты тәжірибеде де дәлелденді. Биыл жазда Қарағанды өңіріндегі Жартас ауылының маңында алғашқы ғылыми-тәжірибелік әуебақылау жүргізілді. Дрондар жинаған деректер егістіктің жай-күйін толық ашып көрсетті.

– Біз мультиспектрлі деректер негізінде егістік алқаптарының егжей-тег­жейлі картасын жасадық. Ол фосфор, азот, калий мен көміртектің шоғырланған аймақтарын, сондай-ақ, агрономиялық стресс белгілері байқалған учаскелерді анықтауға мүмкіндік берді. Бұл – жүйені жетілдіру мен алгоритмдерді нақтылау үшін аса маңызды ғылыми база, – дейді жобаның ғылыми жетекшісі Дмитрий Ожигин.

AgroSky-дың әлеуетін тек жергілікті фермерлер ғана емес, халықаралық сарапшылар да жоғары бағалап отыр.

2025 жылы стартап GCIP 2025 (Global Cleantech Innovation Programme) бағдарламасына қатысып, қатаң іріктеуден өтті. Шамамен 250 жобаның ішінен таңдап алынған 50 үздік команданың қатарынан көріну қарағандылық жобаның маңыздылығын айғақтайды.

– Акселерациялық бағдарлама бізге тек білім ғана емес, нақты бағыт берді. Идеяны өнімге айналдыруға, дамудың айқын стратегиясын жасауға көмектесті, – дейді команда жетекшісі.

Бүгінде AgroSky жай ғана технология­лық жаңалық емес, қазақстандық агросектордың болашағына жасалған инвес­тиция. Дрон мен жасанды интеллектіні дала тіршілігіне икемдеген жас ғалымдар мен инженерлер диқан еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, ауыл шаруашылығын тиімді, үнемді әрі тұрақты салаға айналдыруға жол ашып отыр.

– Біз – AgroSky командасымыз. Дрондар арқылы алынған суреттерді пайдалы карталар мен нақты кеңестерге айналдырамыз. Бұл карталар фермерге қай жерге тыңайтқышты көбірек немесе азырақ беру керегін, егіннің қалай өсіп жатқанын және болашақ өнім көлемін алдын ала білуге көмектеседі. Біздің мақсатымыз – әр гектар жердің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасау, шығынды азайтып, табысты көбейту. Өзіміз жасаған технологияның, далалық сынақтардың және агробағдарламалармен байланыстың арқасында нәтиже тез дайын болады. Дрон ұшқаннан кейін фермер жеке кабинетіне кіріп, дайын карталар мен ұсыныстарды бірден көре алады, – дейді агроном-эксперт Артур Аббазов.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы айқындаған цифрландыру мен жасанды интеллект бағыты Қарағанды өңірінде нақты нәтижеге айналып отыр. AgroSky стартапы – ғылым, технология және ауыл еңбегінің тоғысқан тұсы. Дрон мен жасанды интеллектіні егістікке бейімдеген бұл жоба диқандардың көзін ашып, қолын ұзартты. Мыңдаған гектар алқапты бір сәтте талдап, нақты дерекке сүйенген шешім ұсыну – агросаладағы бұрын-соңды болмаған серпіліс.

AgroSky тәжірибесі көрсеткендей, жасанды интеллект – шығынды азайтып, өнімділікті арттырып қана қоймай, құбылмалы климат жағдайында фермердің сенімді серігіне айналып отыр. Қарағандылық жас ғалымдардың бұл бастамасы еліміздің агроөнеркәсіп кешенін тиімді, үнемді әрі тұрақты дамытуға жол ашады. Демек, цифрлы далаға бет алған Қазақстан үшін AgroSky секілді жобалар – стратегиялық маңызы зор қадам.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button