АймақҚарағанды

Абай ауданындағы кәсіпорын жылына 2100 тоннаға дейін шикізат өңдеуге қауқарлы

Бұл күні мемлекет жаңа векторға бет бұрды. Яғни, шикізаттың шылауынан шығып, өңдеу өнеркәсібін өрістетуге күш салуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа Жолдауында экономиканы әртараптандырудың басты тетігі инвестицияны өңдеу саласына бұру екенін нақты атап көрсетті. Өйткені, жаһандық нарықтағы шынайы табыс қосылған құны жоғары өнім өндіруден келмек. Ендігі міндет – осы бағытты нақты іспен бекіту…

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Өркениетке – өңдеу өнеркәсібімен

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық реформалар аясында инвестициялық саясаттың жаңа бағытын нақты атап өтті. Мемлекет басшысы елге инвестиция тарту ісінде батыл қадамдар қажет екенін де айтты. Қазір жаһандық деңгейде қаржы үшін бәсеке күшейіп отырған шақта, Қазақстан да атаулы алаңда өз орнын нықтауы тиіс. Алайда, Мемлекет басшысы қазіргі инвестиция тарту жүйесіне көңілі толмайтынын ашық білдірді. Себебі, негізгі капиталдың басым бөлігі бұрынғыдай шикізат секторына бағытталып отыр. Басты басымдық өңдеу өнеркәсібіне берілуі тиіс екенін ескертті. Ел басшысының айтуынша, инвестиция тек табиғи байлыққа емес, жаңа технологиялар мен өндірісті жаңғыртуға бағытталуы керек. Сонымен қатар, мемлекет басшысы жеке бизнес бастамалары мен мемлекеттің инвестициялық жобалары бірдей деңгейде қолдауға ие болуы қажет екенін қадап айтты.

– Бірақ, қазір алдымызда тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан, Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек. Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ, мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет, – деді Президент.

Зер салсақ, жыл басынан бері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі 8,7 пайыз өсім көрсетіп, экономиканың басты қозғаушы күшіне айналды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі тұрақты оң қарқын сақтап отыр. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы үш айында машина жасау – 17,7%-ға, тамақ өндірісі – 13,2%-ға, металл бұйымдары өндірісі – 28,7%-ға артқан. Ал, тау-кен өнеркәсібіндегі өсім де айтарлықтай – 6,1%.

…Уыста тұрмас уақыт талабы өзгерді. Енді ел дамуы тек табиғи байлықтың табысымен емес, өңделген өнімнің өрісімен өлшенбек. Қарапайым шикізатты кешенді өндіріс пен жоғары технологияға айналдыру республиканың жаңа экономикалық болмысына айналмақ. Өндірістік өңір үлгілі үдерістің алдыңғы шебінде. Жаңа комбинаттар, қайта өңдеу желілері, экспортқа бағытталған өнімдер – мұның бәрі өңдеу өнеркәсібінің өркендеу дәуірінің басталғанын айғақтайды. Түптеп келгенде, инвестиция – экономикаға салынған сенім. Сол селкеусіз сенімді шикізат емес, шынайы өніммен ақтайтын кезең келді. Өйткені, өркениетті ел – өндіретін ел. Ал, өндірісі қуатты ел – тәуелсіздігі баянды ел.

Логистика мен әлеует

Қарағанды өңірі – еліміздің индустриялық тіректерінің бірі. Статистика – соның бұлтартпас дәлелі. Аймақтың жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіптің үлесі – 46,8%. Бұл – облыс экономикасының жартысына жуығы тікелей өндіріс саласына тиесілі деген сөз. Соның ішінде, өңдеу өнеркәсібі – 34,5% үлеспен көш бастап тұр. Ал, тау-кен өндіру секторы – 9,1%, электрмен жабдықтау, газ және бу беру – 2,5%, сумен жабдықтау мен кәріз жүйесі – 0,7% үлеске ие. Облыстың индустриялық бейнесін 100-ден астам кәсіпорын айқындап тұр. Бұлардың қатарында кен өндіруші алпауыттар да, жоғары технологиялы өңдеуші кәсіпорындар да бар. Мұндай алуан түрлі өндіріс құрылымы – экономиканың тұрақты дамуының іргетасы.
Импортты алмастыру, индустриялық-инновациялық бағдарламалар, салықтық жеңілдіктер мен мемлекеттік преференциялар – мұның бәрі өңдеу өнеркәсібін өрге сүйреген нақты теңгерімді тетіктер. Жекелеген салаларды қалпына келтіріп қана қоймай, жаңа өндірістердің негізі қаланды. Қабылданған шаралардың арқасында өңірде өнім көлемі тұрақты өсіп келеді. Экономиканың нақты секторындағы соны серпіліс – жұмыс орындары, жаңа технологиялар, экспорттық әлеует және, ең бастысы, халықтың өмір сүру сапасының артуы деген сөз.

Байыптай бақсақ, келешек – нақты қадамда екен. Қарағандының өндірістік өрісі жылдан жылға кеңейіп келеді. Индустрия мен инфрақұрылым қатар дамыған өңірдің әлеуеті – елдің болашағына салынған инвестиция. Өңдеу өнеркәсібінің өркендеуі – тек экономикалық көрсеткіш емес, жаңа заманға лайықты қадам, отандық өнімнің сапасына сенім және жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттіліктің кепілі. Мемлекет қолдауы, кәсіпкер жігері, халықтың еңбегі тоғысқанда ғана өңір дамуы баянды болмақ. Қарағанды осы үрдісті дәлелдеп келеді. Ендігі меже – осы қарқынды жоғалтпай, өндірісте де, өмірде де жаңа белестерге жету. Себебі, ел күші – еңбек еткен жерде.

Инфографиканы жасаған Айбек Рахымжан

Ұлттық өнім – жаһандық нарыққа

Арқа атырабындағы Абай ауданында ауыл шаруашылығы мен қайта өңдеу саласын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Жылына 2100 тоннаға дейін шикізат өңдеуге қауқарлы, заманауи ет комбинатының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоталы жоба ауылдық аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысын жаңғыртатын бастама. Комбинаттың құрылысын «Alisha Group» компаниясы қолға алып отыр. Жоба аясында ет сою, өңдеу және консервілеу цехтары толықтай қамтылады. Жуық арада негізгі жабдықтар жеткізіліп, іске қосу жұмыстары басталмақ. Алғашқы кезеңде 20 тұрақты жұмыс орны ашылады. Болашақта өндіріс ауқымы ұлғайып, жұмысшылар штаты да кеңеймек. Жоба бастамашысы Рустам Қалиевтің айтуынша, кәсіпорын күніне 300 бас ұсақ мал мен 50 бас ірі қара етін өңдеуге дайын.

– Біздің өнімдеріміз – салқындатылған және мұздатылған ет, консервіленген ет тағамдары, вакуумдық және термоқаптамадағы тағам түрлері. Сонымен қатар, тұтынушылар үшін даяр ет өнімдерін ұсынудың жаңа форматтарын енгізуді жоспарлап отырмыз. Барлық өндірістік процесс халал стандарттарға, сондай-ақ, халықаралық тағам қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес жүргізіледі, – дейді кәсіпкер.

Комбинат Қазақстанмен қатар, өнімдерін Парсы шығанағы елдеріне, Қытай, Түркия және Еуропа нарығына экспорттауды көздеп отыр. Шикізат жергілікті фермерлерден сатып алынбақ. Кәсіпорын болашақта мал бордақылау мен өсіруді де өз қарамағына алмақ. Комбинаттың Абай ауданында салынуы кездейсоқ емес. Аймақ логистикалық тұрғыдан тиімді әрі ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары өңірлердің қатарында. Жоба өңір экономикасына серпін беріп қана қоймай, ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзі болмақ. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та ет комбинатының құрылысымен танысты.

– Мұндай кәсіпорындар жұмыс орындарын ашып қана қоймай, сол жерде қосымша құнды қамтамасыз етіп, ауыл экономикасын нығайтып, өңірді инвесторлар үшін тартымды етеді. Қарағанды облысы аграрлық өңдеу саласын дамыту үшін барлық ресурстарға ие, – деп атап өтті өңір басшысы.

Иә, Абай ауданындағы ет өңдеу комбинаты – ауыл тіршілігін түлетіп, өңір экономикасына жаңа дем беретін стратегиялық игілікті бастама. Алғашқы іргетасы қаланып жатқанымен, жобаның келешегі кең. Ендігі күндерде алыс ауылдан шыққан мал еті шекара асып, әлемдік тұтынушылардың дастарқанына жол тартпақ. Бүгін іргетасы қаланған кешен – ертеңгі индустрияландырылған ауылдың бет-бейнесі.

Шағын бизнес, үлкен мүмкіндік

Қарағанды облысының жүрегі саналатын Бұқар жырау ауданы – енді тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, өнеркәсіп саласындағы қарқынды дамумен де алдыңғы қатарға шықты. Аудан биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өндіріс көлемін 70 пайызға жуық арттырып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Серпін кездейсоқ емес. «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың белсенділігі артып, жаңа жобалар іске қосыла бастады. Бүгінгі таңда мұнда бұрыннан бар өндіріс ошақтарына қосымша бес жаңа жоба жүзеге асырылып жатыр. Аудан аумағында жаңа өндіріс орындары бой көтеріп, бұрыннан жұмыс істеп тұрған зауыттар толық жаңғыртудан өтіп жатыр. Бұл – инвестицияның нақты нәтижесі. Жыл басынан бері ауданға 25 миллиард теңгеден астам қаражат тартылған, оның 90 пайызы – жекеменшік инвестиция.

Жаңадан ашылған кәсіпорындар жұмыс орындарын көбейтіп, ауданның салық базасын ұлғайтуда. Бұқар жырау ауданы бүгінде өндіріс пен технологияны ауылмен ұштастырып отырған ерекше аймаққа айналып келеді. Бұрынғы шойын үнінен бөлек, бүгінгі өндіріс жоғары технология, автоматтандыру және экспорттық әлеуетпен өлшеніп отыр.

– Қазіргі таңда ауданда 3 500-ден астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Қызмет көрсету, өнеркәсіп, агросектор, тіпті, IT-технология салалары қарқынды дамып келеді. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың нәтижесі. Мысалы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл 30 жеңілдетілген несие берілді. Тағы алты жоба кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы аясында қаржыландырылды, – дейді Бұқар жырау ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Любовь Лузикова.

Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелері өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр. Аудандағы өндірістің негізгі тірегі – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы. Мұнда өңдеуші өнеркәсіптің әртүрлі бағыты бойынша ірі жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Солардың бірі – 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан резеңке және металлрезеңке футеровка шығаратын зауыт. Кәнігі кәсіпорын тау-кен өндірісі үшін маңызды өнімдерді өндіреді. Айта кету керек, зауыттың өніміне еліміздің өз ішінде де, шетел нарығында да жоғары сұраныс бар. Кәсіпорын заманауи құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Атап айтқанда, мұнда Қазақстанда баламасы жоқ, автоматтандырылған жапондық токарлық станок орнатылған. Қазіргі таңда зауыт өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім түрлерін көбейтіп отыр.

– Қазір кеңею үстіндеміз. Болт шығаратын жаңа цехтың құрылысын бастадық. Қолданыстағы механикалық цех жұмыс істеп тұр. Құю зауытының іргетасын салу жұмыстары басталып кетті. Жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асырамыз, толық іске қосу 2027 жылға жоспарланған. Онда болат футеровка мен шарлар өндірілетін болады. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары ашылады, – дейді «Polymet Solutions Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Қуандық Қазанғапов.

Міне, «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы қарқынды даму үстінде. АЭА аумағында бір мезетте бірнеше өндірістік нысанның құрылысы қызу жүріп жатыр. Олардың қатарында жарылғыш және пиротехникалық заттар, алюминий радиаторлары, теміржол техникасына арналған қосалқы бөлшектер мен сэндвич-панельдер шығаратын заманауи зауыттар бар. Жобалар қатары іске қосылған соң өңір үшін аса маңызды – 1 500-ден астам адамға тұрақты жұмыс орны ашылады. Аймақтағы ірі жобалардың бірі – елімізде баламасы жоқ жаңа өндірістік зертхананың құрылысы. Зертхана пайдалы қазбалар құрамын терең зерттеп, сараптама жасайтын жоғары технологиялық базаға айналмақ. Жалпы, «Сарыарқа» АЭА бүгінде тек инвестициялық тартымдылықтың емес, сонымен қатар, өндірістік серпілістің жаңа орталығына айналып келеді.

Темірқазық

Қош делік, Мемлекет басшысы жүктеген міндет – өңдеу өнеркәсібін өркендетіп, тікелей инвестиция тартуды жүйелі жолға қою – бүгінгі күні нақты іске айналып келеді. Бұл бағытта қасиетті Қарағанды өлкесі көштің алдына түсті. Қайсар мінезді кеншілердің, темірдей тәртіппен жұмыс істейтін өндіріс майталмандарының ерен еңбегімен арқасүйер аймақ ел индустриясының жүрегіне айналуда. Жоғарыда тілге тиек еткен кәсіпорындар – облыстың өндірістік қуатының тек оннан бірі ғана. Алайда, теңіздің дәмі тамшысынан білінеді. Мақсатымыз – өңірде тасы өрге домалап тұрған даму үдерісін егжей-тегжейлі баяндау емес, жаңғырып келе жатқан Қарағандының әлеуетіне үміт пен сенім ұялату, оқырманға серпінді болашақтың лебін сезіндіру. Себебі, кенішті де өрісті Қарағандының бүгінгі қарқыны – ертеңгі экономикалық өрлеудің бастамасы ғана.

Алдағы меже – бұдан да ауқымды, бұдан да биік. Жаңа өндірістер, цифрлы технологиялар, жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған зертханалар, экспортқа бағытталған өнімдер – мұның бәрі Қарағандыны тек Қазақстанның ғана емес, мұқым Орталық Азияның индустриялық тірегіне айналдыруға жетелейді. Қазірдің өзінде өркенді өлке – инвесторлар үшін сенімді аймақ, жұмыс іздегендер үшін табыстың мекені, ал, мемлекеттің өзі үшін – ұлттық өндіріс қуатының басты артериясы. Иә, Қарағанды үнсіз емес. Қарағанды дамып жатыр. Облыс тыңнан түрен салуда. Қарышты Қарағанды алға ұмтылып келеді. Ал, ұдайы ұмтылыс, шын мәнінде, біртұтас елдің өркендеуге бет алған бағытымен үндес!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button