Медицина

Дерт жұқпасын десеңіз…

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда қызылша жұқтырған 99 дерек зертханада расталды. Оның 88-і – балалар. Осының үшеуі Қарағанды облысында тіркелді. Мұндай мәліметті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Басшының айтуынша, қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуал Қазақстанда ғана емес, әлем бойынша күрделі. Пандемия кезінде қызылшаға қарсы вакцинация көлемінің азаюы себебінен бүгінгі күнгі жұқпалы дерт қауіп төндіріп тұр.

– Болжам бойынша Қарағанды облысында қызылшамен ауырған үш адам анықталды. Үшеуі де 14 жасқа дейінгі балалар. Барлығы да ауруды шет елде жұқтырғаны әрі олардың екпе алмағаны белгілі болды. Қызылша ошағында барлық профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілді. Науқастармен байланыста болған 11 адам егілді, – деді Ю.Залыгин.

Қызылшаның нақты емі жоқ. Уақытылы вакцинация ғана қызылшаның алдын алатын жалғыз әрі сенімді жол. Ұлттық күнтізбеге сәйкес вакцинация бір және алты жастағы балаларға жүргізіледі.

– Науқаспен байланыста болған, бұрын вакцина алмаған 30 жасқа дейінгі адамдар ауру анықталған сәттен бастап алғашқы 72 сағат ішінде шұғыл вакцина алуы тиіс. Республика бойынша қызылшамен ауырғандардың 70 пайызын екпе алмаған 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Сондықтан, ата-­аналарға балалары қызылшаға қарсы вакцина алмаған жағдайда тіркелген орны бойынша медициналық ұйымда екпе алуды ұсынамыз. Облыста 1 наурыздан бастап қызылшаға қарсы иммундау жүріп жатыр. Пандемия кезінде әртүрлі себептермен жоспарлы екпе алмаған 3 287 адамның 900-ден астамы егілді, – дейді департамент басшысы.

Департамент қызылшаның алдын алу және инфекцияны әкелмеу үшін жақын және алыс шетелдерге, олимпиадаларға, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларға барардан бұрын вакцина алмаған адамдарға екпе алуды ұсынады. Вакцинация және аурудың алдын алу шаралары аурудың ағымын жеңілдетіп оның ауыр түрінен қорғайды.

Қызылша бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, облыс халқы арасында сырқаттанушылықтың таралуына жол бермеу мақсатында 28 наурызда облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің арнайы қаулысы шығарылды. Бүгінде департамент 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері, қызылшаға қарсы жоспарлы екпелерді өткізіп алған балалар арасында, сондай-ақ, екпеден бас тартқандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Брифинг барысында Юрий Залыгин паразиттік аурулардың да белең алғанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары облыста жыл сайын паразиттік аурулардың 1000-нан астам жаңа жағдайы анықталды.

– Паразиттік ауруларды құрттар, дөңгелек құрттар, шошқа және бұқа таспа құрттары, описторхтар, эхинококктар тудырады. Гельминттер әсіресе, балалардың денсаулығына әртүрлі патологиялық әсер етеді. Паразиттер аллергия тудырады, иммунитетті тежейді, соматикалық аурулардың дамуына ықпал етеді және емдеу мерзімін ұзартады, балалардың психикалық және физикалық дамуын тежейді, – деді ол.

Мәселен, 2022 жылы облыста паразиттік аурулардың 1162 жағдайы тіркелді, алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39%ға артық. Науқастардың арасында 14 жасқа дейінгі балалар басым, олардың үлес салмағы – 55%.

– Біздің аймақ үшін ең көп таралған паразиттік аурулар – аскаридоз, эхинококкоз. Ауру аскарида жұмыртқасымен ластанған жидектер, көкөністер, жемістер, су және кез келген тұрмыстық заттар арқылы беріледі. Облыс тұрғындарының аскаридоз жұқтыру қаупінің жоғары болуын сыртқы ортаны санитарлық-паразитологиялық зерттеу нәтижелері растады. Сынамаларының биылғы нәтижесі бойынша топырақта кездесуі 10,8%, көкөніс/жемісте – 12%, – дейді Юрий Леонидович.

Ал, эхинококкозбен ауырғандар 32% өскен. Эхинококкоз – ауыр паразиттік ауру, бауырда, өкпеде және басқа органдарда паразиттердің личинкалары бар кисталар пайда болады. Эхинококкоз барлық жерде кездеседі. Инфекция көзі – иттер мен жабайы жануарлар. Ауру адамнан адамға берілмейді. Науқастар арасында бауыр эхинококкозы диагнозы – 91,7%, ал өкпе эхинококкозы – 8,3% кездеседі. Барлық науқасқа стационар жағдайында ота жасалған.

Брифингте қаңғыбас иттерді аулау және оларды дегельминтизациялау бойынша шаралардың мардымсыздығы қауіпті дерттің таралуының басты факторы екені айтылды.

– Үйде ит ұстау ережелерін сақтамау нәтижесінде тұрғындардың эхинококкоз, токсокароз қоздырғыштарын жұқтыру қаупі жоғары. Өйткені иттерді серуендету үшін орындар арнайы белгіленбеген. Ол үшін тұрғындар балалар алаңдарын, мектеп жанындағы алаңдарды пайдаланатыны жасырын емес.

– Ондай аумақтарда гельминт жұмыртқалары анықталған кезде құмсалғыштардағы құмды ауыстыру, оларды қақпақтармен жабу, топырақты дезинфекциялау ұсынылады. Сыртқы ортаның паразитологиялық қауіптілігі жоғары болғандықтан және қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес іс-шараларды үнемі өткізуді талап етеді. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдар мен балалар үйлеріндегі ойын алаңдарында құмды уақытылы толықтай ауыстырып отыру керек.

Паразитологиялық, микробиологиялық, санитарлық-химиялық және радиологиялық көрсеткіштер бойынша жаңадан әкелінетін құм нормативтерге сәйкес келуі тиіс, – деді Юрий Залыгин.

Жансая ОМАРБЕК,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button