Дерек пен дәйек
Қарағанды облысынан майданға 45 мыңға жуық адам аттанды. Олардың 18 мыңы оралмады.
Мәскеу түбіндегі шайқаста – 1267 адам, Ленинград үшін шайқаста – 1949, Сталинград түбінде – 2187, Курск иінінде – 1405, Украинаны азат етуде – 6869, Белоруссияда – 688, Балтық бойында – 823, Шығыс Еуропа халықтарын азат етуде – 934, Берлинді алуда –375, жапон милитаристеріне қарсы соғыста – 39 қарағандылық көз жұмды.
1941 жылы әскери комиссариятқа майданға жіберуді сұраған 25 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың ішінде 10 мың өтініш қыздардың атынан келген.
Орталық Қазақстанда Қызыл Тулы 72-гвардиялық Красноград атқыштар дивизиясы, 387-Перекоп атқыштар дивизиясы және Ленин орденді 310-Новгород Қызыл Тулы атқыштар дивизиясы жасақталды.
Соғыстың алғашқы 5 айында Қарағанды қаласы бойынша 1904955 сом қаржы жиналды және майдан үшін жылы киім жинауға зор ынтамен қатынасты. Екі жарым жыл ішінде 37 мың шолақ тон, күрте, бөкебайлар, 24 мың пима, 10543 дана іш киім мен 100 мыңға жуық құлақшын, биялай, шұлық даярланды.
Ленинград майданы мен Нева бойындағы қаланың жауынгерлері үшін азық-түлік жинау айлығы кезінде (1942 жылғы ма- мыр-маусым) 20 вагон азық-түлік жөнелтілді. 1944 жылы тағыда 10 вагон азық-түлік пен сыйлық жіберілді. 1942-1943 жылдары аралығында майданға сыйлық тиелген 94 вагон жөнелтілді.
Майданға аттанған қарағандылықтардың 34-і Кеңестер Одағының батыры атағын алды. Сондай-ақ, жеті адам Данқ орденінің толық иегері болды, олардың ішінде М.Сүлейменов, И.Қарабанов, Н.Покатиловтер 1945 жылы 24 маусымда Мәскеудегі Қызыл алаңдағы Жеңіс парадына қатысты. Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктері үшін 6600-ден астам адам Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталды.
Соғыс жылдары Қарағанды көмір бассейнінде 34 млн. тонна көмір шығарылды.
Облыстық кітапхана деректері бойынша әзірленді.