Дерегі мен қабірі табылды
Бұқар жырау ауданындағы аядай Үлгі аулынан Ұлы Отан соғысына қырыққа тарта азамат аттанып,біразы қан майданнан елге аман оралса,кейбірі өлі-тірісі белгісіз хабарсыз кеткен.
Солардың бірі 1915 жылы осында туып,соғыс басталғанда Атбасар жағында мектеп директоры болып істеп жүргенінде әскерге алынып,із -түзсіз жоғалған Қуанышбай Үмітбайұлы Әділшин болатын.Ол тіпті үйленіп,отбасын да құрмаған екен.
Бірақ оның артында қалған ұрпағы болмаса да,бірге туған інісі Оразбек пен қарындасы Күлшай,немере інісі Дүйсенбай марқұмдар оның дерегін табаны таусыла іздеп,сұрау салмаған жерлері жоқ еді.
Міне,енді өшкен жанып,өлген тіріліп,осы Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Оразбек ағамыздың Ботақара кентінде тұратын қызы Күләштің атына Астана қаласындағы республикалық “Атамның аманаты” қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Молдағалиев қол қойған хат келген.Онда қатардағы жауынгер Қуанышбай Әділшыновтің 1944 жылдың 29 маусымында Румынияны азат ету кезінде ерлікпен қаза тауып,сол елдің Яссы уезі Пробота селосының православ шіркеуі аумағындағы бауырластар зиратына жерленгені хабарланыпты.
Осы қуанышты хабарды алған інісі Оразбектің ұрпақтары осы жазда енді сол Қуанышбай аталарының Румынияда жатқан жеріне елден топырақ ала барып,оның қабірінің топырағын туған жердегі ата-бабаларының қорымына қосып,аруағына арнап ас беріп,дұға оқыту ниетінде.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Қуанышбай Әділшиновтің суреті мен хаттың көшірмесі Күләш Оразбекқызынан алынды.