Бас тақырып

Депутаттар дем берсе, іс оңалар

Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар тобы Қарағанды облысына келді. Ол әлеуметтік нысандар мен кәсіп­орындардың жұмысымен танысып, өңір тұрғындарымен кездесті. Нысандарды аралау жұмысына Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та қатысты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Мәжіліс Төрағасы «Qarmet» акционерлік қоғамы Көмір департаментіндегі жаңа диспетчерлік-сараптамалық орталықтың жұмыс барысымен танысты. Мұнда атқарылатын келелі міндеттер турасында компания құрылтайшысы Андрей Лаврентьев пен бас директор Вадим Басин кеңінен баян етті. Аталған нысан өндірістік қауіпсіздікті жан-жақты бақылауға арналған. Мәселен, оттегі деңгейі мен метан концентрациясын өлшеу жұмыстары да жүргізіледі. Кәнігі мамандар шахталардың өндірістік жағдайын тәулік бойы бақылай отырып, кез келген қызметкермен қажетті уақытта байланысқа тікелей шыға алады.

– Иә, «Qarmet»-тің қазақстандық компанияның меншігіне қайтарылғаны тек Қарағанды үшін ғана емес, біртұтас ел үшін маңызы жоғары оқиға болғаны аян. Бұл – Мемлекет басшысының маңызды саяси шешімі. Жаңадан келген инвестор өндіріс өрісін кешенді түрде жаңғыртуға міндеттеме алған. Яғни, алдағы бес жыл ішінде комбинат «Металлургия көшбасшысы» мәртебесі мінберінде болғаны шарт. Ал, осы ретте еңбек пен өнеркәсіптік қауіпсіздікті жоғары деңгейге көтерудің мәні зор. Ең бастысы – жұмысшыларымыздың өмірі мен денсаулығы. Апат пен жазатайым оқиға деген болмауы керек, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

«AMANAT» партиясының Төрағасы кәсіподақ мүшелерімен кездесу барысында жұмысшылар мен шахтерлерге мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдауды күшейту мәселелерін кеңінен талқылады. Парламент депутаттарының, «AMANAT» партиясының және Үкіметтің бірлескен күш-жігерімен Еңбек гигиенасы мен кәсіби аурулар ғылыми институты қайта құрылып, жұмысшыға жазатайым оқиғалар кезінде кінәлі болуына қарамастан толық сақтандыру төлемін қамтамасыз ететін жаңа заңдар қабылданғандығы сөз болды. Сондай-ақ, маңызды жүздесу аясында зиянды өндіріс саласындағы жұмысшыға 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем алу мүмкіндігін беретін жаңа Заңға ерекше назар аударылды. Кәсіподақ ұйымының Төрағасы Евгений Буслаев жаңа мүмкіндікті «Qarmet» акцио­нерлік қоғамының 800-ден астам қызметкері пайдаланғанын атап өтті. Бүгінде жалпылай ел бойынша атаулы төлемді 8 мыңнан астам адам алуда. Ол арнаулы Заңның еңбек адамдарын қолдаудағы мемлекеттің нақты қадамы екенін ескеріп, оның барынша жедел қабылданғаны үшін Президент пен «AMANAT» партиясына ақжарма алғысын жеткізді.

Бұдан бөлек, Мәжіліс спикері Бұқар жырау ауданындағы Садовое және Чкалов ауылдарына арнайы ат басын тіреп, су тасқынынан кейінгі қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмысымен етене танысты. Еске салайық, 2017 жылы мұндағы ауылдар айналасында жартастан жасалған бөгеттер салынған-тын. Абырой болғанда, тасбөгет биыл елдімекендерді қарғыннан қорғап қалды. Алайда, ауылда тасқын мәселесі оңтайлы шешілгенімен, жергілікті жердің ақсақалы Сайлаухан Шошиннің айтуынша, тұрғындардың мал жаятын жері жоқ көрінеді. Өз кезегінде «AMANAT» партиясының Төрағасы «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы туралы баян етті. Жойдалы жоба екі жыл ішінде 10,8 миллион гектардан астам заңсыз иемденіп келген жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жеке қосалқы шаруашылықтарға көмек көрсету үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Жайылымдар туралы» Заң қабылданды. Аталған Заң қоғамдық жайылымдар туралы жаңа нормаларды қамтиды. Яғни, жайылымдарды конкурссыз бөлуге, басқа ауыл шаруашылығы алқаптарына айналдыруға тыйым салып, бір гектарға мал жаю нормативін 20-дан 50-ге дейін арттырады.

Ерлан Қошанов мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығына да барды. Онда өткен жылдың қазан айында елдегі алғашқы әйелдерге арналған полиция учаскесі ашылған. Келе-келе осы ара функционалды түрде отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығына айналды. Бұл жерде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсетіледі. Орталықта психолог, заңгер, сот орындау­шы, ювеналды полиция, теолог, волонтер, медиатор, әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Мәжіліс Төрағасы Қарағанды облысының тың тәжірибесін оң бағалап, мұндай жобаны еліміздің басқа өңірлерінде де енгізуді ұсынды.

Дәл осы күні Мәжіліс спикері Күнгей шағынауданында 600 орындық мектеп құрылысының тынысымен танысты. Білім ұясы «AMANAT» партиясының республикалық сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында салынып жатыр. Жергілікті белсенділер қаланың осы бөлігінде мектептің жоқтығы туралы мәселені көптен бері көтеріп келген. Барлық жұмыстарды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Мұнымен бірге, Мәжіліс Төрағасы Қарағандының жылу желілерін жаңғырту жұмысын бағамдады. Жаңа магистраль жылу қуатының тапшылығы мәселесін шешеді және қаланың қолданыстағы желілеріне түсетін ауыртпалықты анағұрлым азайтады. Бұл шаһардың одан әрі дамуы үшін қажетті қорды құруға мүмкіндік береді. Жоба 2024 жылдың күзіне дейін толық жүзеге асырылмақ.

Тегінде мәселе жоқ жерде дамудың да болмайтыны ақиқат. Депутаттар тобы осы сапарында жергілікті жұрттың қажетін естіп, болашағына бағдар жасады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button