Депутаттар белсенділігі дамуға дем береді
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары кезекті XV сессияда оннан астам мәселені қарады. Олардың ішінде, бюджеттің орындалуы, облысты дамытудың бес жылдық жоспары, жаңа автобус маршруттарының ашылуы және тағы басқалары бар. Өңірдегі білім беру жүйесінің жағдайына ерекше назар аударылды.
Облыстық бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасаған қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина 2023 жылға арналған бюджет түзету мен нақтылауларды есепке алғанда, 555,7 млрд теңгені құрағанын айтады.
– Облыстық бюджеттің өз кірістері бойынша жылдық жоспар 103 пайыз орындалды. Одан бөлек, трансферттер мен бюджеттік кредиттер толық түсті. 2023 жылы бөлінген қаражатты игеру тәртібі де айтарлықтай жақсарғанын айту керек. Мәселен, облыстық бюджет шығындары 99 пайызға орындалды, – дейді Людмила Викторовна.
Өз кезегінде тексеру комиссиясының төрағасы Дана Мұхамеджанова жүргізілген мемлекеттік аудит негізінде облыстың бас құжаттарының орындалуына баға берді. Есептерді салықтық әкімшілендіруді жақсарту, қаржылық және орындаушылық тәртіпті арттыру, облыстың даму жоспарының нысаналы индикаторларын сапалы жоспарлауды қамтамасыз ету және оларға қол жеткізу бойынша берілген ұсынымдарды ескере отырып, депутаттық корпус қабылдады.
Өңірдегі білім беру жүйесінің сапасы мен қолжетімділігін, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мен қауіпсіздігін зерттеу мақсатында мәслихаттың жұмыс тобы қала мен облыстағы 120 балабақша, мектеп, арнайы мектеп-интернаттар, сауықтыру лагерьлері, оқушылар сарайы, психологиялық-педагогикалық түзету орталықтары мен колледждерді аралаған болатын.
– Мектептердің материалдық-техникалық базасы біртіндеп жаңартылуда. 2023 жылы мектептердің 77%-ы жаңа модификация кабинеттерімен жабдықталды, – дейді Қадиша Базарбайқызы.
Сонымен қатар, сапар барысында депутаттар облыстағы білім беру үдерісін жақсарту қажеттігіне назар аударды.
Тек Қарағанды бойынша 79 білім беру нысанында ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Типтік мемлекеттік балабақшалардың құрылысы талап етіледі. Бұл мәселе, әсіресе, Қарағандыда өткір тұр, онда кезек 2 жастан 6 жасқа дейінгі 8 мыңнан астам баланы құрайды. Осы уақытта жөндеу бойынша ағымдағы мәселелерді шешу қажет, – деп атап өтті бейіндік комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова.
Облыста орта білім беру саласында жұмыс сапалы білім алу үшін қажетті жағдай жасауға бағытталған. Апатты мектептер мен орын тапшылығын жою мәселелері біртін-біртін шешілуде. Мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен және жиһазбен жарақтандыруды «Қазақстан халқы» қоры да жүзеге асырады.
Аталған мәселелерді қорытындылай келе, депутаттық корпус облыстағы білім беру жүйесін жақсарту бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар ұсыныстар берген шешім жобасын бірауыздан қолдады.
Бұдан басқа, облыстық мәслихаттың шешімдерімен Қарағанды, Теміртау, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра аудандарындағы 7 қосымша әлеуметтік маңызы бар қала маңындағы және ауданішілік маршруттар келісілді. Қарағанды агломерациясы кеңесінің құрамы бекітілді. Сондай-ақ, жер пайдалануға берілетін жер учаскелерінің мөлшері және ауылдық жерлерде жұмыс істейтін мамандар лауазымдарының қосымша тізбесі, оларға еңбекақы төлеудің жоғары ставкалары белгіленді.
– Депутаттық корпустың басты міндеті – бюджет қаражатын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, халықтың өтініштері мен сауалдарына уақытылы ден қою. Қарауға келіп түскен барлық мәселелерді жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста шешу керек. Бұл жұмыс бейінді комиссиялардың отырыстарында, өңірлердегі сапарлар мен халықпен кездесулер кезінде жоспарлы түрде жүргізіледі. Депутаттар өңірімізді одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсалатынын сенімдімін, – деді облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz