Ресми

Депутаттар ауыл медицинасына алаңдайды

Ауылдық жердегі дәрігер тапшылығы билікті де, бұқараны да ойлантарлық жағдай. Шалғайдағы жаны тырнағының ұшына зымырап келген науқас мұндайда әбден дағдарады. Мәселен, Бұқар жырау аудандық ауруханасында ауылдық амбулаториялармен қосқанда 12 дәрігер жетіспейді. Әсіресе орта буын медицина мамандары мен медбикелер саны аз. Жас маман әдетте жалақының аздығынан жекеменшік емханаға жұмысқа орналасуды құп көріп, «ауылдық ауруханада жағдай жоқ» демесін бе?!

Ал, Қарағанды облыстық мәслихатының алдағы сессиясында депутаттар денсаулық сақтауды дамытудың түрлі аспектілерін талқыламақ ниетте. Атап айтқанда, Үкіметтің, Сенаттың және Парламент Мәжілісінің деңгейіне мемлекеттік қолдау көрсетілетін және әлеуметтік көтерме жәрдемақы берілетін медицина қызметкерлерінің тізбесін кеңейту мәселесін шығару ұсынылмақ. Бұл медбикелерге ғана емес, сонымен қатар бірқатар жекелеген мамандарға тікелей қатысты.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов бастаған жұмыс тобы Бұқар жырау ауданына барып жұртшылықты бар бейіл-зейінімен тыңдады. Халық қалаулылары Ботақара кентінің орталық аудандық ауруханасында дәрігерлермен сөйлесті, Қарақұдық ауылында салынып жатқан фельдшерлік-акушерлік кешенді көрді, сондай-ақ, Доскей ауылындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға ат басын тіреді.

Бұл мәселе облыстық мәслихаттың таяудағы сессияларының бірінде талқыланатын «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде күн тәртібіне шығарылмақ. Депутаттар облыс орталығында, Теміртау, Балқаш, Приозерск, Саран, Шахтинск, Абай, Ақтоғай, Шет, Қарқаралы, Нұра және Осакаров аудандарында орналасқан 50-ден астам денсаулық сақтау мекемелерінде болған. Олар медицина нысандарының жай-күйімен танысып, бірқатар өзекті мәселелерді орынды көтерді. Мысалы, ұйымдардың оңалту, емдеу, профилактикалық іс-шараларға арналған жабдықтары бар мамандандырылған кабинеттермен қаншалықты жарақтандырылғаны; дәрілік заттармен қамтамасыз ету аужайы жете қарастырылды.

Сонымен қатар, халық қалаулылары жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң бұл нысандардың жай-күйін бағалап, денсаулық сақтау саласында қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін тағы нендей жайттарға назар аудару керек деген сұраққа бірлесе жауап іздеді.

Құрамына Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов, сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы және мүшелері Қадиша Оспанова,­ Ерден Халилин, Айтбай Жұмағұлов енген депутаттық топты Бұқар жырау ауданының әкімі Абылай Сұлтанғали қарсы алды. Жұмыс сапары барысында депутаттар танысқан алғашқы нысандардың бірі Доскей ауылындағы дәрігерлік амбулатория болды. Ол «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша салынып, 2015 жылы пайдалануға берілген. Нысан құны 71 миллион теңгені құраған еді уағында. Бұл – модульдік қазандығы бар (көмір мен күл қоймасы бар) бір қабатты ғимарат. Амбулатория бір ауысымда ондаған жанға медициналық көмек көрсете алады. Ғимарат заманауи медициналық жабдықпен жабдықталған, кең кабинеттері бар, орталықтандырылған сумен жабдықтау және кәріз жүйесі тартылған.

– Бізде екі жалпы тәжірибелік дәрігер, бір терапевт, екі медбике, бір зертханашы жұмыс істейді. Жүкті әйелдерге екі акушер қызмет көрсетеді. Біз науқасты, соның ішінде балаларды да қабылдай жүріп, егер тиісті көрсеткіштер қылаң берсе, тиісінше арнайы орталыққа жолдама береміз. Процедуралық, дәрігерге дейінгі тексеру кабинеттері, күндізгі стационар, жеке зертханасы бар, онда барлық қажетті зерттеу түрлері жүргізіледі, – деп әңгімелеп берді жалпы практика дәрігері Альмира Елеукенова.

 

Онлайн жүйенің озық тұсы

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік қосымшаларды қолдану, электронды денсаулық паспортын енгізу, «Қағаз қолданбайтын аурухана» жүйесіне көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында нәтижелі жұмыс бар. Емдеу мекемелеріндегі том-том қағаздар айналымын азайтып, құшақ-құшақ құжаттың бәрі электронды форматқа ауыса бастады. Әсіресе, денсаулық саласында тұрғындар жаңалықтардың игілігін көре бастады.

Ауылдық денсаулық сақтауды дамытудың маңызды қадамдарының бірі ақпараттық жүйелерді енгізу еді. Амбулаторияда кешенді медициналық ақпараттық жүйе орнатылған, селекторлық байланыс бар. Бұған қоса науқасты қашықтықтан консультация беру жұмысы да жолға қойылып келеді. Сондай-ақ, қағазсыз құжат айналымына көшу бойынша жұмыс жүйелі жүргізілуде, қабылдауға жазылу, дәрігерді үйге шақыру, зертханалық зерттеулерге жіберу және т.б. функциялары бар «DamuMed» мобильді қосымшасын орнату ұсынылады.

Одан әрі депутаттар Бұқар жырау аудандық ауруханасына барды. Бұл орталық аурухана да заманауи үлгіде жабдықталған, мүмкіндігі зор мекеме. Мұнда дәрігерге дейінгі кабинет, емхана қауіпсіздігін бақылайтын камера бар, әрі 12 каналдық телемедицина іске сәтті қосылған. Мысалы ауылдық елді мекендегі науқастың жүрегіне электрокардиограмма жасалса, оны бірден аудан басындағы дәрігер ғаламтор желісі арқылы қашықтықтан қарай алады. Сондай-ақ, мұнда көз, құлақ тексеретін заманауи медициналық жаңа құрылғылар сатып алынған. Қазір ең щалғай жердегі кез келген науқас қашықтықтан хабар ала отырып, өзінің диагнозын анықтай алады.

 

Доскейдегі «Жедел жәрдем» қосыны

Доскей ақын атындағы ауылдық амбулаторияға 4180 жан тіркеуде. Мұнда екі кәнігі және бір терапевт дәрігер бар. Алты медбике жұмыс істейді. Трудовой және Қарақұдық бөлімшелерінде екі медбике бар. Депутаттар мұндағы мүмкіншіліктерді бір саралап өтті. Аудандық бас дәрігердің сөзінше, ауылдың географиялық орналасқан жері едәуір кедергі келтіретін көрінеді. Мұнда ультрадыбыстық зерттеу, эндокринолог сынды сала мамандары жоқ. Тұрғындар әдетте толық қаралудан өтуі үшін облыс орталығына барады. Ал, бұл медицина орталығының бюджетіне де кері әсерін тигізетін көрінеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында биыл аталған ауылда жедел медициналық жәрдем пункті жұмыс істей бастады. Оның ашылуы көптеген ауыл тұрғындары үшін жедел жәрдем көмегін күтуді қысқартты. Ал, сәл бұрынырақ ауылдағы сырқат жандар қашықтығы 50 шақырымды құрайтын аудан орталығынан жедел жәрдем көлігін күтуге тура келетін-ді. Пункт дәрігерлік амбулатория ғимаратында орналасты. Қосынның жеке кіреберісі, екі шағын кеңсе әрі жедел жәрдем қызметкерлеріне арналған киім-кешек бөлмесі мен диспетчерлік бөлме бар. Доскейден басқа, жедел жәрдем Қарақұдық, Көкпекті, Үштөбе, Құрылыс, Новостройка, Сарыарқа елді мекендерінің тұрғындарына қызмет көрсетеді. Кезекші бригада тәулік бойы жұмыс істейді. Топ медициналық жабдық және қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Доскей ауылының пунктінде фельдшер мен жүргізуші жұмыс істейді. Олар аудандық қосалқы станцияның аға фельдшеріне бағынады. Сіз бар болғаны «103» нөміріне кез келген уақытта қоңырау шалып жедел жәрдем шақыра аласыз. Облыстық жедел жәрдем қызметінің диспетчері шақыруды қабылдай отырып, оны Ботақара кентінде орналасқан «Жедел жәрдем» пультіне бағыттайды. Содан кейін аудандық «Жедел жәрдем» қосалқы станциясының диспетчері оны Доскей ауылына бағыттайды. Қоңырау себебі жарым минут уақыт ішінде жеделдік санатын анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, алғышарт құжатында науқастың жағдайы, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмеген кезде төртінші санаттағы қоңыраулар қарастырылған. Бірақ науқас шұғыл медициналық көмек көрсетуді талап ететін әрі оның өміріне қауіп төндіретін жеделдіктің бірінші, екінші және үшінші санаттарында қалалық жедел медициналық көмек қосалқы станциялары қызмет көрсетуді жалғастыру үстінде.

Жыл соңына дейін Қарақұдық ауылында жаңа фельдшерлік-­акушерлік пункт бой көтермек. Мердігер компанияның жауапсыздығы салдарынан құрылыс жұмысы ептеп кешеуілдеген. Дегенмен, алдағы жылы толығымен аяқталады деп күтеді ел. Ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынуда. Бұған дейін ауыл тұрғындарына медициналық көмек әкімдіктің жалға алынған ғимаратында көрсетілген еді. Құрылыс барысымен танысқан ел елеулілері, облыстық құрылыс басқармасы басшылығының назарын аударатын бірқатар ескертулерге мән берді. Атап айтқанда, Нұркен Қобжанов ғимаратты жылумен қамтамасыз ететін заманауи жүйелерімен жабдықтау, іргелес аумақты абаттандыру қажеттігін ерекше атап өтті.

– Көп жерде денсаулық сақтау нысандарын аралап жүрміз. Жағдай көңіл қуантады. Мысалы осы Қарақұдықтың өзінде денсаулық сақтау пунктімен қатар спорт нысаны да бой көтеруде. Мұндай келелі істен жергілікті белсенді азаматтар да қалыс қалмауда. Шыны керек болып жатқан игі өзгеріске көзіміз қуанып, көңіліміз тоғаюда. Келешекте бұл алақандай ауылдың бар азаматының жаны да, тәні сау болып, әлем чемпиондары шығып жатса таңырқамаңыз, – деп тұжырды сөзін облыстық мәслихат депутаты, айтыскер ақын, Айтбай Жұмағұлов.

 

Таразы

Мұнымен бірге, депутаттық корпус өкілдері Ботақара кентіндегі орталық аудандық ауруханаға бас сұқты. Медициналық мекеменің директоры Арман Байсұлтан хабарлағандай, аурухана «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында пайдалануға берілген.

– Аудандық аурухана құрылымына 15 дәрігерлік амбулатория, 25 медициналық пункт, 14 фельшерлік-акушерлік қосын кіреді. Емхананың жоспарлы қуаты бір ауысымда 250 науқасқа есептелген. Бұқар жырау ауданының халық санын ескере отырып, біз барлығы 45 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеміз, – деп атап өтті Ботақара кентіндегі орталық аудандық аурухананың директоры.

Депутаттардың аурухана ұжымымен кездесуінде қос тараптан ауылдық денсаулық сақтауды дамыту мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, дәрігерлер мен орта буын мамандарының жетіспеушілігіне қатысты мемлекеттік қолдау көрсетілетін қызметкерлер санаттарының тізбесін кеңейту ұсынылды. Мысалы, қазіргі уақытта тапшылығы қатты сезіліп отырған медбикелерді тарту үшін оларға 1,5 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы бөлу ұсынылды. Бұл – эндокринологтар мен ультрадыбыстық диагностика дәрігерлеріне де тікелей қатысты.

– Мемлекет халық үшін медициналық қызмет сапасын жақсарту, сондай-ақ, медицина қызметкерінің өзі үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша іргелі іс атқаруда. Атап айталық, орталық аудандық аурухананы жылумен жабдықтау мәселесі шешілді, пациенттер кезекте тұрмауы үшін қажетті шаралар қабылдануда. Бұнда сіздердің үлестеріңіз қомақты. Біз бүгінгі «ауыл медицинасы» мәртебелі уақыт деген ұғыммен қатар келе жатқанын аңғардық. Заманауи технологиялар, оның ішінде телемедицина саласында да белсенді екендіктеріңіз қуантады. Бұл – науқас жандар өмірін жеңілдетіп, дәрігердің жұмысына оң ықпал ететін өте жағымды жайттар.

Қазір сіз бен біздің басты міндетіміз – облыстық мәслихаттың таяудағы сессияларының бірінде талқыланатын нақты мәселелер легін анықтау. Маңызды диалог­қа ірі клиникалар, мемлекеттік ұйымдар және түрлі аралас ведомстволардың басшылары жұмылдырылатын болмақ. Себебі, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен Сенат деңгейіне талқылауға шығарылатын бірқатар мән берерлік ауқымды түйіткілдер бар. Әр сауалды бірлесіп, ынтымақтастық ашықтық негізінде шешетін боламыз, – деп түйіндеді сөзін облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button