Жаңалықтар

Әдепсіз жарнама жарға жығады

Телеарна – идеология құралы. Бүгінде теледидарсыз үй жоқ. Оны дұрыстап пайдалана білсек, талай жерде ұтуға әбден болады. Бірақ, өкініштісі, теледидарды қоса қалсақ, көрермен қауымға ұсынатыны – шетелдік жарнамалар. Осындайда қазақ телеарналары жағымды жарнамаларды неге көрсетпеске деген ой келеді.

Мысалы, кешкі сағат 9.00-де түріктің «Осман» фильмі басталды. Басталғаннан бұрын фильм біткенше алты-жеті рет «Кока-кола» сусыны көрсетіледі. Түкке тұрғысыз, ешқандай мағына жоқ. Шөлдеген адам оларсыз да біледі не ішетінін. Тартымсыз, көрерменді әбден мезі қылған жарнама.

Енді осындай мағынасыз жарнаманы алып тастап, оның орнына телеарнадан қазақтың ұлттық сусындарын неге жарнамаламасқа? Мысалы, қымыз, сүт пен айран, қара құрт.

Ежелден төрт түлік мал баққан елміз. Малмен көзі шықты, малсыз өмір болмады.

Оның ішінде, тобылғымен ысталған күбіде ашыған балдай қымызға не жетеді? Соны неге көрсетпеске?

Қазіргі кезде шетелдегілер, оның ішінде Германия қымыздың қасиетін біліп алып, қолға алып жатыр.

Тіл үйіретін, әрі адамға сусын, әрі тамақ, адам ағзасына 100% пайдалы, ішінде адам ағзасына керекті дәрумендер бар. Қанша ауруға ем, оның ішінде, туберкулез ауруларына мың да бір ем.

Одан кейінгі – қазақ қой өсірген. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір». Сүт пен айран – ежелден келе жатқан қазақтың сусыны. Соны неге жарнама беріп көрсетпеске көрермендерге? Көрнекті әрі тартымды қылып жарнама берсе, көреді, көзі қанығады.

Бабалық шағым Қарқаралыда өтті. 50-ші жылдардың бас кезінде марқұм әкем жиырма мың қой өргізген колхозда ферма меңгерушісі болды.

Марқұм шешем колхозда қой сауатын алдыңғы қатарлы сауыншылардың бірі. Ол кезде он екіге толған баладан бастап, шал-шауқанға шейін еңбек ететін. Өйткені, соғыстан кейінгі уақыт, кісі жетіспейді. Он екі-он үш жасар өзім қатарлы балалар бір отар қойды қуалап жүріп ұстап алып, әр қой сауылып болғанша ұстап тұратынбыз. Сонда күн сайын сауылған қой сүтінен ірімшілік дайындалып, Үкіметке тапсырып отыратын шешейлер. Сауыншылар бір отар қойды түске дейін сауып бітіретін еді. Еңбектері бағаланды.

Одан бөлек, жарнамада ит пен мысықты көрсете бергенше, төрт түлік малдың төлдерін неге көрсетпеске? Мысалы, қой мен ешкінің қошақанын әрі сүйкімді әрі тартымды қылып көрсетіп, «Қошақаным қайда екен?» деген өлеңмен әрлесе де болады.

Өз дүниемізді көруге тұрарлықтай қылып, тырысып, соны көрерменге жеткізсек, нұр үстіне нұр болмай ма? Ұлттық намыс керек бізге. Бұрынғы ата-бабаларымыздың дәстүрін жалғастырып, төрт түлік малдың қасиетін арттыру керек. Соны жас ұрпақтарға үйретіп, өнеге қылып жастардың бойына сіңіруіміз қажет.

Мұрат ЖАНЫСБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button