Әдеп кодексінің ролі
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында ұзақ мерзімдегі басымдықтардың бірі болып кәсіби мемлекеттік аппарат құру айқындалған.
Қойылған тапсырмаларды орындау және белгіленген мақсаттарға жету мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуіне байланысты, ол өз кезегінде әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіпқойлылығын қажет етеді. Тиісінше, мемлекеттік қызметшілердің кәсіптілік деңгейін айқындауда мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі де маңызды орын алатындығын білуіміз керек. Олай болса, мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрыстарын, әдептілігін реттейтін құжаттың болуы уақыттың талабы.
Ол құжат – Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі. Кодекс, Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-қадамын жүзеге асыру мақсатында 2015 жылдың соңында бекітіліп, ағымдағы жылдан бастап қолданысқа енгізілді.
Әдеп кодексінің негізгі мақсаты – азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту, мемлекеттік қызметте жоғары мәдени қарым-қатынасты орнату және мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдепсіз жағдайлардың алдын алу болып табылады.
Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлық стандарттары түрінде бекітілген. Стандарттармен мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытындағы емес, сонымен жұмыстан тыс уақыттағы мінез-құлық жағдайлары реттелген.
Мысалы, мемлекеттік қызметшіге жұмыстан тыс уақытта қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына тыйым салынады.
Осы жылдың 10 айында Әдеп жөніндегі кеңесте қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін 21 басшылық лауазымдағы мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершіліктері қарастырылды. Яғни, ол айына 1,2 басшы қызметтегі лауазымды тұлға үлгі болып, тәлімгер болудың орнына өздері заңбұзушылыққа жол беріп отырғандығын көрсетеді.
Мемлекеттік қызметшілермен Әдеп нормаларының сақталуын қадағалайтын тағы да бір жаңа институт ол «әдеп жөніндегі уәкіл» болып табылады.
Әдеп жөніндегі уәкілдер орталық атқарушы органдарында және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және Астана әкімдерінің аппараттарында енгізілген.
Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін үйлестіруді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және оның аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады.
Қарағанды облысы бойынша жергілікті атқарушы органдардағы Әдеп жөніндегі уәкілдің функцияларын жүзеге асыру облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысына жүктелген.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен әдеп жөніндегі уәкілмен бірлесе отырып, тұрақты түрде облыс көлеміндегі мемлекеттік қызметшілермен әдеп нормаларының сақталуы бойынша кездесулер, семинарлар өткізіліп отырады.
Мемлекеттік қызметшілердің негізгі мінез-құлық стандарттарын белгілеу және оның сақталуына жүйелік бақылау жүргізу өз кезегінде мемлекеттік қызметте жоғары мәдениетті орнатуға, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзімділікті қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.
Осыған орай, әрбір мемлекеттік қызметші қойылып отырған талаптарды қатаң сақтап қана қоймай, Отанын сүйетін азамат ретінде басқаларға үлгі болып, сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік оның азаматтық ұстанымына адалдық пен сатылмаушылық оның мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.
Тек сонда ғана біз кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға өз үлесімізді қосып, мемлекет алдында тұрған жауапты және маңызды жобалар мен жұмыстардың сапалы және тиімді жүзеге асырылуына өз септігімізді тигізе аламыз.
Жандос Сәрсенов,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің
төрағасы.