Ресми

Әдеп бұзу азайды

2023 жылы облыста әдеп нормаларын бұзған және мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылық жасаған мемлекеттік қызметшілер саны азайған. Одан бөлек, Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысы бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны да төмендеген. Бұл Әдеп жөніндегі уәкілдер институты енгізілуімен тікелей байланысты. Аталған мәліметтер Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің биылғы жылғы соңғы отырысында белгілі болды.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы Дина Абаеваның мәлімдеуінше, 2022 жылы қызметтік әдеп нормаларын бұзған 16 адам жауапқа тартылып, бұл көрсеткіш биыл 17%-ға төмендеген. Яғни, 7 адам. Одан бөлек, әкімшілік жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілер саны да кеміген. Атап айтсақ, 2022 жылы – 315 адам, биылғы тоғыз айда – 286 адам.

– Әдеп жөніндегі уәкілдердің рөлі қыз­меттік әдеп нормаларын бұзудың алдын алу институты ретінде өзінің қажеттілігін көрсетті. Өйткені, жыл сайын қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылатындардың саны азаюда, – дейді Дина Қанатқызы.

Жалпы, Әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы облыс әкімінің аппаратында ғана. Ал, қалалар мен аудандарда бұл функция басшылық қызмет атқаратын адамдарға жүктелген. Олар әкім аппаратының басшылары, жекелеген мемлекеттік органдарда әкім орынбасарлары, бөлім басшылары.

Департамент қызметкерлері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2023 жылдың 9 айында Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметіне талдау жүргізген. Талдау уәкілдердің есептік деректерін және мемлекеттік қызметшілер тарапынан заң бұзушылықтардың жай-күйін зерделеу, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер арасында анонимді сауалнама арқылы жүргізілген.

– Талдау көрсеткендей, 2023 жылы өткен жылмен салыстырғанда Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің жекелеген көрсеткіштерінің жақсаруы да, төмендеуі де бар. Атап айтқанда, қаралған өтініштердің саны 23%-ға, сауалнамаға қатысушылардың саны 15%-ға артты. Бұл ретте, түсіндіру іс-шаралары 25%-ға, уәкілдердің өңірлерге шығуы 9%-ға, жеке қабылдауда болған азаматтар саны 47%-ға, сондай-ақ, көрсетілген консультациялар саны 30%-ға азайды. Көрсеткіштердің төмендеуіндегі бірден-бір себеп – Қарағанды облысының бөлінуі. Өйткені, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығындағы есепті мәліметтер Жезқазған өңірін ескере отырып жіберілді, – дейді Дина Абаева.

Уәкіл жұмысының тиімділігіне қарамастан 2016 жылдан бірқатар қалалар мен аудандардағы әкім аппараттарында Әдеп жөніндегі уәкілдер қызметкерлердің кадрлық ауысуына байланысты орта есеппен 3 рет өзгерген. Бірақ, Шахтинск қаласы әкімі аппаратының уәкілі аталған институт енгізілген сәттен бастап, өз функциясын атқарып келеді.

Департамент Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін бағалау үшін анонимді сауалнама жүргізген. Бұның қатарында жергілікті атқарушы органдардың қызметшілері арасында ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды бағалау да бар. Нәтижесі қызметкерлердің ұжым­дағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне қанағаттанатынын көрсеткен.

Бірақ, бас маман жақсы көрсеткіштерге қарамастан, бірқатар мемлекеттік органдарда ұжымдық климатты жақсарту үшін шаралар қабылдау қажеттігін де жоққа шығармайды. Олардың қатарында Жер ресурстарын басқару департаменті, Экология департаменті, сондай-ақ, Сот әкімшілігі департаменті бар.

Кеңес барысында Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ербол Жолданғар облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Қорлан Бекімоваға аталған органдардағы уәкілдердің жұмысын назарға алуды тапсырды.

Одан бөлек, отырыс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі Қарағанды облысы бойынша департаменті превенция және парасаттылық басқармасы басшысының орынбасары Арыслан Мыңғышевтің де баяндамасы тыңдалды.

Нәтижесінде, қала және аудан әкімдеріне, мемлекеттік органдардың басшыларына сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі талаптарды, оның ішінде Әдеп жөніндегі уәкілдер тарапынан мүлтіксіз сақтау жөнінде тұрақты шаралар қабылдау ұсынылды.

Жансая ОМАРБЕК,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button