Денсаулығымыз – өз қолымызда
9 қыркүйекта «Денсаулық фестивалі» еліміздің түкпір-түкпірінде өткені мәлім. Бұл дәстүрлі фестиваль биыл саламатты өмір салтын қалыптастырудың 20 жылдығымен тұспа-тұс келді. Фестиваль «Біздің денсаулығымыз – өзіміздің қолымызда!» ұранымен мыңдаған қазақстандықтарды біріктірді. Бұдан Саран қаласы да қалыс қалған жоқ.
Таң сәріден Балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резервтегі спорт мектебі, мектеп аулалары әсем әуенге толып, балалардың, үлкендердің шат-шадыман күлкісіне кенелді. Барша қауым ұйымдастырылған эстафета, ойындарға белсене қатысты. Олай етпей ше? Шын мәнінде, «Денсаулық фестивалі» барша үшін спорттық мерекеге айналған. Фестивальдан соң жүректі жылытатын, алдағы аптаға күш-қуат сыйлайтын жағымды әсерлердің көптеп қалғаны аян.
Фестивальдің басты мақсаты – бұқараны спорттық шараларға көптеп тарту болса, бұл міндет мүлтіксіз орындалды. Бұл үшін қазіргі таңда қалада барлық жағдай жасалған. Спорттық құрылымдар, секциялар, үйірмелер, фитнес-студиялар есігі айқара ашық. Онда мықты жаттықтырушылар мен білікті мамандар риясыз қызмет етеді. Түрлі спорт түріне ынтықтар үшін стадион, түрлі алаңдар да бар. Қала ішінде жаттығу құрылғылары орнатылған. Бір сөзбен айтқанда, әркім іздегенін табады.
Фестиваль сәскеге дейін жалғасты. Фестивальға қатысушы өзін кез келген спорт түрінде сынап көруге мүмкіндік алды. Волейбол, шахмат, дойбы, кір спорты, каратэ, үстел ойындары секілді көптеген шаралар ұйымдастырылды. Бұдан басқа, мектеп алаңдарында түрлі эстафеталар, көңілді жарыстар, топтық ойындар жалғасты.
Шыңғыс ЕСЕНБАЙ, №4 мектептің 8 «В» сынып оқушысы:
– Қаланың барлық тұрғындары және оқушылар «Денсаулық фестиваліне» белсене қатысуда екенін көрдік. Дене шынықтырумен айналысу – денсаулыққа пайдалы. Мен спортпен шұғылданғанды ұнатамын. Осындай шаралар жиі болып тұрса, міндетті түрде қатысамын.
Сондай-ақ, фестиваль аясында «Оптима» супермаркетінде тұрғындарға Орталық аурухана мамандары тексерілу мүмкіндігін, «Gio Trade» ЖШС саламаты өмір салты орталығының арнайы акциясын ұсынды. Осындай шара барысында кез келген тұрғын қан қысымын өлшетіп, кеңес алды.
Саран қаласының Саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының бөлім меңгерушісі Б.Аброев акция мақсаты – саламаты өмір салтын насихаттау, шылым шегумен, семіздікпен күрес, жүрек-қан тамырлары, эндокриндік жүйе, қатерлі ісік ауруларының туындауы туралы ақпарат беру екенін атап өтті. Оның айтуынша, сол мезетте 50 адам кеңес алып үлгерген.
Акцияда қазақ және орыс тілдерінде ақпараттық материалдар таратылды. Тұрғындарға туберкулез және өзге де аурулар туралы буклеттер берілді.
Сонымен бірге, Қоғамдық денсаулық сақтаудың қалалық басқармасы және «Ұлттық сараптау орталығы» Саран қалалық филиалы «Қауіпсіз тағам таңда» акциясын өткізді. Акция кезінде тұрғындар жеміс-жидек- көкөністердің залалсыздығын тексертуге қол жеткізді.
Фестиваль мәреге жеткенімен, оған қатысқандардың көңілінде жақсы естеліктер қалды. Ендігі міндет – осы үрдісті одан әрі жалғастырып, спортпен күнделікті шұғылдануды үзіп алмау.
Еске сала кетейік, дене шынықтыру балалар мен жасөспірімдер үшін күніне 60 минут шамасында болса, 18-64 жастағы тұрғындар үшін 150 минут. Ал, 65 жастан асқан азаматтар спортпен аптасына 3 рет шұғылданса, жеткілікті. Спорт дегенде үздіксіз жаттығу ғана есепке алынбайды, қарапайым жүріс, жүгіріс, гимнастика да бар.
Надежда ЦХАЙ.
САРАН қаласы.