Денсаулық сақтау вице-министрі Қарағанды облысына келді
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі медициналық объектілердің жұмысымен танысты.
– Осакаров ауданының аудандық орталық ауруханасы өңірдегі алғашқы келу объектісі болды, ол 100 төсекке есептелген және тәулігіне 200 қабылдауға арналған. Құрамында тәулік бойы емделуге арналған 50 төсек (хирургиялық, травматологиялық, терапиялық, балалар, гинекологиялық, босану, неврологиялық, кардиология), күндіз емделуге арналған 24 төсек бар. Ауруханада бүгінде 30 дәрігер және 83 орта және кіші медицина қызметкері жұмыс істейді.
Осакаровка кентінің АОА-да 17 мамандық бойынша қабылдау жүзеге асырылатын емхана, стационар, зертхана, жедел жәрдем бөлімшесі, қабылдау бөлмесі, денсаулықты нығайту мектептері, стоматология, гемодиализ орталығы, физиокабинет, қан құю кабинеті, КТ кабинеті, шаруашылық құрылымдар бар.
Тимур Сұлтанғазиев аурухана дәрігерлерімен әңгімелесу барысында халықты ковидтен кейінгі бақылауды күшейту, әсіресе нысаналы топтарды скринингтер мен флюроографияға шақыру қажеттігін атап өтті.
Орталық аурухананың бас дәрігерінің айтуынша, екі жыл бұрын шалғайдағы ауылдардың тұрғындарына қызмет көрсету үшін жылжымалы медициналық кешен сатып алынған, ол кестеге сәйкес зерттеп-қараулар мен консультацияларға барады.
– Биыл нормативке өзгерістер енгізілді. Енді сіздерде дәріхана жоқ шалғайдағы медициналық пункттерде әлеуметтік дәріхана ашуға мүмкіндіктеріңіз бар, – деді бірінші вице-министр дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін талқылау кезінде.
Осакаров ауданының Батпақ ауылында вице-министр 2007 жылы ашылған дәрігерлік амбулаторияға барды, бүгінде мұнда бір дәрігер және бес орта және кіші буын қызметкерлері жұмыс істейді.
Батпақ ауылының дәрігерлік амбулаториясының құрамына Сарыөзен, Ақпан, Ошаған ауылдарының медициналық пункттері кіреді. Тіркелген халықтың жалпы саны 1777 адамды құрайды.
Келесі объекті Теміртау қаласының 314 төсектік орталық ауруханасы болды. Ауруханада 563 адам, оның 96-сы дәрігер, 234-і орта медицина қызметкері, 165-і кіші медицина қызметкері жұмыс істейді.
Стационардың басшылығымен талқылау барысында көтерілген ең күрделі мәселелердің бірі дәрігерлік кадрлар тапшылығы мәселесін шешуге қатысты болды.
– Кадрлық қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу үшін резидентурасыз қосымша аралас мамандықтарға жедел қайта даярлау үшін ЖПД бағытын кеңейтуді көздеуге болады, – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев ауруханаға бару барысында.
Одан әрі облыс орталығында Тимур Сұлтанғазиев Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық клиникалық аурухана» КМК-да болды. Аурухана тәулік бойғы стационардың 945 төсегіне және күндізгі стационардың 105 төсегіне есептелген. «Облыстық клиникалық аурухана» КМК-ның құрамына 7 орталық кіреді: хирургиялық, терапиялық, инфекциялық, тері-венерологиялық, екі перинаталдық орталық, отбасын жоспарлау және репродуктивті денсаулық орталығы.
Облыстық клиникалық аурухананың құрылымдарында 1539 қызметкер жұмыс істейді. 2022 жылдың 10 айында облыстық клиникалық ауруханада 35 327 пациент емделді, 6839 операция жасалды (шұғыл – 4072, жоспарлы – 2767), 12 502 әйелді босандыру қабылданды.
Мұнда облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері Ержан Нұрлыбаевтың қатысуымен медициналық ұйымды қаржыландыру, медициналық көмектің жекелеген түрлеріне тарифтерді жетілдіру,коммуналдық қызметтерге шығыстарды өтеудің жекелеген тетіктері, келесі жылға ауысатын дәрілік қорлардың болу қажеттілігі бойынша бірқатар өзекті мәселелер талқыланды.
Соңғы медициналық объектіде кездесуді қорытындылай келе, бірінші вице-министр көтерілген барлық проблемалық мәселелер Денсаулық сақтау министрлігімен және Медициналық сақтандыру қорымен бірлесіп қаралып, өз шешімін табуы тиіс екенін атап өтті.