АймақТеміртау

Денсаулық сақшысының салтанаты

Теміртау қаласының бір топ медицина қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында құрмет көріп, алғыс алды. Айта кету керек, қаладағы медицина саласы да биыл құрылғанына 80 жыл толған құрышшылар мекенімен бірге дамып, өркендеп келеді. Қазір мұнда 10 емдеу мекемесі бар. Соңғы жылдары жаңадан тағы 3 емхана ашылып, олардың саны алтау болды. Теміртау қалалық көпсалалы ауруханасының базасында жүрек ауруларына шалдыққан науқастарға шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсететін жаңа кардиологиялық орталықтың құрылысы аяқталды. Бұл өз кезегінде жедел миокард инфарктінен болатын өлім-жітімді азайтып, науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қалада дәрігер кадрларын жұмысқа тартып, тұрақтандыру мақсатында 86 пәтерлі «Дәрігерлер үйі» салынып, қала әкімдігі жыл сайын медицина ұйымдарының қызметкерлеріне қызметтік пәтерлер бөлумен келеді. Ал, кәсіби мерекесінде адам жанының арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандарды қала әкімі тарапынан ардақтап, марапаттаудың дәстүрге айналғанына да 15 жыл толып отыр.

Міне, осы салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов:

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Қоғамымыз дәрігер парызының ерекше мән-маңызына күн өткен сайын көз жеткізуде. Мемлекет медицина қызметкерлеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, денсаулық саласын дамытуға баса назар аударады. Ұлт саулығы – Жаңа Қазақстанды құру жолындағы мемлекеттік саясатымыздың аса маңызды бағыты» деп атап өткендей, әлемдегі ең бір ардақты да құрметті мамандықтың бірі – дәрігер. Оларды құрметтеу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Ауырсақ, сырқаттансақ, бірден осы адамдарға жүгіреміз. Күн демей, түн демей, қажет кезде жанымыздан табылатын сіздерге басымызды иіп, алдағы кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! – деп, қала тұрғындарының денсаулығын сақтау ісінде үлкен нәтижелерге қол жеткізген үздік медицина қызметкерлерін марапаттауға көшті.

Бұл күні қала әкімінің Құрмет төс белгісі 4-емхананың акушер-гинекологі Ұлжан Шайхиеваға беріліп, «Таңдаулы педиатр» аталымында Теміртау қаласы Ана мен бала медициналық орталығының бөлімше меңгерушісі Валентина Бондаренко, «Таңдаулы учаскелік дәрігер» аталымында қалалық орталық емханасының жалпы практика дәрігері Юлия Кубашева, «Үздік хирург» аталымында қалалық көпсалалы аурухана жарақат бөлімінің меңгерушісі Беслан Мусаев, «Таңдаулы маман дәрігер» аталымында қалалық көпсалалы аурухананың сәулелі диагностика бөлімінің меңгерушісі Анна Солянова, «Мамандыққа адалдығы үшін» аталымында қалалық №2-емхананың рентгенолог-дәрігері Роза Ибраева да Теміртау қаласы әкімінің төс белгісін алды.

Бұдан кейін қалалық мәслихаттың төрағасы Алексей Ломакин теміртаулық дәрігерлерді құттықтап, Теміртау қаласының Құрмет грамотасын бірнеше адам иеленді. Бұлардың қатарында №4-қалалық емхананың реабилитолог-дәрігері Марина Нечипоренко, «Жаңа емхана» меңгерушісі Балжан Мұса, қалалық көпсалалы аурухана директорының міндетін атқарушысы Ульяна Базарова, облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігері Наталья Костина, қалалық Ана мен бала медициналық орталығының анестезиолог-дәрігері Вера Гааг, осы орталықтың акушеркасы Марал Төкішева, қалалық орталық емхананың терапевті Амир Мухамедов, СПИД орталығының инфекционисі Майра Төлепбаева болса, тағы біраз дәрігер қала әкімінің Алғыс хатын иеленді. Яғни, Хади Матиева, Әсем Спанова, Надежда Никитина, Бақыт Бейсекеқызы, Валерия Аганина, Мамуржан Юлдашев, Наталья Щербинина осы марапатқа лайық деп танылды.

Сондай-ақ, Қарағанды және Ұлытау облыстары денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлнар Есімсейітова, Төлеуқұл Матиев, Валентина Татаренко, Елена Будылина сынды озық қызмет иелеріне сала кәсіподағының Құрмет грамоталарын, ал, Наталья Микурова, Ксения Фейлер, Лариса Мананова, Григорий Акашевқа Алғыс хаттарын табыс етті.

Мерекелік салтанат кезінде өнер көрсеткен «Глория», «Гюзель» би топтарының өнерпаздары марапат алғандардың көңілдерін одан сайын көтере түсті.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Back to top button