Медицина

Қарағандыда онкологияны емдеуге әкелінген жаңа аппарат – 2 миллиард 650 миллион теңге

Өңірдің медицина саласы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен қарқынды дамып келеді. Қор Қарағанды облысында аталған саланы дамытуға 24 миллиард теңге қаражат бөліп, ірі жобаларды жүзеге асыруда. Айталық, онкологиялық ауруханаға заманауи аппараттар алынып, балалар ауруханасында оңалту орталықтары ашылды. Күйік шалған нау­қастарға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін бұрын-соңды болмаған жоғары технологиялық жабдықтар сатып алынды. Мұның бәрі де азаматтардың денсаулығын нығайтуды көздейді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Дерттің бетін қайтаратын бастама

Қарағанды өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін дамытуға қор есебінен 42 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Мұның тең жартысы, яғни, 24 млрд теңге денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалуда. Бүгінгі таңда аталған сала бойынша 14 жоба жүзеге асырылуда.

Сол жобалардың алғашқысы – онкологиялық қызметті жабдықтау. Мұның қажеттілігі қатерлі ісікке шалдыққан науқастар санының артуымен байланысты болып отыр. Қоғамдық қор көмек көрсетуге қажетті жабдықтардың жеткіліксіздігін ескере отырып, бірнеше өңірде онкологиялық қызметті жабдықтау жобасы бастамасын көтерді. Бұл өңірлер қатарында Қарағанды, Абай, Солтүстік Қазақстан облыстары, сондай-ақ, Астана және Алматы қалалары бар. Аймақтардың онкологиялық ауруханаларына қор есебінен линейлік үдеткіш және қосымша құрал-жабдықтар сатып алынған. Қарағандыдағы №3 көпбейінді ауруханаға әкелінген осындай аппараттардың жалпы сомасы 2 миллиард 650 миллион теңгені құрайды. «Бұл жабдықтардың жүктемесі өте жоғары. Өйткені Қарағанды ғана емес, Ұлытау облысының науқастары да осы жерде ем қабылдайды», – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім, мәдениет және спорт саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының аға жобалық менеджері Зәуре Байменова.

– Бұл – жобаның бірінші кезеңі. Ал, екінші кезең аясында жыл соңына дейін тағы бір жабдықтар кешені орнатылады. Жобаның құны – 2 миллиард 300 миллион теңге. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде, – деп қосты қор өкілі.

2024 жылы алғашқылардың бірі болып, Қарағандыдағы №3 көпбейінді ауруханаға америкалық Varian компаниясының Halcyon моделіндегі сызықтық үдеткіш (линейный ускоритель) әкелінген. Бұл аппарат онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттерге сәулелік терапия жүргізуге арналған. Аурухана директоры Гамал Тоқсамбаевтың айтуынша, сызықтық үдеткіш қатерлі ісікке сәулемен әсер етіп, оның кішіреюіне, тіпті, кейде толық жазылуына ықпал етеді.

– Бұл аппаратпен біз былтыр тамыз айынан бастап бүгінгі күнге дейін 619 пациентті емдедік. Аппарат 2024 жылдың наурыз айында жеткізілді. Барлық техникалық орнату жұмыстары аяқталған соң, тамыз айында жұмысқа кірістік. Қазіргі таңда осы аппаратта күніне 90 пациент ем алады. Яғни, сұраныс өте жоғары. Аппарат заманауи, оның ішінде компьютерлік томограф орнатылған. Бұл тек ісік жасушаларына әсер етіп, сау тіндерді зақымдамай, ем жүргізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында науқастар қатерлі ісікті жеңіп келеді, – деді Гамал Тоқсамбаев.

Күн сайын аппаратпен 90-100 пациентке дейін ем жасау – өте үлкен жүктеме. Сондықтан, екі бірдей аппарат жұмыс істесе, жүктеме азаяды. Кезек те қысқармақ.

– Бұл – КТ-симулятор. Ол біз сөз еткен сызықтық үдеткішпен және қосымша жабдықтармен бірге жеткізілді. Бұған 1,5 миллиард теңге көлеміндегі инвестиция жұмсалған. Мұндай заманауи аппараттар – біз үшін үлкен жетістік болып отыр. Себебі, 2006 жылға дейін біздің сәулелік емдеу жабдықтарымыз әбден ескірген-тін. Ал, жаңа жабдықтармен жұмыс істеу науқастардың өмір сапасын жақсартты. Бүгінгі күні орта есеппен 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші – 58% шамасында. Бұл – өте жоғары көрсеткіш және жоғары деңгейде ем жүргізіп жатқанымыз­дың дәлелі. Біз қазіргі заманғы жабдықтардың арқасында әлемдік стандарттарға жақындай түстік, – деді аурухана басшысы.

Оңалту орталығы – балаларға

«Қазақстан халқына» қоры көпбейінді облыстық балалар ауруханасында екі бірдей қайырымдылық жобаны жүзеге асырды. Жалпы сомасы 249 миллион теңгені құрайды. Бірінші жоба – ерте араласу орталығын жабдықтау.

– Бұл дамуында ауытқулары бар немесе олардың пайда болу қаупі бар балаларға ерте кезеңде диагностика жасап, оңалтуға көмек беруді мақсат етеді. Мұнда негізінен үш жасқа дейінгі балалар қамтылады. Жоба Қазақстанның 13 өңірінде жүзеге асуда және осындай 12 орталық ашылған болатын. Енді бұл Қарағандыда да бар. Барлық өңірлердегідей, біздің басты серіктесіміз – облыс әкімдігі мекеме инфрақұрылымын таңдау, жөндеу жұмыстарын жүргізу және кадрларды іріктеуді қамтамасыз етті, – деді Зәуре Байменова.

Жоба аясында жаңа нейрохирургия бөлімі де ашылған. Ауруханаға орнатылған жабдық жоғары технологиялық операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан, бала ем қабылдағаннан кейін бірден оңалтудың екінші кезеңіне өтеді және дәл осы оңалту орталығына келеді.

«QH оңалту орталықтары» – қоғамды қор жүзеге асырған жобаның екіншісі. Мұнда 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттілігі бар балаларға кешенді оңалту көмегі көрсетіледі. Ел бойынша осындай 6 оңалту орталығын ашу жоспарланған. Бүгінде оның бесеуі жұмыс істеп тұр. Жаңа жабдықтарды, әдістемелерді қолдана білу үшін мұндағы мамандар алдын ала оқытылған.

Облыстық балалар ауруханасының директоры Арғын Бидайбаев «Мұнда оңалту орталығы ауадай қажет болды» дейді. Әсіресе, үйде отырған, сөйлеу және қозғалыс жүйелерін дамыту жағынан көмекке мұқтаж балаларды оңалту өте маңызды.

– «Қоғамдық қордың көмегімен біз екі оңалту орталығын қажетті форматта ашуға мүмкіндік алдық – бұл әрі балаларға, әрі оларға көмек көрсететін дәрігерлерге ыңғайлы болуы үшін жасалды, – деді Арғын Бидайбаев.

Оңалту бөлімшесі толықтай жабдықталған. Палаталар екі орынды, өз асханасы бар. Сондықтан, аналар балаларымен бірге бұл жерде жайлы уақыт өткізе алады. Қазіргі таңда оңалту орталығында 100 төсек-орынға дейін.

– Біздің ауруханаға түскен кез келген бала мультидисциплинарлық топтың қарауынан өтеді. Дәрігерлер кеңесіп, баланың оңалтудың қай курсынан өтуі керектігін анықтайды. Бұдан бөлек, науқасқа қажетті кеңес беріледі, тексеруден өтіп, ем қабылдайды. Алғаш ашылған 2023 жылы 10 бала оңалту көмегіне жүгінді. Ал қазір жылына 1600-1700 балаға дейін қабылдаймыз. Біз балаларға ғана емес, олардың аналарына да үй жағдайында оңалтуды қалай істеуді үйретеміз, – деді Арғын Бидайбаев.

Оңалту орталығында ем алып жүрген балалардың қарасы қалың. Мәселен, эмульсиялық ванна, яғни, гидромассаж қабылдап жатқан нәрестені жолықтырдық. Анасы Снежана Смиричинская мұнда екінші мәрте келгенін айтты. Екі ай бұрын баласының үлкені электроскутерден құлап, өте ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Баланың миына қан құйылған. Дәрігерлер оған тек 20% ғана өмір сүру мүмкіндігін беріпті.

– Ауруханаға түскенде 5 күн бойы жансақтау бөлімінде жаттық. Содан кейін бізді нейрохирургия бөліміне ауыстырды. Қолын қозғауға болмайтын еді. Одан кейін біз мұнда 21 күн жаттық. Ол кезде ұлым арбаға таңылған болатын, сол жақ денесі мүлдем жұмыс істемеді. Бірақ осы аурухананың арқасында ол өз бетімен тұра алатын болды. Дәрігерлер бізге үйде қалай әрекет ету керек екенін, қалай жаттығу жасау керек екенін үйретті. Үйде дәл солай жасадық, бәрін қайталадық. Осындай жаттығулардың арқасында ол өз бетімен қозғала бастады. Қазір өз аяғымен жүреді. Миы да қалпына келіп жатыр. Бірақ, бір бөлігі жұмыс істегенімен, бір бөлігі әлі әлсіз. Дәрігерлердің айтуынша, миындағы қан толық тарағаннан кейін, ол бұрынғы қалпына келеді, толыққанды бала болады. Қазір оңалтудан өтіп жүрміз. Ұлымды аяғынан тұрғызған дәрігерлерге алғысым шексіз, – деп ағынан жарылды ана Снежана Смиричинская.

Күйікке қарсы технология

Қарағанды өңірі – жер асты әдісімен көмір өндіретін әлемдегі ең ірі көмір бассейндерінің бірі. Ал, көмір шахталарында метан газының көп мөлшерінен жарылыстар мен апаттар жиі орын алады. Соның салдарынан термиялық күйік пен жарақат алған шахтерлер жақын маңдағы медициналық мекемелерге жеткізіледі. Атап айтқанда, территориялық орналасуына байланысты Теміртау қаласындағы көпсалалы ауруханаға, сондай-ақ, жоғары білікті мамандандырылған көмек көрсету мақсатында профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға жіберіледі. Күйік жарақатын алған науқастарды емдеу – күрделі және бірнеше кезеңнен тұратын процесс. Ол айтарлықтай ресурстарды, сондай-ақ, травматология бөлімшесінде заманауи медициналық техниканың болуын талап етеді. Сонымен қатар, күйік алған науқастарды емдеуде қазіргі заманғы технологияларды қолдану үшін бөлімшенің материалдық-техникалық базасын жақсарту мүмкіндігі маңызды.

Бұл тұрғыда «Қазақстан хал­қына» қоры Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханаға күйік жарақатын алған науқастарға шұғыл медициналық көмек көрсетіп, емдеуге арналған жоғары технология­лық жабдықтар сатып алды. Комбустиология, яғни, күйік ауруын емдеу қызметін дамыту жобасына 325 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсаған.

Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың профессоры Берік Төлеубаевтың айтуынша, жаңа аппараттар ауыр халдегі нау­қастардың өмірін сақтап қалуға көп көмегін тигізеді. Сөзінше, күйіктерді емдеу – травматология мен ортопедия саласындағы ең күрделі бағыттардың бірі. Әсіресе, терінің көп бөлігі зақымданған жағдайда әрбір стационар мұндай науқастарды қабылдауға мүмкіндігі бола бермейді.

– Мұндай науқастарды арнайы жабдықтарсыз күту – өте ауыр міндет. Қазір бізге қордың көмегімен ересектерге арналған 3 комбустиологиялық кереует берілді. Олар күйік шалған науқастарды емдеу­ге арналған, кереует ішіне кварц құмы толтырылған. Ал, астыңғы жағында қажетті температураны ұстап тұратын турбиналар орнатылған. Кереуеттің үстінде микроперфорацияланған жайма төселген, құм өтпейді, бірақ, ауа өткізеді. Бұл салмақсыздық күйіне ұқсас жағдай. Мұның бәрі күйік жараларын ұқыпты емдеуге мүмкіндік береді, науқастар ауырсынуды сезінбейді. Жаралардың жазылуына әсер етіп, зақымдалған терінің инфекция жұқтыру қаупін азайтады, – деді Берік Төлеубаев.

Түйін

«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы құрылғаны белгілі. Президент «Бұл – барлық қазақстандықтардың қоры, халықтың қоры» деген болатын.

– Ол әкімшіліктің немесе Үкі­мет жанында жұмыс істемейді. Беделді бақылау кеңесі құрылып, әділ жауапты басшы тағайындалады. Оның қызметінің толық ашық­тығын, есептілігін және қоғамның бақылауында болуын қамтамасыз етеміз. Жоспарлар, бюджет және жобалар сайтта жарияланады. Барлық ақпарат ашық болады. Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асы­рылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде қоғамдық қор өңірлердегі мұқтаж азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуді көздейтін ауқымды бастамаларды қолға алды. Қарағанды облысында да денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларында қаншама қайырымдылық бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Қайырымдылық қордың осы күнге дейін атқарған игі ісіне ел риза. Мұны разы болған жұрттың өзінен-ақ анық байқайсыз.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button