Демократиялық даму бағдарламасы
Тәуелсіз Қазақстанның тоталитарлық коммунистік қоғамнан қалған «қу тақырға» құрылғаны баршамызға аян. Өнеркәсіп пен өндіріс салалары дағдарысқа ұшырап, экономика жеріне жете тұралады, қалалар мен ауылдарды жұмыссыздық пен жоқшылық жайлады, ел санасында күдік пен үміт арпалысты.
Егемендігі осындай тығырықтан басталған ел экономикасы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биік мақсаттарды көздеген сындарлы саясатының, кемеңгер даналығының арқасында аз жылдар ішінде қарыштап дамыды, мемлекетіміз халықаралық саяси-экономикалық аренада ешқандай мемлекеттің дамуына ұқсамайтын жаңа тұрпатты, мақсаты мен нәтижесі айқын, өзіндік сара жолын салды.
Тәуелсіздік тізгіні қолына енді тиген ел үшін бәрінен бұрын жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту және бұрынғы экономикалық байланыстардың үзілуі жағдайында экономикалық реформаларды жүргізу аса қиынға соқты.
1992 жылдың басында Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» жасалды. Ол еліміздің тарихындағы орташа мерзімге арналған тұңғыш даму жоспары еді. Бұл 1990-1991 жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде ойластырылмай жасаған іс-шаралардан бас тартып, елдің даму жолын әбден айқындап алып барып ойластыруға бағытталған алғашқы жоспар болды. Үш жылға арналған мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы стратегиясында еліміздің мемлекет ретінде қалыптасуы қарастырылды.
Мемлекеттің қалыптасуы ең алдымен биліктің мемлекеттік институттарын құрудың, жалпы халықаралық аренада мемлекет ретінде танылуға жетудің, дүниежүзілік әртүрлі ұйымдарға кірудің қажеттілігін көрсетті. Бұл алғышарттарды орындамай әлемге мемлекет ретінде танылу мүмкін емес еді. Бұл құжат Елбасымыздың сөзімен айтқанда «тірі қалудың стратегиясы ретінде өз мақсатын орындап шықты деп нақты айта аламыз. Атап айтқанда, ол біздің кім екенімізді, таяу және алыс болашақта кім болатынымызды айқындап берді».
Елбасы 1997 жылы Қазақстан халқына жолдаған алғашқы Жолдауында еліміздің 2030 жылға дейін дамуының стратегиясын ұсынды. Уақыт оның ел болашағы үшін батыл әрі даналық көрегендікпен жасаған игілігі ұшан-теңіз қадам екенін бүгінде айқын дәлелдеп отыр.
«Мәңгілік Ел» идеясын, татулық пен ынтымақтастықты, халықтар достығы мен бейбітшілікті, баянды тұрақтылық пен халықаралық саяси-экономикалық мәдени байланыстарды, өзара тиімді әріптестікті тұғырына арқау еткен мемлекетіміз тәуелсіздігінің 25 жылында дамыған 30 елдің қатарынан орын алып қана қоймай, Еуразия құрлығындағы бейбітшіл биік беделі халықаралық дәрежеде мойындалған бірден-бір мемлекетке айналды.
Президентіміздің 2005 жылғы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңғыру жолында» атты халыққа Жолдауынан кейін мемлекетті реформалаудың кезең-кезеңге негізделген жаңа үрдісі басталды. Елбасы айқындаған «Қазақстан – 2050» бағдарламалық құжатында белгіленген мемлекеттік реформалық іс-шаралар мүлтіксіз жүзеге асып, еліміздің әлеуметтік- экономикалық күш-қуатының жыл өткен сайын еселеп артуының, елімізде демократияның жарқырай жаңғыруының негізгі алғышарты болды.
Бейбітшілігі мызғымайтын өркенді еліміздің халықаралық нық сенімге ие болған әлемдік абыройлы даңқы республикамызға жыл сайын миллардтаған инвестиция құюда.
Еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше болуы, Астананың «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу мәртебесін иеленуі соның айқын айғағындай.
Президентіміздің мемлекеттік басқарудың заманауи, демократиялық үлгісін қалыптастыру саясатын әділетті де ел мүддесіне тиімді жүргізуінің нәтижесінде республикамызда кәсіби Үкімет, пәрменді Парламент, тәуелсіз сот билігі қалыптасып, халыққа қалтқысыз қызмет етуде.
Қазақстан Республикасының Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі билік тармақтары – атқарушы билік, өкілетті билік және президенттік билік арасындағы әділетті тепе-теңдікті орнату арқылы қоғамды демократияландыруда жасалған нақты қадам деп білеміз. Екіншіден, үндеудің мақсаты Парламенттің халық алдындағы, Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық салаларды дамытуға деген жауапкершілігін арттыру болып табылады. Үндеудегі жаңашылдық елімізде мемлекеттік басқару ісін жетілдіруге негізделгені сөзсіз және қоғамдағы ашықтықты айқындай түседі. Сонымен қатар, бұл құжат ел дамуының жаңа сапалы кезеңге көтерілгенінің ақиқаты деп білеміз.
Ғазым ЖАРЫЛҒАПОВ,
Ғалым Жарылғапов атындағы
аграрлық колледждің директоры,
облыстық мәслихаттың депутаты.