Демеу бар жерде даму бар
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға білім беру – қазіргі қоғамның өзекті міндеттерінің бірі. Психофизикалық дамуындағы проблемалары бар балалар қатары көбейген сайын бұл мәселенің маңыздылығы еселене түсуде. Бұл бағытта жұмысты күшейту керектігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше мәрте айтты. Президент: «Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар көбейіп барады. Балалар сапалы қызмет алу керек», – деген болатын. Мұндай балалардың ортаға бейімделуі үшін көп қолдау қажет екені белгілі. «Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болуда. Өскелең ұрпақ өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында кәсіби бағдарлау ісіне назар аударып. Кейінгі кезде кәсіптік бағдар беру туралы түсінік кең өріс алды. Ерте жастан мамандық таңдауға мән беретін жұрттың қатары көбейіп келеді. Бұл ретте жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін кәсіби бағдарлаудың маңызы айтпаса да түсінікті. Өзінен өзге сенері жоқ жастар болашақ мамандығын дұрыс таңдап, өмірден өз орнын тапқаны қуантады. Бұл істе «Аяла» қоғамдық қоры көп жылдан бері жан-жақты қолдау білдіріп келеді.
Кәсіби бағдарлау – болашаққа қадам
«Аяла» қоғамдық қорының Қарағанды облысында кәсіби бағдарлау бағытындағы жұмысты бастағанына біраз жыл болды. Қордың вице-президенті Наталья Еськованың айтуынша, қор жүргізетін «Кәсіби бағдарлау» жобасының мақсаты – балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың балаларын әлеуметтік бейімдеуге көмектесу.
– Біз осы білім беру мекемелерінің балалары оқуын бітіргеннен кейін өмір сүруге, оқуды жалғастыруға және дамуға көмектесетін пайдалы практикалық дағдыларды меңгеріп, жұмыс тапқанын қалаймыз. Мектеп-интернат немесе балалар үйін іздеп, олардың қажеттіліктерін анықтаймыз. Демеушілер тауып, қажетті жабдықтарды сатып алып береміз. Осы жолы CUMMINS Қазақстан компаниясы демеуші болуға ниет білдірді, – дейді ол.
Аймақтағы «Таңшолпан» арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиленушілері екі жылдан бері компания мен қор қолдауымен ашылған тігін шеберханасында тігу машықтарын меңгеріп келеді. Міне, биылғы курсты 15 жеткіншек бітіріп отыр.
– Ерте кәсіби бағдарлау бұл балалар үшін маңызды. Олар кейін болашағын құра алатындай мамандық таңдауы керек. Тігін шеберханасының арқасында балалар бір істі меңгерді десе болады. Бізден шыққаннан кейін балалар осында игерген кәсіптері арқылы өзін-өзі асырай алатындай болуы керек. Биыл шеберханаға жаңа жабдықтар әкелінді. Бұл балалардың құлшынысын арттырды, – деді орталық директоры Серік Әмірханов.
Курсты арнайы маман Анастасия Бугинова жүргізіп келген. Кәсіби тігінші өз білгенін тәрбиеленушілерге үйретіпті.
– Басында біз қарайым тігіс түрлерінен бастадық. Кейін күрделі дүниелерге көштік. Мынаны қыздар өздері тігіп шықты, – деп ол косметика салатын кішірек сөмкені көрсетті. – Астары сырылған. Жастықша, алжапқыш, шопер тікті. Сонымен қатар, жаңа құралдардың арқасында балалар киімге, шоперге сурет, жазу жабыстыру техникасын меңгерді. Болашақта қыздар өндірісте істей алады, өз ісін бастай алады, термопресс арқылы логотип жабыстыра алады. Шеберханадағы барлық жабдықтан бастап, мата, ине-жіпке дейін CUMMINS Қазақстан компаниясы алып берді. Бұл үшін оларға алғыс білдіреміз.
Курсты тәмамдағандардың бірі – Айжан Рамазан. Ол №18 жалпы білім беретін мектептің 9 сыныбында оқиды.
– Курсқа басталғаннан бері қатысамын, маған ұнайды. Тігу үйрендім, қазір өзім футболка тіге аламын. Бұдан басқа спорттық үйірмелерге қатыстым. Осы жерде үйренгенімді пайдаланып, болашақта Қарағанды университетіне дизайнерлік мамандыққа түскім келеді, – деді ол.
Орталықта слесарлық-токарьлық іске баулитын шеберхана бар. Оны да осы қор ашып берген. Жыл бойы істейтін жылыжай, коворкинг орталығы, хореография, графика, дыбыс жазу студиясы, туризм үйірмелері, фотостудия, спорттық секциялар бар.
Білім басқармасының бас маманы Ольга Токубаеваның айтуынша, жыл сайын арнаулы мекемелерді 70-80 адам бітіріп шығады.
– Биыл 74 түлек бітіреді деп отырмыз. Колледжге, жоғары оқу орындарына түспекші. Қазіргі уақытта жетім және ата-аналар қамқорлығынсыз қалған 518 студент бар. 38 колледжде түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету ісі жолға қойылған, – деді Ольга Александровна.
Орталық тәрбиеленушілері жиналғандарға шоперге «Аяла» қоғамдық қоры мен CUMMINS Қазақстан компаниясының логотиптерін термопресс арқылы басып көрсетті.
Маман қазіргі кезде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың қатары айтарлықтай азайғанын айтты.
– Мұнда тұрақты тұратын жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және уақытша топтар бар. Олар мұнда жарты жылға дейін қалады. Ата-анасының мәртебесі анықталғанша. 84 баланың 21-і – уақытша тұратындар.
Ерекшелік артықшылыққа айналғанда…
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау орталығында да кәсіби бағдарлама бағытындағы жұмыс жүйелі жолға қойылған. Орталықтың 27 тәрбиеленушісі «Кондитерлік іс» және «Мейрамхана ісі» бағыттары бойынша кәсіби бағдарлау курсынан өтті. Оқытуды Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің оқытушылары жүргізген. Жеткіншектер оқу жылы басталғаннан бері үйренгендерін қорытындылап, сертификатқа ие болды.
– Біздің кәсіптік бағдарлау толығымен тәжірибелік тұрғыдан жүргізіледі. Біз тәрбиеленушілеріміздің әлеуметтенуіне басымдық береміз. Барлық бастамалар мен жобалар білім басқармасымен келісіледі. Бұл курс міне, аяқталды. Бірақ, бұл іс жалғасын табады деп ойлаймын. Басқа бағыттар бойынша курс ұйымдастыруымыз да мүмкін. Жалпы, курс балалар үшін қызықты болды. Осы кәсіби бағдарлау арқылы 4 бала Қарағанды тамақтану және сервис колледжіне түскен болатын, биылғы екі түлек осы оқу орнына баруды жоспарлап отыр. Үш бала былтырдан бері «Хани» дәмханаларында бариста болып жұмыс істеп жүр. Кейтеринг, үйден тағам дайындау қазір үлкен сұраныста және өте табысты іс. Тәрбиеленушілеріміздің белгілі бір істі меңгеріп, болашақта маман болғанын қалаймыз. Осындай пайдалы және қажетті оқытуды ұйымдастырғаны үшін CUMMINS Қазақстан компаниясы мен «Аяла» қайырымдылық қорына алғыс айтамыз, – деп атап өтті ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының директоры Дәнекер Сейсекина.
Бұл ретте «Аяла» қорының өкілі кәсіптік бағдарлау жобасы Қазақстан бойынша біздің облыстағы осы екі орталықта ғана жүзеге асып жатқанын жеткізді.
– Біз Оқу-ағарту министрлігі өкілдеріне осы жобалар туралы айттық, оны барлық өңірлерге енгізу қажеттігін де ұсындық. Себебі, кәсіби бағдарлау жобасы екі орталықта да нәтижелі екенін көріп отырмыз. Балалардың ынта-ықыласы, қызығушылығы жоғары. Біз үшін олардың әлеуметтік ортаға сәтті бейімделуі бірінші кезекте, – деді Наталья Еськова.
Қарағанды сервис және тамақтану колледжі директоры Құралай Әбенова да мұндай нәтижелі әріптестікті жалғастыруға ниетті екендігін жеткізді.
Балаларды «Кондитерлік іс» курсы бойынша оқытқан Виктория Рябцева бір жыл ішінде балаларға бауыр басып қалғанын айтты.
– Тәттілер, фуршеттік тіскебасарлар пісіруді, салфетка қою, дастарқан жаюды үйренді. Қордың қолдауының арқасында кондитерлік жабдықтар мен бұйымдардың керекті барлық түрі бар. Балалар оның барлығын қолдануды үйренді. Сабақта бірінші теория айтылады, кейін өздері жасап көреді. Балаларға бастапқыда қиындау болды, олар мұнда тамақ істемейді. Олармен көп жұмыс істегеннен бе, олардың бойындағы қандай да бір ерекшелік білінбейді. Бастысы, олардың құлшынысы – жоғары. Қор рұқсат етсе, бұл істі келесі жылы да жалғастырғымыз келеді. Өзім жазғы демалыс кезінде келуді жоспарлап жүрмін, – деді ол.
Айрықша балаға – айрықша назар
Қарағанды облысында ерекше білім алуға мұқтаж 14 788 бала бар. Оның 2475-і – мүгедек. Кейінгі бес жылда арнаулы білім беру орындары көбейіп келеді. Қазір олардың саны 30-ға жеткен. Оларды материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етуде де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясы кеңейіп келеді. №3 арнайы мектеп-интернатта болып, аталған қор мен компанияның көмегімен жабдықталған аудиосыныпты көрдік. Ол 1-4 сыныптардың балаларына толық есту-сөйлеуге көмектеседі.
Орталық директоры Ляйля Қабдрахманова мұндағы 116 баланың барлығының естуінде ақауы бар екенін айтып отыр. Сол себепті де, демеушілердің көмегімен ашылған аудиосынып оқушылар үшін маңызды екенін тілге тиек етті.
Бастауыш сынып мұғалімі Айнұр Жазыбекова аудиосынып мүмкіндіктерін көрсетті. Балалардың барлығы арнауы құлаққапты тағып, микрофондарын қосып мұғалімнің сұрақтарына жауап бере бастады. Естуінде кемістігі бар балалар үшін анық есту мүмкіндігі өздерінің де айтқан сөзін естуге, дыбысталуды түзетуге ықпал етеді. Айнұр Құсайынқызының айтуынша, сыныпта бір мезгілде 10 бала оқи алады.
– Аудиосынып сабақ кезінде есту шектеулері бар бала үшін толық есту-сөйлеу ортасын қамтамасыз етеді, – дейді Айнұр Жазыбекова. Ол сөз ырғағын, сөйлеу қарқынын, үзілісті, сондай-ақ, сөз бен сөз тіркестерінің біріктірілген және бөлек айтылуын бақылауға мүмкіндік береді. Бұл бізде 4-сынып оқушылары. Біздің барлық сабақтарымыз осы сыныпта өтеді. Мұғалім ретінде балалардың мүмкіндіктері артып келе жатқанын байқаймын. Балалардың сабаққа қызғушылығы да артты.
Оқушылардың жұмыс орындары микрофонмен жабдықталған. Мұғалім сабақ кезінде радиомикрофонмен еркін жүріп-тұра алады. Мұғалімнің басқару пульті оған оқу кезінде материал таңдауға, оқушыларға орындарынан сауалнама жүргізуге, сондай-ақ, оқушыларға сыныптың фондық шуылынан педагог дауысын бөлуге мүмкіндік береді.
Ляйля Бейбітқызы орталықта роджер жүйесі, индукционды ілгек, аудиометр секілді құралдар бар екенін айтты.
– Балалар үшін арнайы құралдардың көмегімен қажетті жағдай жасалады. Күндіз сабақтар, түстен кейін тәрбиешілермен жұмыс жүргізіледі. Мектеп-интернатта жатып оқитындар да бар. Жеке сабақтар, сурдопедагог, дефектологтармен жұмыс жолға қойылған. Баланы сөйлеуге үйрету – басты мақсатымыз. Қазір сіздер көрген балаларымыз 1 сыныпқа келгенде сөйлеу білмеген. Есту ғана емес, сөйлеу мүмкіндігін қалыптастыруға тырысамыз. Балалардың алтауы мүлдем естімейді, қалғаны нашар еститіндер. Бүгінде кохлеарлы имплантация қолжетімді. Балалардың 10 пайызында мұндай имплант бар. Оны қою баланың ата-аналары еркінде, – деп түсіндірді ол.
Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар үшін кейінгі жылдары елімізде жағдай жасалып келеді. Аймақ колледждерінің 71%-да, мектептердің 81%-да және балабақшалардың 50%-да инклюзивті орта қалыптасқан. Мұны білім басқармасының бас маманы Галина Әбішева айтып отыр.
– Кедергісіз орта негіздері аймақтағы 80 нысанда жасалады. Психологпедагогикалық қолдау үшін 280 педагог-ассистент еңбек етуде. Алдағы уақытта Оқу-ағарту министрлігі арнаулы мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілеріне жеке көмекші тағайындау мәселесін қарастырып жатыр. Облыста мұндай 10 интернет бар, оларда 1 511 бала оқиды. Осы мекемелерді күрделі жөндеу үшін былтыр 1 млрд. теңге, арнайы оқулықтар мен әдістемелік құжаттар үшін 260 млн. теңге бөлінді. «Қазақстан халқына» қорына, «Аяла», «Дара», «Болашақ» қорлары бізге материалдық-техникалық базаны нығайтуға, педагогтарды оқытуға көмектесіп келеді. Сол үшін де ризашылық білдіреміз, – деді Галина Зекенқызы.
– Біздің компания үшін корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жобалары – өңірлердегі қызметтің маңызды бағыттарының бірі, – деді CUMMINS Қазақстан компаниясының техникалық жетекшісі Виталий Ни. – Біз Қарағанды облысында жұмыс істейміз және қиын өмірлік жағдайдағы балаларға көмек көрсетуге, ерекше білім беру мүмкіндіктері бар балаларды дамытуға және оқытуға қолдау көрсетуге қуаныштымыз. Біздің қызметкерлер кәсіби бағдарлау курстарына белсенді түрде қатысты: еріктілер ретінде келіп, балалармен шұғылданды, қалай дайындалатынын үйретті, оқудың қалай өтіп жатқанын тексерді. Қайырымдылық ісіне жеке қатысу – бұл біздің бүкіл ұжым мен компания жаһандық деңгейде қолдайтын құндылықтар.
Бұл – «Аяла» қоғамдық қоры жабдықтап отырған Қазақстан бойынша төртінші сынып. Наталья Еськованың айтуынша, қор бұл бағыттағы жұмысты «Айрықша балаларға – айрықша назар» жобасы аясында жүзеге асырып келеді.
– Менің ойымша, бұл – тиімді корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің тамаша үлгісі. Өйткені, білім мен пайдалы дағдылар балалармен өмір бойы қалады. Олардың болашақ кәсібі мен қаржылық дербестігінің негізі болатынына сенімдімін, – деді ол.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz