Бас тақырып

Декларацияның соңғы аккорды

Экономикасы дамыған және өркениетті, салық әділ салынатын, сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикасыз мемлекетте өмір сүру үшін елімізде жалпыға бірдей декларациялау енгізілген болатын. Себебі, әлемнің дамыған елдерінің тарихына зер салсақ, сыбайлас жемқорлықпен күресудің бірден-бір тәсілі осы екенін көруге болады. Осының негізінде халықтың кірістері ғана емес, әлеуметтік шығындарының салық шегерімдері туралы да ақпарат қалыптасады. Қазір декларациялаудың үшінші кезеңі жүруде. Яғни, заңды тұлғалар мен құрылтайшылар, олардың жұбайлары, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер тапсырады. Ал, соңғы, төртінші кезең 2025 жылы басталады. Бұл ретте салық төлеп отырған қазақстандықтардың барлығы жалпыға бірдей декларация тапсыруға міндетті.

Сурет supremebookkeeping.co.uk

2025 жылдан декларацияны еліміздің барлық салық төлеу­шілері тапсырады Ал, мемлекет декларацияларды әлеуметтік шығыстар бойынша алынған кірістер мен қолданылатын салық шегерімдері туралы ақпарат көзі ретінде пайдаланады. Бұл мәліметтерді талдаумен қатар, міндеттемелерді орындаудың ағымдағы жай-күйінің егжей-тегжейлі көрінісін көрсетеді. Одан бөлек, дәл осы жалпыға бірдей декларациялау аясында халықтың әлеуметтік осал топтары анықталып, мемлекеттік қолдау саясатын теңгерімді қалыптастырады деген болжам бар.

Салық декларациясын электрондық түрде және қағаз тасымалдағышта тапсыруға болатынын айтады Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Алданыш Адамбеков.

Мәселен, қағаз жеткізгіште Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, мемлекеттік кірістер органдарына немесе пошта бөлімшелері арқылы ұсынады.

– 2024 жылдан жеке тұлғалардың декларациясын ұсынудың бірыңғай мерзімі белгіленді. 250.00 нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны 2024 жылғы 15 қыркүйекке дейін өзінің тұрғылықты жері бойынша ұсыну қажет, – дейді Алданыш Мейірханұлы.

250.00 нысаны бір рет қана тапсырылатынын айту керек. Бұл ретте активтер мен міндеттемелер көрсетіледі. Оған жылжымайтын мүлік, жер учаскелері және жер үлестері, әуе және теңіз кемелері, көлік құралдары, арнайы техника және тіркемелер және тағы сол сияқтылар кіреді.

Ал, екінші 270.00 нысанда көрсетілуі тиіс кірістер мен мүлік туралы декларация – жыл сайын тапсырылады. Онда жылдық табыс, яғни, 12 айдағы жалақы, депозиттегі пайыздар, пәтерді жалға беруден түскен пассивті түсімдер және басқа көздер, ірі сатып алулар мен иеліктен шығару және тағы сол сияқтылар көрсетіледі.

– Халыққа ыңғайлы болу үшін салық төлеушінің кабинеті арқылы декларацияларды тапсыру бойынша cabinet.salyk.kz электрондық сервис, Moldir.qoldau.kz веб-порталы, «Электрондық үкімет» порталы жұмыс жасайды. Одан бөлек, Kaspi.kz, Halyk, bcc.kz, eGov mobile, «Е-Salyq Azamat» мобильді қосымшаларында электронды түрде ұсынуға болады. Азаматтар электрондық цифрлық қолтаңба алуға онлайн өтінім бере алады, ал, мобильді қосымшаларға қолтаңбасыз, смс-код арқылы кіруге болады, – дейді Алданыш Адамбеков.

Қабылданған шаралар жалпыға бірдей декларациялау кезеңінде жеке тұлғалардың салық декларацияларын қабылдауды уақытылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Алданыш Мейірханұлы халық арасында декларация тапсырудың ең танымал тәсілі – мобильді қосымша болып отырғанын айтады. Одан кейін – «Е-Salyq Azamat» және салық төлеушінің кабинеті.

Олардың үлесіне барлық қабылданған декларациялардың шамамен 95% тиесілі.

– Бүгінде азаматтардың 99% декларацияны электронды түрде ұсынады. Оны уақытылы ұсынбағаны үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік Құқық бұзышлық туралы Кодексінің 272-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген. Яғни, бірінші рет ескерту жасалады. Екінші рет декларацияны ұсынбағаны үшін 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Мәліметтерді толық көрсетпегендер де жазасыз қалмайды. Оларға үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл арқалайтынын айту керек, – дейді Алданыш Адамбеков.

Активтер мен міндеттемелер, кірістер мен мүлік туралы декларациялар активтер мен міндеттемелер болмаған кезде де берілетінін атап өткен жөн.

Естеріңізге сала кетейік, салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін барлық мемлекеттік кірістер басқармаларында бар сұрақтарға жауап алуға және декларацияны толтыруға көмек алуға болатын консультациялық орталықтар құрылды.

– Биыл республика бойынша кірістерді жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде барлығы 5 миллионға жуық адамның активтері мен міндеттемелері және жеке табыс салығы туралы декларацияларды тапсыруы керек. Дүрбелең болмас үшін облыс тұрғындарын декларацияларды тапсыруды кейінге күнге қалдырмауға шақырамын, – дейді Алданыш Мейірханұлы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button