Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат
«Егемендік туралы Декларация тәуелсіздігіміздің саяси-құқықтық негізін қалыптастырды. Бір сөзбен айтсақ, Декларация – еліміздің тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжат.
Егемендік Декларациясын халықтың жанжақты және ұзақ жылғы күресінің нәтижесі деуге болады. Әрине, мұндай қадамға бару оңай болған жоқ. Еліміздің сол кездегі саяси-әлеуметтік және демографиялық ахуалы тұрғысынан қарасақ, бұл өте батыл әрекет болатын», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бостандықтың шұғылалы шапағындай, сан ғасырлық арманның ақиқатқа айналған сәтіндей Республика күні есік қағып тұр! Жүрек төрінен орын алған еркіндік жыры тәрізді!..

…1990 жылдың 18 қазаны. Қарағандының көшелерін кезіп кеткен бір елең еткізер жаңалық естияр елдің көкірегінде үміт отын жақты. Сол күні «Орталық Қазақстан» газетінің №240 саны оқырман қолына тигентін-ді. Ал, оның үшінші бетінде жарық көрген ұлт болашағына сәуле шашқан тарихи баян – мұқым республика халқын терең ойға қалдырды. Бұл – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы Ерік Асанбаевтың «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияның жобасы туралы» баяндамасы еді.
Баяндаманың өзегінде айтылған басты идея – мемлекет тағдырын анықтайтын ендігі бірден-бір күш – халықтың өзі екендігі. «Қазақ КСР-інің егемендігі республика халқының қолында және тек халық қана мемлекеттік өкімет билігінің көзі саналады», – деп нақты айтылды. Осы бір сындарлы сөздер сол күннің
ресми мінберінен айтылғанымен, тұтас ұлттың жүрегінен шыққан үніндей естілді. Газет бетінде жарық көрген баяндаманы жұрт көз жазбай оқыды. Бірі үнсіз ойланып қалса, бірі үмітпен демін ішіне тартты. Көше бойындағы газет дүңгіршектерінің алдында адамдар жиналып, қолдарына тиген бір дананы таласа қарап жатты. Өйткені, олар сол жолы құрғақ статистика немесе ресми ақпарат емес, өз тағдырының бетбұрысын сезді. Сол бір қоңырқай күздің саялы салқыны саяси сахнада қызу талқылаулармен араласып жатты. Бірақ, бұл күн тарихта руһ оянған күн ретінде қалды.
…Республика күні – ұлт руһының оянған, азаттықтың ақ таңын жақындатқан Ұлы Күн! Ғазауатты ғасырлардың шаңдақты көшінде бодандық бұғауын да қалған халқымыздың жүрегінде маздаған Тәуелсіздік үмітінің шындыққа айналған сәті. Мейманасы тасыр мәртебелі мемлекеттілігіміздің негізі қаланып, таңғажайып тағдыр жолы ақзер арнаға түскен тарихи бетбұрыс! Осы күн – өкпек жолаушыдай қасымыздан жылыстаған өткеніне салауат айтқан, болашағына үр үмітінен үкі таққан, етігімізбен су кешпей, етегімізді қымтап, егемен ел боламыз, атымызға ауыздығымен су ішкізбей, һақымызға сызат түсірмейміз дескен қасиетті халықтың жүрегін отша шарпыған мезіретті кез! Задында мекеніміздің мүбәрәк мерекесі ғана емес, «Жаным туған топырағым үшін фида болсын!» дерлік әрбір қаракөз қазақтың кеудесінде от боп жанған еркіндік әні. Ұлы ұлт болып ұйысқан, ел болып еңсе көтерген сәттің сырашары.
Айтсақ айтқандайын, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Тәуелсіз Қазақстанның бірінші құқықтық құжаты – Республиканың егемендігі туралы Декларацияны қабылдап, Қазақстанның бостан мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жеті жиһанға әйгі етті. Төл тарихтың тағдырлы тұсында мемлекеттіліктің берік негізі қаланды. Еліміздің көк Туындай асқақ, Еуразия төсінде еркін желбіреген ұлы қағидаттар Тәуелсіздіктің рухани да, саяси да тұғырына айналды. Біртұтас мемлекет – бекем бірлігіміздің айғағы. Жерұйық атамекеніміздің тұтастығы ата-баба аманатына деген адалдықтың көрінісі. Ұлттық бірегейлікті нығайту – ұлттың үнін, ұрпақтың үмітін, тарихтың тінін сақтаудың кепілі. Азат күнін ардақтаған ел ретінде біз осы қағидаттарды жүрекпен қабылдап, болашаққа сеніммен қадам басамыз!
Тарих – тағдыр таразысы. Республика күні – сол таразының алтын басына тартылған, елдің егемендігін әйгілеген, мәңгілік ел болуға бағыт алған қасиетті күн. Бүгінгі бейбіт аспан, еркін ой, дербес шешім дербестік Декларациясынан бастау алады. Егемендік – тек елдің емес, әр азаматтың ішкі руһының да азаттығы. Ұлт ретінде ұйысып, ел ретінде еңсе тіктеген біз үшін Республика күні – өткеннің өнегесі, келешектің кемел кепілі. Осы күннің руһы ұрпақтың жүрегінде мәңгілікке жаңғырып тұрсын! Руһың биік болсын, Тәуелсіз ел!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ
«Ortalyq Qazaqstan»



