Әдебиеттегі әуезді әлем
Қазақ пен домбыра егіз. Киелі аспап сөзсіз, қазақ әдебиетінің төрінің де төбесінде. Қаракөз жұрттың шежіресіндей болған қос ішекті аяулы қалып елдің жаны мен рухының бізге жеткен куәгері дерсіз. Ықылым заманнан бері осы бірегей музыкалық дәнекер әдебиеттің ақзер әлемінде өзінше көрініс тауып, ұлттық бірегейліктің, мәдени мұраның өлмес, көнермес нышанына айналды. Назды үн, сылқылдақ мұң, сартап сарын қазақы сөз табиғатына дендеп кеткелі қашан…
Тиек
Тарихи тұрғыдан қу таяққа тартылған қос ішек қазақтың көшпенді өмір салтының ажырамас бөлігі болғаны аян. Оның тоғыз пернесінен шартарапқа ұшқан құстай әуелеген әуез күнделікті тұрмыс пен ең маңызды рәсім-жоралғымен біте қайнасты. Сырбазданған сырлы саз ауыз әдебиетіндегі дәстүр мен аңызды ұрпақ жадында жартастан талып естілген жаңғырықтай жаңғыртты, томаға тұйықтықтың тораңғысында жасырынбады. Ә деген бетте Анақарыстан Абайға дейінгі адуынды сөз жылнамасында домбыра Алаш сөзінің дәтіндей қалыпта бейнеленеді. Қай жанрды алсақ та тәңірінің күбіріндей күй сыйлаған тоғыз перне, қос ішексіз елестету әсте мүмкін емес. Осы турасында сан мәрте айтылды да, жазылды да. Осы аралықта домбыра даналық пен руханият мәйегінің өлмес нышаны, пәлсапаның пырағы ретіндегі рөлін қалтқысыз атқарып шығады. Қасиеті бөлек қара домбыраның ежелгі дәуірінен бастау тамыры терең тарихы бар.
Мәселен, археологиялық олжалар біздің дәуірімізге дейінгі қадым замандарда домбыраға ұқсас ішекті аспаптың болуын растайды. Тарихшы ғалымдардың айтуынша домбыра кемінде 4000 жыл жасаған уақыт безбені. Домбыра Махмұд Қашғаридің әйгілі «Диуану лұғат-ит-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбегінде айтылып, күмбірі күнде естілетін қастерлі қазынамыздың көшпенді мәдениеттің маңызды нышаны ретінде сипатталады. Тарих пен тағдырдың сан талқысына түссе де 50-ден астам эпикалық шығармалар осы қоңыр шанақтың сүйемелдеуімен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Ауыз әдебиетінің «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» және «Ер Тарғын» деген қатардағы батырлар жырында, сандаған эпос пен аңыздарда қос ішектен тараған әуез қапысыз жырланады. Осылайша қара домбыра баяндаушының серігі болып қана қоймай, ондағы көңіл-күйді жеткізу құралы ретінде де қызмет еткен.
Перне
ХХ ғасырдағы домбыра қазақ әдебиетінің өзгеше жырланған үлгісі қалыбына енеді. Заңғар Мұхтар Әуезовтің шығармаларында домбыра көбінесе ұлттық бірегейліктің белгісіндей суреттеледі. Оның астарында отаршылдық езгіге қарсы тұрудың тұмары іспеттес қылаңытуы да қаны тамған шындық. Мәселен, «Абай жолы» роман эпопеясында он тоғыз перненің қоңыр үні халықтың қайғы-қасіреті мен үмітінің үзімін білдіретін жан дауысы рәуішті естіледі. Қазақ жазушылары төл туындыларында түп тиекті аспап ұғымын лайықты деңгейде көрініс табуына ықтияр болып, ХХ және ХХІ ғасырлардағы проза мен поэзияда домбыра ұлттық мақтаныш пен мәдени мұра күйінде әспеттеледі. Сонау дулығалы дәуірлерден бермен қарай Ілияс Жансүгіров, Олжас Сүлейменов, Қадыр Мырза-Әлі, Жұмекен Нәжімеденов, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Тәкен Әлімқұлов, Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкен, Сайлаухан Нәкенов, Таласбек Әсемқұлов, Өмір Кәріп, Төрехан Майбас, Базар Мамыр, Тұрсын Жұмаш, Қалқаман Сарин, Мирас Асан, Жанат Жаңқашұлы, Жәлел Қуандықұлы, Ерік Нарын шығармаларында домбыра көбінеки отаршылдық атаулысына қарсылық пен бостандық рухын айқынырақ аңғартады. Сөз иелері өткен мен бүгінді, дәстүр сабақтастығы мен қазіргі шындықты байланыстыра жырлайды. Әлбетте, қай ақын қай жазушы болсын, қалам ұстаған қауым шығармаларында үкілі домбыраны арқау етпей кетпейді. Арагідік есім-сойы аталмай қалған қаламгерлеріміз қалса, ғафу өтінеміз.
Домбыраға арналған әдеби туындылар өркеуде өркениет заманында да өліні тірілтіп, қара жердің қойнауынан суырып аларлық өршіл пәрменге ие. Құбылғыдай құбылған қоғам жағдайында мәйекті мұра ұлттың рухани бірегейлігін қаз қалпында сары майдай сақтайды. Әдебиеттегі домбыра – өркениетке өршелене асыққан тасыр қоғамды жеңінен ұстап, өткені мен ертеңін таразылатады. Тамырына үңілтеді. Кермеге ат байлаған келімсек мәдениеттің жүзін жерге қаратады. Иә, мұқым алты Аланқа аян ақ домбыраның қасиетінен айналып кетелік. Қазақияның қай қиянында болсақ та, алдымен әдебиетті ауызша жетектеп, онан соң өзі ана тіліне айналып кеткен қасиетті қара шанаққа әрқайсымыз қарыздармыз ау, парыздармыз! Ендігіде әдебиетте заманауи бағыттардың бірі ретінде жаһандану мен мәдени өзгерістер контекстіндегі домбыраның рөлін зерттеу маңызды болар. Талай шешен мен дәулескер күйші саусағының шылауы дарыған киелі аспапты жазушылар мен ақындар қазіргі күн жағдайында өзінің маңыздылығын қалай сақтай алатындығы, оның дыбысы әр түрлі ұрпақ пен мәдениеттің адамдарын қалай біріктіре алатындығы туралы ойлайтыны шүбәсіз. Мұндай асыл шығармалар шаһқар құндылығымыздың ұлттық кодының ажырамас бөлігі болып табылатындығын, өзінің бірегейлігін сақтай отырып, жаңа жағдайларға бейімделе алатындығын тереңірек түсінуге итермелейді.
Шанақ
Талғампаздың талайын тамсантқан қазақ әдебиетіндегі домбыра феномені тарихи, мәдени әрі рухани аспектілердің бірегей үйлесімі деуге толық негіз бар. Өнер атаулыдан үлессіз қалмаған халқымыздың шым түбіндей терең тамыры мен бай дәстүрі сөз қазынасы арқылы зерделі ұрпақтың есінде мәңгілікке қалады. Байтақ жерінің бір түйір тасы көгерсе қуанып, қынасы сөгілсе де қиналатын жазушы қаламының ұшындағы қоңыр күй қазаққа бойсіңді болды. Сайын даланың көкжиекпен астасқан кеңістігінде, уақыт атты ұлылықтың шымылдығына жасырынған домбыра атты көзге көрінбес дирижері өткен мен алғыны байланыстырады. Құдды бір ата-бабамыздың қалғыған кезіміздегі болмашы сыбырындай. Күйшінің салалы саусақтары қос ішек пен 19 пернеге қапысыз тиіп, дала жүрегінен лақылдап шыққан соны сарынды тыңдатардай бір. Бұл күйдің әр ырғағы ғасырлар бойы сақталған елес еншіміз. Көл-көсір қуаныш пен батпан-батпан қайғы, ізім ғайым жоғалған үміт, мейірім мен махаббаттан сыр шертеді. Пернедегі күй мен терменің дауысынан көмескі тартқан көне аңыздың шамырқанысы мен риясыз бақытты сәттердің әнтек күміс күлкісі қоса естіледі. Қазақстан һәм домбыра! Екі ұғым да қос ішектей бір-біріне берік байланған. Әредік әкеден өсиет, жақсыдан қасиет дәметсек, төріміздегі үкілі домбыраға қол артып әлдебір әннің әуезін қоңырлата бергейсіз. Сезіміңізді сөзсіз жеткізіп, әлеммен саз тілінде тіл қатысып тылсымға иек қағасыз.
Шағырмақ
Андағайлап жеткен Ұлттық домбыра күнінде күстана күннің жетегінде кеткен құнтты дүниемізді құм астында қалған ықылымдардан аршып байқастадық. Алғыға алты аттап, алқаракөк аспаннан сыр аңдадық. Домбыра дауысына елең еткендей кейіп таптық. Шанағына құлақ түрдік. Тәубә-тәубә! Тұқылдан тұқым түлетпеген безбүйрек ұғым атаулысы қара домбыраның құлақ күйін келтіре жөнегенімізде ғайып болып кете барады-ау. Домбырадан шыққан саз айхой тірліктің ақжаймалы ақиқат алаңқайындай. Иыр-ғиыр күндерден көлденең келген күмбір алас-күлес көңілімізді орнында қалдырмады. Ал, біздік мұрат сол бір тылсым әуенді сөзбен патша көңіл оқырман қауымға ұсыну бола-тұғын. Бары – сол ғана… Ниет – ақ, көңіл – түзік. Керегі қайсы, кебегі қайсы таразылай жатарсыз.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz