Руханият

Белгілі жазушы Серік Сағынтайдың «Мыңжылдықтың соңғы күздері» және «Қайран менің Еділім» атты екі кітабы жарық көрді

Екеуі де Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің жаңа заман әдебиетін қолдауға арналған ауқымды жобаларының аясында басылды.

Сурет автордан

«Мыңжылдықтың соңғы күздері» кітабында Серік Сағынтайдың кейінгі жылдары жазған екі хикаяты мен екі әңгімесі топтастырылған.

«Мыңжылдықтың соңғы күздері» хикаяты кітап атауын арқалап тұр. Кітаптың мазмұнында «Мыңжылдықтың соңғы күздері немесе жас жазушының естеліктері» деп те кеңінен тарқатылған. Мемуарлық реңк бар. Мұнда жалындаған жастық шағы XX ғасырдың тоқсаныншы жылдарына тұспа-тұс келген қаламгер жолының бастауы бар. Жазушы адамзат баласының екінші мыңжылдығы аяқталар кезеңдегі басты кейіпкердің тағдырымен қабысқан ауылдың тұрмыс-тіршілігін, халқының психологиялық, әлеуметтік ахуалын суреттейді.

Кітаптағы «Оңқа-Жәдік оқиғасы» хикаясы Абылай ханнан кейінгі «көші де, даласы да жұпыны» күйге түскен қазақ халқының тарихынан сыр шертеді. Даламызда көшпелі өркениет шырағының сөнуге айналып, отырықшылық өмір салтының іргетасы қалана бастаған кезеңді суреттейді.

Кітапта «Періште» әңгімесі мен «Жарты қап кітап» әфсанасы бар.

«Қайран менің Еділім» – тарихнамалық эссе. Бұл кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың шығармашылығын зерттеу жұмыстары» жобасы аясында жазылды. Зерттеу тақырыбы – «Қазақ қайраткерлері мен жазушыларының Астрахан архивтері мен кітапханаларындағы мұралары».

Серік Сағынтай кітапта Ресей мұрағаттарындағы халқымыздың тарихына қатысты тың деректер барын айтты.

– Астрахан қаласының ежелден қазақ тарихына қатысы, қазақ жеріне, еліне тікелей қатысы бар екені тарихи дәлел-деректермен ғылым, әдебиет айналымына еніп кеткен. 1920 жылдары Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков бастаған Алаш азаматтары В.Ленинмен бірнеше дүркін жолығысып, сол кездегі Қазақстан территориясына қатысты маңызды құжаттар жасағанын тарихтан оқып білдік. Тек сол нақты қай территория екеніне, аталарымыздың еңбегі қалай бағалануда, аталардан қалған, көрші елдің ресми территориясына еніп кеткен аумақ тарихи уақыттарда қандай тағдыр кешкеніне қатысты ізденістер жасадық. Бұл тарихи оқиғалар архивте, ресми кеңестік тарихта, көркем әдебиетте қалай жазылды, қандай баға алды? Сол тарапта ізденістер жүргіздік. Астрахан облыстық мемлекеттік архивінде сонау 1840 жылдардан бастап қазаққа, қазақ даласына қатысты материалдармен таныстық, сараптадық, – деді автор.
Екі кітап жоба аясында еліміздің барлық кітапханаларына тарады.

Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button