Руханият

Дауысымен емдеген адам жанын

Елге өнерімен сыйлы әрі жүріс-тұрысымен үлгі қайсар қыздар болады. Мұндай ауыр жүкті арқалап жүру оңай емес. Десе де, олар өнерін шыңдауға және жардың бабын табуға һәм бала-шағаның тәрбиесімен айналысуға уақыт таба алады. Ал, қоғамдық жұмыстарға да өте белсенді қатысады десем, таң қалуыңыз мүмкін. Сан салалы салмақты жүкті көтерумен қатар, ел-жұртына емірене адал қызмет етіп жүрген қазақтың ер мінезді қыздарының бірі һәм бірегейі – Меруеш Башайқызы.

Суретте М.Башай жолдасы Е.Бақтыгереймен

– Осылай шауып жүріп, елу дейтін белеске де келіп қалыппыз. Ештеңе етпес, бастысы еліммен біргемін. Өнерім халқыммен табыстырды. Екеуіне мәңгі адалмын, – дейді кейіпкеріміздің өзі.

Меруеш ханым әу бастан өз өмірін ел тағдырына арнаған. Бітті. Сол сара жолда ар дейтін сауытын киіп алып, жүрегінде өнері мен отбасын қатар тербеп, өмір дейтін дауылды жолда қыранша қияға өрлеп барады.

Меруеш Башайқызы – 1974 жылдың 12 желтоқсанында Моңғолияның Баян-Өлке аймағында туған. 2014-2017 жылдары ҚарТУ экономика-менеджмент факультетін «Экономист-менеджер» мамандығы бойынша оқып бітірді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде заң факультетін құқықтану мамандығы бойынша аяқтады.

– Ата-анам қарапайым еңбек адамдары. Анам – Тоқтаған, әкемнің азан шақырып қойған аты – Орынбасар. Бірақ, оны ел-жұрт Башай деп атап кеткен. Екеуі де өнерге жақын еді. Анам – белгілі айтыс ақыны. Суырып-салып айтысатын, ойы ұшқыр, сөзге шешен болды. Теңеулері ұтымды, ұйқасы шымыр, айтысқанын жеңетін. Ал, әкем күйші еді. Үнемі шертпе күйлерді мақамына келтіріп шертетін. Әсіресе, Тәттімбеттің «Сарыжайлауын» ұнататын.

Менің әншілікке келуіме себепкер ата-анам. Анам ұзақ жыл тігін шебері болып жұмыс істеген. 12 бала тәрбиелеген алтын құрсақты ана. Айтыс ақыны бола тұра, өмірін өнерге арнай алмаған. Оған әкем де өзін кінәлі сезінетін-ді. Сондықтан, олар менің оқығанымды қалады. Бар жағдайымды жасады. Ол кезде бала қырқынан шыға сала жұмысқа шақырады екен. Қазіргідей 3 жасқа дейін демалыста отырмайды. Туыстарымның бәрі ән айтады. Домбыра, гитара тартуды Бақытжан деген ағамнан үйрендім. Моңғолияда қазақтың дәстүрлі өнерін үйрететін өнер ошақтары жоқ. Халық әндерін ел аузынан сіңірдік.

Өз басым бала кезден дәрігер болуды армандаған едім. Өйткені, анам көп ауыратын. 12 құрсақ көтеру оңай ма? Еңбек әбден қажытқан. Бірақ, ата-анам дауысымның бар екенін байқап, оны шыңдауға мүмкіндік жасады. Сабақты да жақсы оқыдым. Мектепті үздік бітірдім. Мұғалімдер даярлайтын техникумды да үздік аяқтадым. Еңбек жолым ауылда мұғалімдіктен басталды. Бұғылы мектебінде бес жыл сабақ бердім. Кейін Моңғолия мемлекеттік Мәдениет-өнер университетінің театр факультетіне оқуға түсіп, 2001-2005 жылдар аралығында білім алдым. Бұл маған өнерімді шыңдап, өзімді жетілдіруге зор мүмкіндік еді. Кейін Баян-Өлке қазақ музыкалық драма театрында бас режиссер және әнші қызметін атқардым.

Моңғолия мемлекеттік университетіне түсу өте қиын, талап күшті. Өйткені, білім беру деңгейі өте жоғары. Кім көрінген ақылы бөлімге оқуға түсе алмайды. Жоғары оқу орнына түскенде үш балалы ана едім. Үшеуінің арасы бір-екі жас. Анам маған «Сен оқуың керек!» деп балаларды алып қалды. Баян-Өлке мен Ұлан-Батырдың арасы екі мың шақырым. Моңғолияның театр және кино саласының жұлдыздары емтихан алып, 200-дей талапкерден 26 үміткерді іріктеп алды. Оқуды алты-ақ бала аяқтап, «Театрдың қоюшы режиссері» мамандығын алып шықтық, – деп еске алады Меруеш ханым.

Меруеш Башайқызы – өнердің төресі саналатын классикалық музыка саласында тер төгіп жүрген белгілі дирижер Ерлан Бақтыгерейдің жары. Ерлан Бақтыгерей – «Тәттімбет» атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. Осындай арқалы да талантты жанның бабын таба жүріп, елді өнерімен тамсандыру үшін үлкен жүрек керек екені шын ғой.

Ал, Меруеш ханымның ән айт­қанын көрсеңіз, «Алла Тағала бір басына сан қырлы талантты үйіп-төгіп бере салған екен» деп таң қалуыңыз ақиқат. Себебі ол сахнаға шыққанда ән айтып қана қоймайды. Жұртты шешен тілімен үйіре отырып, актерлік шеберлігімен тәнті ете барып, әуелете жөнеледі. Бұл да оның бірнеше өнерді меңгергенінің, жалпы әуелден өнер адамы болып туғанына дәлел.

Кейбір әншілер бір бағытта ғана ән шырқаса, Меруеш ханымға оң-солы бірдей. Табиғатынан қарға тамырлы қазақтың дәстүрлі әні мен халық әуендеріне бейім болса да, эстрада жанрында да кез келген әнді құлпыртуға қау­қарлы талант иесі.

Бұл сөзімізді Қазақстанның ғана емес, Моңғолияның да талғампаз тыңдармандары растай алады. Себебі Меруеш Башайқызында екі елдің де «Мәдениет қайраткері» деген атағы бар. Бұл – нағыз еңбекпен келген атақ және өзі іздеп келген мәртебе.
Репертуарында 500-ден артық ән бар десем, таң қаласыз. Екі шумақ әннің басын айтып, соңын ұмытып қалатын ақпарат дәуірінде осындай үлкен репертуарға ие болу ерлікке тең. Оның үстіне сол әндердің тең жартысынан көбі халық әндері болса ше? Жауапкершілік екі есе арта түседі.

Атап айтсақ, «Ел көшкенде», «Майда қоңыр», «Қайран заман», «Дей салдым-ай», «Илигай» сынды халық әндерімен қоса, Біржанның әні «Көкекті» әуелетуі ешкімге ұқсамайды. Ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлының өлеңіне жазылған «Қарағанды вальсі» туындысы да елдің жүрегінен орын алған.

Моңғолия және Қазақстан Рес­публикасында өткен көптеген халықаралық және республикалық әншілер байқауларының лауреаты.

Көптеген мерекелік медальмен және басқа медальдармен марапатталған.

Ол Жапония, Корея, Ресей, Қытай, Түркия, Германия, Франция, Ресей, Моңғолия сынды көптеген елдермен қатар, еліміздің барлық облысында өнерін паш етіп, елдің ыстық ықыласына бөленді. Алты баланы тәрбиелеп отырған «Күміс алқа иегері».

Меруеш ханымның атқарған жұмыстары мен жеткен жетістігінің бәрін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес…

2008 жылдан қазірге дейін Қарағанды облыстық Қ.Байжанов атындағы Концерттік бірлестіктің әншісі болып тер төгіп жүр.

– Меруеш Башайқызы – қазақтың ән өнерінде өзіндік орны қалыптасқан талантты әнші. Ешкімге ұқсамайтын дауысы бар. Таңғы шықтай, мөп-мөлдір. Халық әндерін нақышына келтіре орындайды. Қайраткерлігі бір төбе. Оркестрдің сүйемелдеуімен берген концерттеріне куәмін. Тәттімбет атындағы халық аспаптары оркестрімен бірге Моңғолия, Түркия сынды бірқатар елдерге барып өнер көрсетті. Елімізде ғана емес, шет елдердің музыка мамандары Меруештің өнеріне жоғары баға берген. Әлемдік классиканы да шебер орындайды, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болатхан Тәшімов.

Меруеш Башайқызының қоғамда түрлі бастаманы үйіріп әкетіп жүргенін білеміз. Солардың ішінде ерекше бір миссияны сүйсіне орындайды. Ол қандастар мәселесі. Осыдан 33 жыл бұрын 17 жасында таңғы шықтай мөлдір өнерімен алдыңғы буын ағалардың көзіне түсіп, көңіл түпкірінен орын алды. Осылайша, арнайы шақыртумен 2008 жылы атамекеніне оралды. Жәй оралған жоқ, атамекенін аңсаған қаракөз қандастарымызды бастап келді. Және әлі күнге сол азаматтық биіктен төменге қарай құлдыраған жоқ. Өйткені, елдің, жердің тағдыры оны жастайынан елтіп әкеткен. Ата-анасы осылай тәрбиелеген. Сол бекем де, берік тәрбие мен қамқорлық Меруеш Башайқызының жүрегіне Отанға деген махаб­баты ұялатты. Мәңгілікке.

Меруеш Башайқызының арқасында қаншама қандасымыз елге оралды десеңізші. Олар бүгінде алаңсыз өсіп-өніп жатыр. Солардың ақ тілеуі мен ризашылығы, батасы оны тілдінің тілінен, көздінің көзінен сақтап келеді десек, қателеспейміз.

2017 жылдан бастап, Дүние жүзі Қазақтарының Қауымдастығы Республикалық қоғамдық бірлестіктің Қарағанды облысы бойынша филиал басшысы болып әлемнің түпкір-түпкірінен келген қандастарға көмегін көрсетіп келеді. 2019 жылдан қазірге дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі қарамағындағы «Отандастар қоры» КеАҚ ақпараттық және құқықтық көмек көрсеткен кеңесші және бас сарапшысы.

Елімізге оралған, құжатын алып үлгермеген, азаматтығы жоқ, құжатын жоғалтып алған алты мыңға жуық құжатсыз қандастарымызды құзырлы мекемелермен, шет ел консульдықтарымен бірлесе жұмыс атқарудың нәтижесінде құжаттандыруға, Қазақстанның толыққанды азаматы болуға құқықтық көмек, қолдау көрсетті.

2012 жылдан Amanat партиясының мүшесі. Әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты.

Меруеш Башайқызының құрдастарына қарасаңыз әсте осал болуға хақы жоқ екенін ұғасыз. Олардың атақ-дәрежесін айтпай-ақ, Ерсін Мұсабек, Жансая Жарылғап, Руслан Нұрбай деп бірнешеуінің есімін атасақ та жеткілікті.

Сөз басында кейіпкеріміз дәрігер болуды армандағанын айтты. Анасын емдегісі келген. Бірақ, қазір байқасақ, сол арманына жеткен сияқты. Өйткені, ешкімге ұқсамайтын қоңыр дауысының сиқырымен емге мұқтаж жандардың жанын емдеп жүр…

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button