«Жасындай бір жарқ етер қысқа ғұмыр…»
Құрметті оқырман, назарларыңызға келместің кемесіне мінген қазақтың талантты һәм мөлдір ақыны Қайрат АСҚАРДЫҢ өлеңдерінен топтама ұсынып отырмыз. Бірінші өлең марқұмның соңғы өлеңдерінің бірі болуы ықтимал. Алақандай ғана ақ параққа қаламмен жазыпты.
РЕДАКЦИЯДАН

***
Алыстап барасың сен, асқақ арман,
Дәурен кеп кірпігімді жасқа малған.
Жігіттің ең жайсаңы мен едім ғой,
Самайым қырауланып, шаш та ағарған.
Ақ арман, жеткізбейсің сен ешкімге,
Мен үшін шығар шыңым елес мүлде.
Білмеймін, жақсылармен теңестім бе,
Білмеймін, қабырғаммен кеңестім бе?..
Затымды, болмысымды арамдамай,
Адымдап жүріп келем саған қарай.
Жасындай бір жарқ етер қысқа ғұмыр,
Қайтейін, жеткізбейсің, ақ арман-ай!..
ДАУЫС
Сәби туса, жаны пәк, ойында арай,
Сыйлайтынын сезбейді ғұмыр қайғы.
Заңдылықты ешқандай мойындамай,
Азаттық деп, шындық деп шырылдайды.
Біз Дауысты жүрекпен түйсінбейміз,
Ал, бейғамдық адамға талайғы жау.
Шырылдаса нәресте, сүйсінбей біз,
Тыныштықты бұзды деп қараймыз-ау.
Сәби сынды қорғансыз, гүл халыққа,
Күз боп ызғар шашамыз үлкендікпен.
Өмір сосын өтеді бір қалыпта,
Тыныштықты бұза алмай жүргендіктен…
***
Еліне еркін еркелеп өскен,
Мен де бір аңғал тентек
емес пе ем.
Көгілдір күмбез орнатқан кеудем,
Көктемдей арман, көркем елестен.
Сәби ем сыйлап сән менен әнін,
Тек думан болған Қызықтағаны.
Балаң жүректің балбөбек әнін,
Есейтіп өмір бұзып барады.
Ақ сезім сыйлап Атамекенім,
Арманның көлін кешіп жүр едім.
Өмірдің мынау қатал екенін,
Аңғармай аппақ есіл жүрегім.
Шарқ ұрып көңіл, шашылды сырлар,
Боздатып күйін мұң өпсе мені.
Ашылып алдан асулы шыңдар,
Шақырып жатыр күреске мені.
Тағдыры елдің маған жүктеліп,
Сындар тұр намыс, отты үміт беріп.
Еркелігімді адалдық көріп,
Тентектігімді тектілік деп ұқ!
***
Өмір-теңіз…
Сан жылдар сананы ыстап,
Адам толқын-тағдырмен сан алыспақ.
Уақыт-кеме тоқтамай алға тартып,
Күннен-күнге барады жаға алыстап.
Алып қалып ең қимас сәттерімді,
Жасыл арал – қол бұлғар – балалық шақ…
Адам, шіркін, қимастан кете барар,
Қайта-қайта артына қарағыштап…
ТІРШІЛІК
Біз, адамдар, өмір мәнін кеш ұқтық,
Айыра алмай күншуақ пен түнекті.
Батысымның көкжиегін бесік қып,
Тірлігімнің тағы да бір күні өтті.
Күміс көрпе төсеп бұлттың төсіне,
Торғын көкке толықсыған Ай шықты.
Қою қаймақ қалқып шығар бетіне,
Елестетіп берекеге бай сүтті.
Кең әлемге терезе боп шаңырақ,
Уайым-түндік сыпырылып жай тапты.
Үмітімнің жұлдыздары жамырап,
Ертеңімнен бір жылылық байқатты.
Сулулардың сұңғақ мойнын сәндеген,
Аппақ жібек орамалдай көлбеген,
Құс жолы да жатыр шұбап көлденең,
Ойлы жанға ол да өлең…
САҒЫНЫШ
Түсіме кейде енесің,
Ұмыт болды деп жүргенде.
Аққанат арман – елесің,
Кірпікке ілініп түндерде.
Көзіңде тұнық, таза мұң,
Қарасың сәл-сәл салқын ба?
Баяғы көркем ажарың,
Тәкаппар сол бір қалпында.
Мен тұрар едім мүдіріп,
Жүректен жанға жас тамып.
Ерніңнен сүймек түгілі,
Шашыңды ұстауға жасқанып.
Түсіме еніп кенеттен,
Жарқ етсе қайран дидарың.
Күндерімді еске ап сол өткен,
Жүректі оймен қинадым.
Жалт ете қалып өтті ол шақ,
Жанарың сынды өзіңнің.
Қайтеміз енді текке аңсап,
Күмбезін күл ғып төзімнің.
Арманнан алау-от жағып,
Қинайсың, жаным, несіне?
Сағыныш тамшы боп тамып,
Санамның терезесіне.
Сондай түс көрем тамаша,
Айналмас, әттең, түс өңге.
Отырған сәтте оңаша,
Ойыңа, әлде, түсем бе?..
Қайрат АСҚАР