Ресми

Дау мұраты – біту

Тараптарды татуластырып, шешім қабылдауға көмектесетін медиация қызметі жыл өткен сайын танымал болып келеді. Мәселен, биылғы алты айда Шахтинск қалалық сотында татуластырушы судьялардың қатысуымен 62 іс аяқталса, татуласуға байланысты 78 талап арызы қайтарылған. Бұл тараптарға уақыты мен қаржысынан бөлек, ең бастысы – денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Шахтинск қалалық сотының төрағасы Жанна Мырзахметованың қатысуымен өткен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Сурет hong-chiang.com.tw

Жанна Мәжитқызы «Дер кезінде жасалмаған дұрыс қадам кейін шақырымға айналып кетеді» дейді. Әсіресе, бұл сотқа келіп түсетін азаматтық істерге қатысты.

– 2022 жылғы қаңтардан Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне өзгерістер енгізілген болатын. Соған сәйкес, татуластырушы судья ұғымы енгізілді. Татуластырушы судьяға жанжалды сотқа дейінгі тәртіппен бейбіт жолмен шешу, дауды сот талқылауынсыз шешу үшін барлық талаптар келіп түседі. Сол арқылы ажырасу дауларын шешкен кезде медиация тәртібімен мүлікті бөлу, балаларды күтіп-бағу және тәрбиелеу, ортақ борыштарды бөлу бойынша барлық даулар шешіледі, – дейді Жанна Мырзахметова.

Одан бөлек, Кодекске енгізілген өзгерістер бойынша, сотқа дейінгі хаттаманың жаңа тұжырымдамасы енгізілген. Ол жөнінде тараптар татуластырушы судьяға қандай талаптары бар екенін айтып, дәлелдемелерін ұсынады. Ал, судья өз кезегінде дауды бейбіт жолмен, яғни, медиация арқылы реттеу үшін қандай жолдар бар екенін көрсетеді.

Жанжалды осындай жолмен шешу істі сотқа дейінгі хаттамасыз 10 жұмыс күні ішінде шешуге мүмкіндік береді. Ал, егер тараптар медиация арқылы шешуге келіспесе, талап арыз сот тәртібімен қарайтын судьялардың қарауына беріледі.

– Дауды медиациялық жолмен шешу кезінде біріншіден, шешімді сот емес, тараптар өздері қабылдайды. Сот тек осы келісімнің азаматтық заңнамаға сәйкес келуін, үшінші тұлғалардың мүдделері мен құқықтарын қозғамауын қадағалайды және оны бекітеді. Екіншіден, бұл дауды шешу мерзімдері, егер медиативтік келісімге қол жеткізу үшін 10-нан 15 жұмыс күніне дейін уақыт кетсе, дауды сот тәртібімен шешу үшін екі айдан екі жылға дейін уақыт кетеді. Үшіншіден, медиация сәтті аяқталған кезде жеңімпаздар да, жеңілгендер де болмайды. Жанжалға қатысқан тараптардың бәрінің мүддесі қорғалып, жеңіске жетеді, – дейді Жанна Мәжитқызы.

Ал, тараптардың біреуі міндеттемелерін орындамаса, онда жазбаша іс жүргізуде мәжбүрлеп орындау туралы арыз­бен сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот тараптарды шақырмай, Азаматтық процестік кодекстің 135-бабының 3-тармақшасы тәртібімен үш жұмыс күні ішінде сот шешімін шығара алады.

– Конституциямыздағы бірінші құндылық – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі. Сондықтан, медиациялық келісімге келу кезінде апелляциялық сатыдағы судьялардың да уақыты сақталады. Тараптар өз уақыттарын, ақшаларын және ең бастысы – денсаулығын сақтайды, – дейді Жанна Мырзахметова.

Судья төрағасы сотқа жүгінетін тараптардан татуластыру рәсімін өткізу үшін татуластырушы судьялардың ұсыныстарына қарсы болмауға, медиатордың кеңес­теріне құлақ асуға кеңес береді.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button