Дархан көңіл, дара тұлға
«Дана адам… өзін жарыққа шығара бермейді, сондықтан жүзі жарқын; ол өзі туралы айтпайды, сондықтан ол атақты; ол өзін-өзі дəріптемейді, сондықтан ол сыйлы; ол өзін асқақтатпайды, сондықтан ол өзгелер арасында биік болып табылады».
Лао-Цзы (біздің жыл санауымызға дейінгі VI ғасыр)
Ауылында қарапайым Амангелді болып, сары алтындай Сарыарқа жеріне келіп, көңілі қалаған оқуға түсіп, «Аужеке» атанған азаматтың арман қуған жолының бірде көктемдей күлімсіреп, бірде жаздай жадырап, бірде ала күздей нөсерлетіп, бірде қаһарлы қыстай қытымырланып, қилы-қилы кезеңдермен өрілгенін өзі ғана білер. Біз оны дархан көңілінен, жайсаң жанынан, терең танымы мен талғамынан танимыз.
Білім және ғылым деген қасиетті қос ұғымды кез келген пенде баласы түсініп, оның терең мәніне бойлай бермесі анық. Білімнің ізгі ұлағатын сезініп, еліне, халқына адал қызмет ету де әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін бақ. Ол үшін адамға кемел ақыл мен биік парасат, жаратылысынан дарыған қайраткерлік қасиет қажет болса керек. Мен осындай тұлғалардың қатарына еліне сіңірген еңбегімен құрметке ие болған қазақтың біртуар азаматы Амангелді Алтыбайұлын жатқызар едім.
Амангелді Алтыбайұлы 1965 жылы Шардара өңірі Қоссейіт ауылында дүниеге келді. Бала кезінен қазақ, орыс және шетел әдебиеті өкілдерінің шығармаларын құмарлана оқыды, жаңа шыққан шығармаларды іздеп, ауыл және аудан кітапханаларының есігін тоздырды. Сайын даламыздың кеңдігіндей дархан халқымыздың сөз өнеріне ден қойды. Сөйтіп, бабалар мұрасына жастайынан қанып өскен Амангелді 1983 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға аттанады.
Сол жылы мектепте ұстаздарынан алған білімі озық болса керек, филология факультетінің студенті болып шыға келеді. Ұлағатты ұстаз-ғалымдардан дәріс алып, еліміздің түпкір-түпкірінен арман қуып келген жастармен етене араласып, достар табады. Мақсаты – жай ғана ұстаз болу емес, сондай-ақ ғалым атану. Ол үшін, әрине, мол білім, көл-көсір еңбек және аса ыждаһаттылық керек екені айдан анық. Студент болып жүріп, арасында әскери борышын да өтеп үлгерді, Кеңес әскері қатарында қызмет етті. Соңынан оқуын қайта жалғастырды. Оқуды бітірген соң Аужекең Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті қазақ тілі кафедрасына оқытушы болып орналасты. Студент жастарға мемлекеттік тілден сабақ берді.
«Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге» деп хакім Абай айтқандай, асыл азамат осы қағиданы санаға сіңіріп, ғылым жолына бет бұрады.
«Ғылымда кең даңғыл жол жоқ, оның жарқыраған шыңына тек шаршаудан қорықпай, тастақты соқпақтармен өрмелеген адам ғана жете алады» демекші, мол ізденіс, қажыр-қайратының арқасында 1998 жылы ҚР ҒА Әдебиет институтында «Шора батыр» жырының поэтикасы» тақырыбында филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін сәтті қорғап шығады.
1999 жылы елге оралып, бірқатар жоғары оқу орындарында лауазымды қызметтер атқарды. Ұстаздық пен ғылымды қатар алып жүрді.
Азаматты танығанда, ең алдымен, адамды түрлендіретін, топырағынан ерекшелейтін адам бойындағы ең маңызды қасиеттердің бірі – оның адамгершілігі есепке алынады емес пе?! Өнегелі адам адамгершілік, ізгілік, сүйіспеншілік, әдептілік – ең басты адами құндылықтардың не екенін жақсы түсінеді. Ол өзінің адамгершілік қағидаларын қатаң сақтайды, басқаларға зиян келтірмейді, тек жақсылық жасайды.
Бұл – оның құндылығы, өйткені өмірдің ең маңызды қағидаларын ұстанатын адамдар өте аз.
Амангелдінің бойында жиналған көптеген асыл қасиеттері мен азаматтық қырлары, білімдарлығы, ұйымдастырушылық қабілеті ұстаздық жұмысында жан-жақты көрініс табады. Шәкірттеріне кемел білім сыйлап, ал, әріптестеріне тірек болып келеді. Осының өзі кісілігі жоғары, пайымы терең азаматтың өмір жолы мағынаға толы екендігін көрсетеді. «Адамның адамдығы істі қалай бастағандығынан білінеді» деп дана халқымыз айтпақшы, Амангелдінің атқарған істерінен ғылымға деген құштарлық, шәкіртке деген жанашырлық, туған жерге, Отанға деген перзенттік парыздың лебі есіп тұрады.
Ол қаншалықты абыройлы лауазымдарда жүрсе де, осы кішіпейілділігін жоғалтпай, барынша ұстамды қалпымен айналасындағылардың құрметіне бөленіп келеді. Бейне бір жеміс ағашы сияқты, жемісі (білімі) қаншалықты мол болса да, басын жоғары ұстамайды, керісінше, иіліп тұрады. Басқалар оның тәтті жемісін таласып жеп, ырзығын пайдаланады… Міне, ұстаз бақыты да осы болса керек?!
Амангелді ағайынға қайырымды, жатқа жағымды, уәдеге берік, аманатқа адал, мінезі көркем, ең бастысы құстың қос қанаты сияқты адамгершілік және имандылық қасиеті бір басына терең тоғысқан, дархан көңіл, дара тұлға!
Бүгінде белгілі ғалым, Ж.Тәшенов атындағы университеттің факультет деканы, асыл азамат Амангелді Алтыбайұлы 60 жасқа толып отыр. Мерейтой құтты болсын! Абыройлы әрі мағыналы ғұмырың ұзақ, шығар биігің көп болсын!
Әлқуат Базарбеков,
кәсіби аудармашы
Шымкент