Дархан ИСЖАНОВ: Санадағы «қоқыс» тазарса, даладағы полигон да азаяды…
Үйіңіздің іші-тысында қоқыс көп пе? Облыс заңсыз қоқыс үйінділерінен қашан құлантаза құтылады? Осы көкейкесті сауалдарға жауап іздеу мақсатында Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжановпен сұхбат құрған едік…
– Дархан Ерғалиұлы, ә деген бетте алғашқы сауалымыз қоқысты сұрыптауға қатысты болмақ. Мәселе біраз жылдан бері қаузалып келе жатқанымен, нәтижесін көре алмай келеміз. Неге?..
– Сауалыңыз орынды-ақ. Адамдық, қоғамдық сана қалыптаспай діттеген мақсатымызға жете қою оңай ма?! Жұртшылықпен әр жүздескен сайын «үйіңіздің маңындағы қоқыс жәшігіне мән беріңіз» деп айтып жатамыз. Қазір түрлі қоқыс сұрыптайтын бак бар. Әр үйдің іргесінде болмағанымен, бар. Арнайы контейнер де орнатқыздық. Тек соған жете мән беріп, амал ететін жан баласы да кемде-кем. Бірақ, бұрнағы жылдармен салыстырғанда жергілікті халықтың ішкі мәдениеті ептеп болсын қалыптасып келе жатқанын аңдаймыз. Ілгерілеу бар. Мысалы үшін, өзен-көлдің жағалауын алып қаралық. Ондай жер ылғи қоқыс пен қалдықтың астында жататын еді ғой, есіңізде болар. Бүгінде саябаққа бір сейілдеп келсеңіз, бұрынғыдай бейберекет жатқан дәнеңе көрмейсіз. Бүгінгі адам бейсауат жатқан нәрсені қабылдай алмайтын халге жеткені қуантады.
– Сөзіңіздің ауанына сенсек, орталық саябақтағы тазалайтын қызметі бар жерлерді меңзегеніңіз ғой…
– Біз қоршаған ортаның сақшысы болғаннан соң, далалық аумақтарды да күнделікті бақылауымызға алып, «кір-қоңы» кете қоймаған жерлерге барып, түрлі акция өткізіп жатамыз. 100-200 шақырымдық жерлерде де қоқыс жоқ емес, бар. Бірақ бұрынғыдай алып үйінділер келместің кемесімен кетті десек болар. Көл жағалауындағы қарапайым балықшылар өзінің де, өзгенің де қоқыс-қалдығын қалдырмауды әдетіне айналдырған. Әредік, жергілікті жұрттан кейбір жерге қоқыс багын орнату қажет деген тілек талабын естіп жатамыз. Ол да орынды. Бірақ, иесіз өзен-көл жағалауына бак қойып, ол жерге себепті-себепсіз адамдарды үйір қылмау тәсілін берік ұстанамыз. Онда бактың пайда болғанын көрген жұрт қоқыс лақтырып, аз күннен соң біз жаңа қалдық үйіндісін көрер едік. Негізінде әр адам қоршаған ортаға деген мәдениетті қалыптастырғаны алдымен өзіне пайдалы. Санадағы «қоқыс» тазарса, даладағы полигон да кемиді…
– Жеке секторға тоқталып көрсек. Ондағы үй иелері әдетте пешке жағылмайтын «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» қалдығын сыртқа шығарып қоятын әдетінен арыла қойды ма екен?
– Қазіргі заманауи технология қалдық атаулының 90 пайызын қайта өңдеуге қауқарлы. Ықтияр болса, әрине. Бұл бағытта жұмысты жалғастыру үстіндеміз. Кейде көңіліміз толмай жүреді. Не десек те, көздегенімізге күн сайын қарыс қадамдап жақындай түсеміз. Қоқысты бөлек жию. Қалдықты қайта өңдеу деген дүниенің осы күндердегі орындалысы шамамен 50 пайызға жуықтап қалды. Ендігі меже – 100 пайыз болмаса да, сексен-тоқсанға жақындата түсу.
– Елу дейсіз бе? Қателесіп тұрған жоқпысыз?
– Жоқ! Қарағанды қаласының өзінде 20 шақты қоқыс өңдеу компаниясы бар. Оның ішінде пластик, шыны, қағаз, батарейка өңдейтін нысандар бар. Құрылыс қалдықтары әдетте құрылыспен айналысатын кәсіпорындар маңында көптеп пайда болады. Оны өңдейтін де жер бар. Бірақ бажайлап қарағанымызда көп кәсіпкер құрылыс қалдығын сұрыптауға құлықсыз. Олар үшін бұл «қымбат» екен-мыс. Сондықтан, жеріміздің ландшафтын бұзатын бетон қалдықтары сынды жағымсыз көрініс әлі де кезігеді. Енді дерек келтірелік.Бұрнағы жылдары өңірімізде 1300-ге тарта алып қоқыс үйінділері болса, биыл 739 қоқыс үйіндісі тіркелді. Жағдай екі есеге төмендеген. Яғни, жергілікті әкімдіктердің бұл тараптағы жұмысының жүйеге түскендігін байқаймыз. Құрылыс қалдықтарын жергілікті қоқыс полигонын қарауылдайтын қызмет өкілдері уақытша сақтау амалын қылып, жартылай өңдей алады. Өңделмеген екінші жартысын өзге керек-жараққа икемдеп жіберуге болады. Тек ақылмен істелсе болды да.
Тағы бір мысал. Жақында бір жас кәсіпкер, тауық сүйектерінің үйіндісін далаға тастай салғанын көріп, әріптестеріміз түсіндірме жұмысын жүргізгені бар. Сөзіне сенсек, тамақтану ошағын ашқан ол әу баста қалдықты қайда тастарын білмей әлгіндей орашолақтық жасаған. Кейін қатесін түсініп, сүйек-саяқты жоятын жекеменшік мекемемен келісімшарт жасасты. Қалай десек те, халықтың экологиялық сауатын ашу бір жылда атқарыла қояр шаруа емес-ау. Мұндайда әр адамға асықпаған маңызды. Кез келген әрекетті салмақтап істегенге не жетсін, шіркін.
– Түйіні тарқамаған түйткіл. Жарамсыз көлік атаулыны кәдеге жарату. Бізде елдегі жалғыз автокөлік утилизациялайтын зауыт бар. Жұмысы тоқтап тұр. Ауылшаруашылық техникасын қайта өңдеуі керек еді. Бірнеше жыл болды тұралап тұрғанына. Сауал экология департаментіне тікелей қатысы болмағанымен, салалық министрлік өкілдерінің қаперіне жетті ме екен?..
– Бұл жайт уақыт талап етеді. Құзырлы мекеме «РОП»-тың мәселесін қадағалау үстінде. Бұдан өзге айтарымыз кем. Ауылдық жерлердегі полигонға келер болсақ, тиісті сараптама амалдары жасалды. Уағында шалғай жердегі бір полигонды жою құны үш-төрт млрд.теңгені құраған. Жайдан жай «өсіп» кеткен үйіндіні орға түсіре салу мәселенің өркениетті шешімі емес. Онда кәдімгідей сұрыптау бекеті болуы керек. Қазіргі талап сұрыптау мен өңдеу нысанының қатар тұрғанын меңзейді. Бүгінде әкімдіктер тарапынан қалдықтарды басқару бағдарламасын пысықтауда. Осыдан келіп, не әлгіндей тиісті нысандар салармыз, не қалдық үйіндісін уақытша орналастыру алаңдарын салармыз.
– Мазмұнды әңгімеңізге алғыс!
Сұхбаттасқан, Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.