«Дарабозда» дараланды
Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»
«Дарабоз» интеллектуалды ойынының бұл жолғы айдары «Ана сүтіндей құдіретті ана тілі» аталды. «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің» №1 жасөспірімдер филиалында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен шараға Октябрь ауданы орта мектептерінің орыс сыныптарында оқитын өзге ұлт өкілдері қатысты.
Олардың мемлекеттік тілі – қазақ тілі, Отаны – Қазақстан. Бір шаңырақ астында біртұтас ел ретінде өмір сүріп жатқанымыз бүгін ғана емес. Соның айғағындай, оқушылар алғашқы кезеңде өздерін ана тілімізде таныстырып, Отан, тәуелсіздік, тіл туралы ән-жыр айтып, мемлекеттік тілдің мәртебесін асырды. Сайысқа сақадай сай келген білімпаздардың бірі «Атамекен» әнін орындаса, бірі Ілияс Жансүгіровтің «Анам тілі» өлеңін жатқа оқыды. Енді біреулері Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдері арқылы сөз ұштаса, қайсыбіреулері халыққа Қадыр Мырза Әлінің «Қазақ осы» жырымен қанат бітірді.
«Мақал-мәтел – сөз мәйегі» кезеңінде оқушылар алғашқы жолын жүргізуші бастап берген бірлік, достық туралы мақал-мәтелдерді шама-шарқынша жалғастырды.
ІІІ кезең – үй тапсырмасында «Бір ел, бір тағдыр, бір мүдде» тақырыбы аясында қазақ елінің қонақжай, кеңқолтықтығынан хабар беретін 3-5 минуттық көрініс дайындап келіпті. Мұнда әр мектептен келген сайыскерлер мүмкіндігінше бір аспанның астындағы Қазақстан халқын кестелі тілмен суреттеді. №17 орта мектеп өнерпаздары соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлерін суреттесе, №13 мектеп оқушылары көрінісінде өзге ұлт өкілінің домбыра тартқаны көрермен тарапынан қызу қолдауға ие болды. №65 мектеп қатысушылары М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» шығармасынан үзінді қойып, соғыс жылдарындағы қазақ ауылын сахналады. №53 лицей оқушылары да осы шығармадан үзінді қойып, өнерлі балалар екенін танытты.
Кезек қазылар шешіміне келгенде, қазақ тілінде еркін сөйлеп, мәнерлеп өлең оқып, көріністе көрермен көзайымына айналған №64 мектеп оқушысы Андрей Сутягин бас жүлде иегері атанды.