Дара дәуірдің алтын баспалдағы
Елбасы бастамаларының мәнісін ұғыну үшін оның ғұмырнамасын бір шолып шығу керек. Мен Тұңғыш Президентпен ұзақ жылдар үзеңгілес болдым. Ол жас кезінен өте арманшыл, та-лапшыл, еңбексүйгіш еді. Кейін елге ұсынылған бағдарламалар – сол кездегі ой-армандардың жемісі, көңілінде жетілген дүниелер.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – тамыры тереңнен бастау алатын салмақты бағдарлама. Оны жүрекпен сезініп, түйсіктің елегінен өткізу ләзім. Адам – жан мен тәннен тұрса, жан дегеніміз – рух. Сол рух жаңғырмай, түк өнбейтіні хақ. Рух асқақ болғанда өзіміздің кім екенімізді саналы түрде сезіне аламыз. Сондықтан, тарихымызды, дініміз бен салт-дәстүрімізді жаңғыртып, тіліміздің қолданыс аясын кеңейту – қастерлі парыз.
Шүкіршілік, басымызға бақ қонды. Бабаларымыз армандаған жарқын күндер бізге бұйырды. Енді соны ұстап тұру, келешек ұрпаққа аманаттау – бірегей борыш.
Сол үшін рухани жаңғыру керек. Осыны еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін сезінуі тиіс.
Еліміз жыл сайын қарыштап дамып келеді. Жас буынға ерекше көңіл бөлініп, тегін оқыту курстары ұйымдастырылып, көпбалалы аналарға тегін жол жүру құқы беріліп, жәрдемақы қарастырып, несилерін өтеп беретін бағдарламалар қолға алынып жатыр. Жас кәсіпкерлер, тегін оқытылып, гранттар бөлініп, кәсіппен айналысуға, отандық өнімдерді барынша насихаттауға назар аударылуда. Осының бәрі – мемлекеттің бұқарасына деген қамқорлығы.
Басқа елдерде соғыс өрті өршіп, сәбилер анасынан, аналар баласынан айрылып қан жұтып жатқанда, біз бейбіт аспан астында бейғам, тыныш ғұмыр кешіп келеміз. Бұл да Алланың Алашты алқауы ғой.
Бір данышпан «Кейбір адамдар 25 жасында өліп қалады, бірақ, оны 75 жасында апарып жерлейді» деген екен. Астарлы сөз. Мұнда айтылып отырғаны – рух мәселесі. Рухың тірі болса ғана тірісің һәм ірісің!
Мысалы, айналдырған 18 миллион халықтың ішінен қаншама ғұламалар мен чемпиондар шығып, елдің мерейін үстем етуде. Неге миллиардтан астам халқы бар Индиядан шықпайды Олимпиада чемпиондары? Біздің қанымыздың тазалығы, дархан мінезділігіміз, табиғатпен біте қайнасып кеткен болмысымыз, сайын даламыз, асқар тауларымыздан дарыған рух бұл қайнап жатқан.
Тұңғыш Президентіміздің де арманы – осы асқақ рухымызды өшіріп алмай қайта жаңғыртып, көсіліп жатқан даламызды көздің қарашығындай сақтау. Оның бай қазынасын өз игілігімізге пайдалану. Кәсіп үйрену. Біреудің қаңсығын таңсық көргенше, бәрін өзімізде істеп шығаруға талпыну. Білім-ғылыммен айналысу, бәсекеге қабілетті болу, қашанда, сұранысқа ие маман болу, әрқайсымыз қара басымызды дұрыс алып жүруге ұмтылу.
«Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын» демей ме?.. «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі» дейді қазақ.
Латын графикасына көшу мәселесі де өзекті дүние. Латын қаріптері арқылы біздің рухани мұрамызды әлем оқиды. Айналып келгенде, барлығы рухтың жаңғыруына келіп тіреледі.
Мен осы кезге дейін Елбасының барлық бастамаларын қолдап, насихаттап келемін. Өйткені, оның барлығы Нұрсұлтан Әбішұлының халқының асқақ армандарын сезінуден туған асыл мұраты екенін анық білемін.
Жалқы сөзбен түйгенде, рухани жаңғыру – Мәңгілік Ел болу жолындағы алтын баспалдақ.
Қуаныш ОМАШЕВ,
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының үзеңгілесі.