Даналығы – мәңгілік
«Жаңа Майқұдық» мәдениет үйінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қатысушылары арасында қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Даналығы өлмейді, өлуге жол бермейді» атты қалалық фестиваль өтті. Тәлімі мол іс-шараны облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

Мәдени іс-шара аясында қатысушылар төрт бағыт бойынша өнер көрсетті. «Кемеңгер ойшыл» аталымында қатысушылар Абайдың «Қара сөздерінен» үзінді оқып, ойшылдың пәлсапасының тереңдігіне тоқталса, «Сөз зергері» номинациясында ақын өлеңдері жатқа оқылды. «Ұрпаққа аманат» бағытында Абайдың «құлақтан кіріп бойды алатын» әндері шырқалды. Ал, «Абай және мен» аталымында қатысушылар ұлы ақынға арналған өздерінің авторлық өлеңдерін оқыды.
– Абай атамызды дәріптеуге барша жұрт болып жұмылу керек. Біз де шама-шарқымыз жеткенше қазыналы қарттарымыздың ықпалымен өз үлесімізді қоссақ дейміз. Қараша халық төл мәдениетімізбен сусындап, ризашылығын білдірді. Тағылымы мол, тәлімі терең іс-шара болды, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов.
Әр номинация бойынша қатысушылар мен жетекшілерге, сондай-ақ, ұйымдастырушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ұлағаты мол іс-шара ұрпақтар арасындағы рухани сабақтастықтың айшықты көрінісі болды. Абайдың сәулелі сөзі мен сазы, терең ойы мен тағылымы тағы бір жаңғыра түсті. Осындай мерейі мол мерекелер даналық пен дәстүрдің ғұмырын ұзартып, жалпақ жұрттың жүрек төрінен мәңгілік орын алары сөзсіз.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»