Руханият

Абай 1885 жылы «Қарамола съезіндегі» үш күнде 73 баптан тұратын заң ережесін құрастырып шығарған

Балқаш қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада рухани-танымдық бағыттағы маңызды іс-шара өтті. ҚР Жоғарғы Сотының құрметті ардагері, заң ғылымдарының маманы Өмірсерік Қожабаевтың «Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін» атты кітабының тұсау­кесер рәсімі ұйымдастырылды. Шараның арнайы спикері – мемлекеттік қызмет ардагері Мейірхан Тәтибеков. Ол қатысушыларға кітаптың мазмұны мен тарихи маңызын кеңінен таныстырып, ұлттық құқықтық сана мен билік институттарының эволюциясына тоқталды.

Сурет автордан

Таныстырылымға ардагерлер кеңесінің мүшелері, Балқаш жоғары медициналық колледжінің студенттері, білім беру мекемелерінің ұстаздары, және қоғам белсенділері қатысты. Кездесу жастарға тарихи сана, әділеттілік ұстанымы мен билік мәдениеті жайлы маңызды ойлар ұсынды.

– Бұл еңбектің жарық көруі – Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылған. «Қазақтың билер мектебі: Майқыдан Абайға дейін» кітабы – қазақтың ежелгі құқықтық жүйесі мен әділдік дәстүрін ғылыми-танымдық тұрғыдан зерттейтін еңбек. Автор кітапта Майқы би, Асан қайғы, Жиренше шешен, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сынды тарихи тұлғалардың билік пен заң алдындағы орны мен шешендік өнерін саралап көрсеткен. Кітаптың ең үлкен ерекшелігі – Абай Құнанбайұлының билік саласындағы рөлін жеке тарау етіп талдауы. Ұлы ойшыл тек ақын ғана емес, ел ішіндегі дау-жанжалды шешкен әділ би болғаны туралы нақты деректер келтірілген. Абайдың 1885 жылы «Қарамола съезінде» үш күн ішінде арнайы құқықтық құжат – 73 баптан тұратын заң ережесін құрастырып шығаруы – оның заңгерлік қабілетін дәлелдейді. Нақты айтқанда, Абай – тек ақын емес, нағыз би, ел болашағын ойлаған реформатор. Оның құқықтық көзқарастары бүгінгі Қазақстан сот жүйесіне де өнеге болуы тиіс, – деді спикер Мейірхан Тәтибеков.

Айта кетейік, шара барысында жастар тарапынан қойылған сұрақтар, пікірлер мен ұсыныстар Абай мұрасына деген қызығушылықтың бар екенін көрсетті. Балқаш жоғары медициналық колледж студенттері бұл кездесудің адамгершілік пен азаматтық жауапкершілік жайлы терең ой тудырғанын жеткізді. Ұйымдастырушылар атынан орталық кітапхана қызметкерлері бұл кітаптың жастарға тарихи сана, заңдылық, елге қызмет ету секілді құндылықтарды түсіндіруде таптырмас құрал болатынын айтты. Абайдың 180 жылдығы аясында өткен бұл тұсаукесер – елдік мұраға деген тағзым ғана емес, өскелең ұрпаққа бағытталған өнегелі тәрбие сабағы болды.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button