Дамудың жаңа кезеңі
Қазақстанда референдум бойынша алғашқы Exit poll нәтижелері жарияланды. Бұл сауалнаманы Еуразиялық интеграция институты жүргізген. Ал, нәтижелерін 24.kz телеарнасы хабарлады.

Сауалнама референдум учаскелерінен шығып жатқан азаматтар арасында өткізілген. Ол еліміздің 17 облысын, сондай-ақ, Астана, Алматы және Шымкент қалаларын қамтыды. Барлығы 200 учаскеде зерттеу жүргізілді. Оның 129-ы қалаларда, ал, 71-і ауылдық жерлерде орналасқан.
Exit poll-ға шамамен 30 мың адам қатысқан. Алдын ала нәтижеге қарағанда, респонденттердің 86,7 пайызы «Иә, қабылдаймын» деп дауыс берген. Сондай-ақ, жалпы сайлаушылардың шамамен 75,3 пайызы референдумға қатысқаны анықталған.
Әрине, бұл алдын ала жүргізілген сауалнаманың қорытындысы ғана. Ал, түпкілікті нәтижені тиісті мемлекеттік органдар ресми түрде жариялайды. Дегенмен, алғашқы мәліметтердің өзі референдумның жоғары деңгейде ұйымдастырылып, азаматтардың өз таңдауын айқын білдіргенін аңғартады.
Жалпы алғанда, саяси науқан сабырлы әрі жүйелі өтті деуге негіз бар. Азаматтар ел болашағына қатысты маңызды мәселеге бейжай қарамай, өз көзқарасын білдірді. Осы тұрғыдан алғанда, біз бұл саяси үдерісті ойдағыдай өткердік деуге болады. Ең бастысы – мемлекет дамуының келесі кезеңіне ықпал ететін маңызды шешім қабылданғандай әсер қалдырады.
Меруеш БАШАЙ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық
филиалының басшысы, Қазақстанның Мəдениет қайраткері



