Дамудың сыры – бірлікте
Ұлттық мереке қарсаңында Достық үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» облыстық форумы өтті. Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері, этно-мәдени бірлестік басшылары қазақ тілін меңгерудің жаңа кеңістіктері тақырыбында әңгіме өрбітті.
– Форумның Республика күні қарсаңында өтуі де кездейсоқтық емес. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы бізді біріктіретін күш, мемлекеттік саясаттың басты өзегі – бірлік екенін айқындап тұр. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мерекеде тыныштық, береке-бірлік, табыс тілеймін.
Достық үйі – бірлік пен ынтымақ ұясы. Ассамблеяның әрбір жобасы Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға бағытталған. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» дейді дана халқымыз. Татулық пен бірлігіміз бекем болсын. Форумның мақсаты – мемлекеттік тілді қазақстандық этностардың қатынас құралына айналдыру болса, дәл бүгін бұл мақсат толықтай жүзеге асты, – деді облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов.
Форум жүргізушісі «Қазақстан» ұлттық арнасының тележурналисі Алла Гаврина «Өзекті тақырыпта форумды жүргізу үшін арнайы шақырту алғаныма қуаныштымын. Ұлтым орыс болса да, қазақтың тілін, тарихын, салт-дәстүрін ерекше құрметтеймін» деді.
Форумда «Мәміле» кабинетінің оқытушысы Сергей Зорин клуб жұмысымен таныстырды. Ғылым, оның ішінде мемлекеттік тілді дамыту саласына үлес қосып жүрген Астана қаласынан арнайы келген филология ғылымдарының докторы, Назарбаев Университеті, қазақ тілі және түркі зерттеулері кафедрасының меңгерушісі, профессор Юлай Шамиль-оглы сөз алды.
– Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры. Біз әлем таныған ел болу үшін тіліміздің мәртебесін биіктетуіміз керек. Мемлекеттік тілді дамытып, қолдану аясын кеңейткен жөн.
Бүгінде қазақ тілін үйрену мәселесі еш қиындық тудырмайды. Тілді үйрену керек. Себебі, халықтың мәдениеті мен өнерін тыңдау, зерттеу тілді түсінуге және қабылдауға ықпал етеді, – деді Юлай Шамиль-оглы.
Достық үйі жанында көптеген жылдар бойы қазақ тілін үйрену курстары жұмыс істейді. Ассамблея жанынан құрылған «Мәміле» клубының оқытушысы Ольга Тим форум жұмысына қатысып, тіл оқытудағы ерекше әдіс-тәсілдерімен бөлісті.
– Балаға тіл үйретуді жастайынан қолға алу керек. Ұлттық тілді адам бойына дарыту отбасынан, одан кейін өсіп-өнген ортасынан бастау алатыны белгілі. Биыл Достық үйінің бастамасымен «Балақай ТВ» жаңа жобасы іске асты. Балабақшаға баратын балақайлардың тәтті тілдері арқылы ұлттық тіл, мәдениет, салт-дәстүр насихатталуда. Әрбір шығарылымы көпшіліктің көңілінен шығып, қаралым жинауда. Тілге құрмет балабақшадан бастау алуы керек. Осындай қағиданы басқа балабақшаларда да ұстанады, – деді Ольга Тим.
Форумға қатысушылар бүгінде балабақшаларда Ассамблея бұрышы құрылғанын атап өтті. Осы орайда жақында Қарағандының «Балақай» балабақшасында түсірілім болып, жас бүлдіршіндердің бойында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ордаға айналғанын еске салды.
Сондай-ақ, қазақ тіліндегі шығармаларды орындауға бағытталған іс-шаралар, байқаулар тілді білуге, оны үйренуге ықпал ететініне тоқталды. Бұл орайда Достық үйінде жыл сайын әртүрлі форматта өтетін «Мың бала», «Өнерім саған, Қазақстан!» жобалары көрермен көзайымына айналып үлгергенін айтқан жөн.
Форумда Алаш ардақтысы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығына орай «Сырлы Сәкен» байқауындағы «Сәкеннің сері әндері» аталымының жеңімпазы Бұқар жырау ауданынан келген Аленина Виктория өнер көрсетті. Сондай-ақ, Пәкістанда туып-өссе де қазақ халқының тіліне, мәдениетіне қызығушылық танытып, өмірін осы арнаға бұрған Лина Чаудари Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің қобыз бөліміне оқуға түскенін мақтанышпен бөлісті.
– Қазіргі таңда мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілі жаңалық емес. Оның дәлелін күнделікті өмірде барлық салалардан кездестіріп жүрміз. Білім беру, спорт, медицина, кәсіпкерлік, өнеркәсіп тағы да басқа әртүрлі салалардағы патриоттық рухы жоғары қаншама азаматтар соның айқын дәлелі, – деді Лина Чаудари.
Еркін диалог форматында өткен форумда өмірлік ұстанымы мықты жастар сөз алып, тәжірибесімен бөлісті. Көпке үлгі болған олар ұлт пен ұлысқа бөлінбей ортақ шаңырақ астында татулықты ту ететініне сенім білдірді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz