Даму жолын нақты атап көрсетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауы Қазақстанның алдағы уақыттағы саяси және әлеуметтік-экономикалық даму перспективаларына арналған. Президент Жолдауда соңғы бес жылда елімізде жүзеге асырылған ауқымды реформаларды атап өтті. Бұл жаңа қоғамдық сананың негізі болды. Ол арқылы елімізде құқықтық мәдениет өсіп, мінез-құлықтың жаңа үлгілері қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығып жатыр. Саяси-әлеуметтік өмірдің жаңару процесі басталды. Бұл өз кезегінде ұлттың менталитеті мен мәдени кодын өзгертеді. Мен кейбір аспектілерге жеке тоқталғым келеді.
Ортақ мүддеге жұмылған қауіпсіз қоғамда ғана әлеуметтік және қоғамдық әділеттілік мәселелеріне көп көңіл бөлінеді. Бұл – конфессияаралық және этносаралық өзара әрекеттесу аспектілеріне де қатысты. Аталған тезис Президенттің бұған дейінгі айтқан ойларының жалғасындай.
«Қазақстанда тіл тұрғысынан, діни, этникалық немесе әлеуметтік негізде ешқандай қысым жоқ және болуы да мүмкін емес. Жекелеген істер мен арандатушылықтар, әрине, орын алып жатады. Бірақ кейбір азаматтардың жауапсыздығы мен білместігінен орын алған мұндай жағдайлардың құқық қорғау органдары тарапынан заң бойынша жолы кесіледі және тоқтатылады» деген сөзінде Президент тең құқықтылық ұстанымын және елді сыртқа жаман көрсетуге тырысып жатқан адамдардың жаман пиғылына қарсы тұруға дайын екенін нық айтты деп есептеймін.
Тең құқықтылық басқа діни, этникалық немесе тілдік топтың артықшылығын білдірмейді. Барлық жағдайда заң үстемдігі болуы керек. Қоғамда құқықтық тәртіп идеологиясы берік орнығуы қажет. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық ынтымақтастыққа қолдау көрсетіп, халықаралық экстремизм мен терроризмге қарсы тұруға бейілділігін білдірді.
Жолдауда терроризмнің қаруына айналған экстремизм мен құмар ойындар, нашақорлық, алаяқтық мәселелері, меніңше, жалпы алғанда, өте нақты көрсетілген. Сандық технологиялардың адамдардың күнделікті өміріне кеңінен енуі түрлі алаяқтықтың түрін көбейтеді. Біз мұны қазірдің өзінде көріп отырмыз. Сондықтан, қазір экономика мен қаржы негіздерін білу және негізгі цифрлық дағдыларды меңгеру – ерекше маңызға ие.
Президент Үкіметке қаржылық реттеуші органдармен бірлесіп, мектептер мен жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылық және цифрлық гигиена негіздері бойынша білім беру бағдарламаларын енгізуді тапсырды. Менің ойымша, мұндай бағдарламалар бүгінгі қоғамға аудай қажет. Бұл ретте Қарағанды облысында осындай жұмыстардың қазірдің өзінде жүргізіліп жатқаны мені қуантты. Мұны ерекше атап өткім келеді.
Дмитрий ПОЛТАРЕНКО,
Қарағанды облысы Азаматтық альянсының президенті,
жергілікті діни бірлестіктер клубының модераторы,
орыс этномәдени қоғамының жетекшісі,
облыстық Қоғамдық Кеңес мүшесі