Даму. Жаңару. Өркендеу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында атап көрсетілген тапсырмаларды орындаудың маңызы зор. Өңірлік коммуникациялар қызметі бұл орайда облыс аудандары экономикасын дамытып, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытындағы ілкімді істермен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері таныссын деген мақсатта арнаулы баспасөз турын Қарқаралы ауданынан бастады. Оған негіз де жоқ емес. Аудан үшін биыл тарихи жыл. Қарқаралының қала болып іргесі көтерілгеніне 200 жыл толуда.
Қос ғасыры қабат, аумағы абат
– Біз бұл мерейтойды барынша мазмұнды әрі жинақы түрде атап өтуді былтырдан бері жоспарладық. Аталған бағытта үлкенді-кішілі мәдени-көпшілік іс-шаралары аудан бойынша жыл басынан өтіп келеді. Мерейтойдың арнайы логотипі әзірленіп, тарихи жылдың нышаны белгіленген ауыспалы ту әрбір ауылдық округті аралауда. Сондай-ақ, қаламызды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу, жаңа демалыс орындарын ашу басты назарға алынды. Осы мақсаттағы жұмыстар бүгінде жалғасуда, – дейді аудан әкімі Әділжан Арғынов.
Расында осы жылы ондағы азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, инфрақұрылымды дамыту, жолдарды жөндеу және жаңа әлеуметтік нысандарды салу бойынша жоспарлы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруға ерекше мән берілді.
Қарқаралы қаласын абаттандыру. Қарқаралы қаласының мерейтойы аясында қала бойынша жүргізіліп жатқан Қаратөбе тоғанын абаттандыру, Ту-тұғыр, орталық стадион құрылысы биыл аяқталады. Мерейтой аясында Ш.Жандарбекова атындағы Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Ғимаратты күрделі жөндеу жұмысы былтырдан 481 млн. теңгеге шақталды. Аяқталуға жақын. Шатырынан бастап, есік-терезесі, жылу жүйесіне дейінгі негізгі іс соңына жетті. Жарым ғасырдан бері мәдениет ошағының түрленген беті осы. Тамыз айында үлкен мәдени шара өтпек бұл жерде, – дейді Ш.Жандарбекова атындағы Қарқаралы мәдени-сауық орталығының директоры Мақсат Омарбеков.
Биыл Қарқаралы қаласымен қатар, Қарағайлы кенті мәдениет үйі мен Қаракөл ауылы клубына күрделі жөндеу және Айнабұлақ, Томар, Тегісшілдік ауылдарының клубтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Бұдан бөлек, Қарқаралы балалар кітапханасына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базалары нығайтылды. Егіндібұлақ мәдениет үйіне жаңа микроавтобус берілді. Қарқаралы қаласының мерейтойымен қатар, құрылғанына 55 жыл толып отырған «Салтанат» ән-би ансамблі Польша мемлекетіндегі дәстүрлі фольклорлық фестивальге қатысып, бас жүлдені иеленіп, аудан мәртебесін көтерді.
Жол жайлы
Қарқаралы дегенде оның жолы алаң тудыратын еді бұрнағы жылдары. Тілшілер қауымы алдымен осы мәселеге шұқшиды. Осы бағыттағы «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» республикалық маңызы бар автожолын қыркүйекке дейін жасауға уәде береді мердігер компания. Ұзындығы 53 шақырым болатын учаске мамыр айында жөнделе бастаған. Қазіргі уақытта жабынның төменгі қабаты төселіп, жол бойына жаңа су өткізгіш құбырлары орнатылды. Есесіне учаскеде көлік қозғалысы шектелмеген. Мәселе мынада, жол «суық ресайклинг» әдісімен жасалуда. Тың тәсіл жөндеу жылдамдығына да, материалдың байланысына да оң әсер етеді. Сонымен қатар, жөндеу кезінде жол учаскесін жаппауға оңтайлы мүмкіндік береді.
– Қазіргі уақытта 163 шақырымға дейінгі орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Автожолдың 37 шақырымында оңдау амалдары іске асып, 32 шақырым бойы асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді. Асфальт пен инертті материалдарды тасымалдауға арналған 40-қа жуық техника, сондай-ақ, 70 адам жұмылдырылды. Біздің жеке асфальтбетон зауытымыз бар. Материал үздіксіз жеткізіледі, – деп түсіндіреді «Қарағанды Жолдары» жол құрылысы компаниясының бас инженері Айбек Сұлтанбеков.
Жол құрылысының үздіксіз жұмысы мамыр айында басталған. Компания жол төсемін толығымен қыркүйектің басында аяқтауды жоспарлап отыр. Бас инженердің айтуынша, жоспардың негізгі көлемі аяқталуға жақын. Жобаның құны екі лот аясында 5 миллиард теңгені құраған. Компания өкілінің айтуынша, жұмысшылар түйіні шешілмейтін түйткіл мен қиындыққа әзірге дейін тап келген емес. Әрине, технологиялық кідірістер легі болғанымен, жұмыс кестесінде кешеуілдеу жоқ. Осыған дейін үш су өткізгіш құбыр салынып, төртіншісі аяқталу сатысында. Бұл келесі су тасқыны кезеңінде тас жолдың «ағып» кетуіне жол бермейді.
Тоқтар атындағы көшеде
Қаланың орталық Т.Әубәкіров көшесін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Жоба екі жылға жоспарланған. Бұл арадағы жол көптен бері жөндеу жүргізілмеген. Жергілікті атқару мекемелері мен тұрғындардың ұйғарымымен осы жылға жолдың 1 жарым шақырымын күрделі жөндеуден өткізу межеленген. Жолдың жиектасы мен көлік тоқтайтын орнына дейін әбден жаңалау жұмысын жүргізіледі. Көшенің жарықтандырылуы да қамтылды. Суағарлар жаңаланады. Ілкімді іске 30 бірлік техника жұмылдырылған. Мердігер – «АрмСтрой» компаниясы. Жұмыс барысы туралы бас мердігердің өкілі Григорий Андроян айтты. Өкілдің айтуынша, бұл – келесі жылға ауысатын жоба. Биыл көшенің жалпы ұзындығының көп бөлігіне қайта құру және күрделі жөндеу жүргізіледі. Асфальтбетон жабынының үшінші қабатын жол келесі жылы жамылады. Тоқтар Әубәкіров көшесінің ұзындығы – 2,5 шақырым. Бірақ, жобаны екі жылға бөлу туралы шешім қабылданды, өйткені, сапа басымдыққа ие. Жобаның құны – 1 миллиард 226 миллион теңге. Биыл жұмыс жүргізу үшін 520 миллион қаржы бөлінді. Бас мердігер өкілінің айтуынша, жұмыста проблема туындамайды. Жалғыз қиындық – ауа райы. Соңғы бірнеше аптада белгілі бір жиілікпен қатты жаңбыр жауды.
– Дәл осы айда біз он күн бойы ауа райына байланысты жұмыс істей алмадық. Форс-мажор дейміз ғой. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы келу қайда?! Толассыз жаңбыр жауды. Бірақ, біз мүмкіндігінше белсенді боламыз. Өйткені, ерте ме, кеш пе жоба тәмамдалады. Әрине, орайлы жағдаят кезіксе, биылдан қалдырмай жолды тап-тұйнақтай етуіміз кәдік, – деп қорытындылады компания өкілі.
Бұдан басқа Қарқаралы қаласының Мәди, Барабай, Ермеков, Сеңкібай батыр, Жәнібеков, Абай көшелеріне барлығы 6,7 шақырымдық жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселетін болады.
Туризм тутұғырындай
Қарқаралы Қарағанды облысының экотуризм орталығына айналады. Мақсат – осы. Мәселен, «Бұғылы» рекреациялық аймағының 75 гектарында этноауыл, тау шаңғысы трассалары және жайлы қонақ үйлері бар заманауи туристік кешен салынады. «Бұғылы» табиғи оазисі кездейсоқ таңдалмады. Рекреациялық аймақтың аумағы Қарқаралы қаласына іргелес және ұлттық табиғи паркке қосылады. Кешен бес негізгі секторға бөлінеді: экотуризм аймағы, этноауыл, ойын-сауық саябағы, демалыс үйлері, тау шаңғысы кешені. Кешеннің көрікті жері этноауыл болмақ. Онда атқа мінуге, балық аулауға, табиғат аясында ұлттық тағамдардан дәм татуға болады. Рекреациялық аймақтың орталығында 7 гектардан астам ойын-сауық паркі орналасады, мұнда спорт және ойын алаңдары, веложолдармен жабдықталады. «Бұғылыда» 366 орындық 56 қонақ үй және глэмпингтер салу жоспарлануда. Сондай-ақ, Қарқаралыда туризмді дамыту үшін ескі бөгет қайта жаңғыртылып, қоғамдық жағажай жабдықталып жатыр. Су қоймасының түбін тереңдету және тазарту аяқталды, көпір салынды. Жаяу жүргінші жолын жайластыру, паркингті асфальттау басталды, Балқаш жағалауынан құм әкелінді. Сонымен қатар, мұнда жарықтандыру тіректері, урналар орнатылады, шағын архитектуралық формалар, шатырлар және балалар ойын элементтері пайда болады.
– Бұрын бөгеттен басқа ештеңе болған емес. Өткен жылы біз қайта құруды бастадық. Жағажайда 20 жатақхана бой көтермек, су қоймасында бір уақытта 100 адамға дейін демалуға болады. Жалпы, бөгет аумағы «Бұғылы» рекреациялық аймағына іргелес екенін ескере отырып, тәулігіне 200-300 демалушыны қарсы аламыз деп үміттенеміз. Қарқаралы өзені су айдынына құяды, – дейді аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуандық Таласбаев.
Бүгінгі таңда Қарқаралы ауданында бір мезгілде 3 мыңға жуық турист қабылдай алатын 40-қа жуық демалыс, қонақ үйлер бар.
Өткен жылы ауданға 9 мыңнан астам адам келді. Жаңа нысандардың ашылуы демалушылардың ағынын екі есеге арттырмақ.
– Мына көл бұған дейін Сасықкөл аталып келген. Арнасы бұлақ көзінен толады. Жасанды су қоймасы емес. Бұрын түрлі себептермен қараусыз қалғаны елге мәлім. Сәйкесінше жылдар бойы бұл маңай әбден ластанған. Кейінірек жағажайын бекіту үшін 61 млн. теңге қаражат бөлінді. Жергілікті әкімдіктің шешімімен жағажай күл қоқыстан тазаланды. Тоған 4 метрге жуық тереңдетіліп, заманауи қалыпқа енді. Аталған аумаққа қосымша 100-ге жуық көшет егіледі. Бұл жер Қаратөбе тауының баурайында орналасқандықтан маңай абаттанған соң бұл көлді «Қаратөбе тоғаны» деп атап кету ойда бар. Бұл тарихи шаһардағы жалғыз нысан емес. Әлі 320-ге жуық жаяу жүргінші жолын абаттандыру межесі тұр алдымызда. Қала бойынша 150 шаршы метрлік 2 балалар ойын алаңын тұрғызу, көшелерді жарықтандыру көзделді, – деп тұжырды сөзін Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахимбергенов.
Құрылыс, ауыз су
Биыл аудан көлемінде бірқатар медициналық және спорттық нысандарды салу бойынша кешенді құрылыс жұмыстары басталды. Денсаулық саласына келсек, «Ауыл медицинасын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында құрылыс жұмыстары жалғасуда. Былтыр Томар, Татан, Ақжол ауылдарында үш нысан пайдалануға берілсе, биыл қосымша Абыз, Бүркітті, Өсібай, Айрық, Жарлы, Қызылту, Сарыобалы, Белдеутас, Борлыбұлақ, Қарабұлақ, Жаңатоған, Бесоба, Талды – яғни, он үш ауылда құрылыс жұмыстары басталды. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қарағайлы кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жобаны бастауға республикалық бюджеттен 110,9 млн. теңге бөлінді.
Қасым Аманжолов ауылында жаңа 200-орындық мектеп құрылысы жалғасуда, қазіргі таңда нысанның бірінші қабаты көтерілген. Қарқаралы қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 300 орындық мектеп салу жоспарлануда. Бұл мектеп құрылысы «Самұрық-Қазына» қоры арқылы 2025 жылы басталатын болады. Көктас ауылында спорт кешені құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өтті. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде 2025 жылы іске асыру жоспарда. Жарлы ауылында 2024 жылы және Бүркітті ауылында 2025 жылы спорт кешендерінің құрылысы жобаларын «Қазақстан халқына» және «Самұрық-Қазына» қорларының қаражаты есебінен іске асыру жоспарланған. Жыл басында Қарқаралы қаласында 18 пәтерлі екі тұрғын үйдің пәтер кілттері кезек ретімен мұқтаж тұрғындарға берілсе, биыл 18 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталды.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жұмысы да кідіріссіз жалғасуда. Бүгінгі күні ауданды орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткіші 89% құрайды. Аудан елдімекендерін толығымен ауыз сумен қамтуды 2025 жылы аяқтау жоспарда. Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі «Жарлы-Қарқаралы» топтық су жүйесінің құрылысы іске асырылуда. Бүгінде 38,2 шақырым су жүйесі толық тартылды, 3 скважина қазылып, 35 құдық және 250 электр желісінің бағандары орнатылды. Жобаны 2024 жылдың қыркүйек айына дейін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар, бүгінде Қарағайлы кенті, Теректі, Бүркітті, Томар, Матақ ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
2024-2025 жылдары аралығында шағын елдімекендерге 22 блок-модульдік су станциясын орнату жоспары бекітілген. Оның ішінде, биыл Қарыншы, Жалпақшілік, Милыбұлақ, Белдеутас, Бастал, Қызылшілік, Аққора, Шөптікөл елдімекендеріне модульдік станция орнатылады. Осы жұмыстардың нәтижесінде, жыл соңына дейін орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткішін 96%-ға жеткізу күтілуде. Ақтерек, Татан, Жарлы (Тегісшілдік) ауылдарының ауыз су желілері құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленді.
Ғаламтор
Қарқаралы ауданы бойынша 61 ауылдық елдімекеннің 35-і интернетпен қамтамасыз етілген. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасы шеңберінде аудан бойынша 7 діңгекті-антенналық құрылыстарын салу бойынша аудандық бюджет есебінен қаражат қаралып, сметалық құжаттары әзірленуде. Олар Көктас, Жаңанегіз, Бақты жолдары бойында және Бесоба, Өсібай, Айнабұлақ (Абай), Айнабұлақ (Балқантау) елдімекендеріне салынады. «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» бағытындағы автокөлік жолында толық көлемде мобильдік байланыс және интернет жүйесімен қамту үшін 3 діңгекті-антенналық қондырғы орнатуға жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Бұл жұмыстарды «Қолжетімді интернет» бағдарламасы аясында жүзеге асыру жоспарланып отыр.
– Аудан бойынша жүргізіліп жатқан жобалар мен жұмыстарды құзырлы салалармен қатар, аудан тұрғындарының қолдауымен жүргізудеміз. Барлық жұмыс халықтың игілігіне бағытталғандықтан, әрдайым тұрғындардың талап-тілегі мен ұсыныстары міндетті түрде ескеріледі. Жайлы өмір, лайықты тұрмыс бірінші кезекте тұрғындар үшін. Бұл – күнделікті жұмысымыздың негізгі қағидасы, – деді аудан әкімі арнаулы брифинг барысында.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz