Даму стратегиясы дақпырт емес
Теміртау қаласындағы «Qarmet» АҚ басшылығы республикалық және өңірлік БАҚ өкілдерімен биылғы өткен 9 айдағы қызмет нәтижесіне арналған баспасөз конференциясын өткізді.
Баспасөз конференциясына осы компанияның бас директоры Вадим Басин мен негізгі бағыттар бойынша жетекші мамандар қатысып, өз кәсіпорындарының ағымдағы жылдың үш тоқсанындағы жұмыс қорытындысы туралы әңгімелеп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Бұған дейін кезінде «Қазақстан Магниткасы» атанған алып, металлургия зауыты үнділік инвесторлардың иелігінде болып, «Арселор Миттал» атанған еді. Бірақ, кейінгі жылдары оның өндіріс орындарында бір емес, бірнеше рет қаншама адамның өліміне соқтырған апатты оқиғалардан кейін олармен ат құйрығын үзісуге тура келген. Ал, 2023 жылдың 8 желтоқсанында оның қожайыны да өзгеріп, жаңадан «Qarmet» атауына ие болған еді. Міне, осынау алып кәсіпорынның 35 мыңдық ұжымы алдында барлық активтерді жандандыру жауапкершілігін мойнына алған компания «5-9-5» даму стратегиясын да әзірлеген болатын. Сол бойынша сөйлеген Вадим Басин бұл стратегиялық бағдарламаның тиімділігін атап өтіп, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан жаңарту мен жақсарту жұмыстарына тоқталды. Ол өз сөзінде:
– 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, биылғы 9 айда болат өндірісі 14 пайызға артып, 2,6 миллион тоннаны (2023 жылы 2,3 миллион тонна), көмір өндіру 2 пайызға өсіп, 4,7 миллион тоннаны (2023 жылы 4,6 миллион тонна), концентрат өндірісі 17 пайызға артып, 2,3 миллион тоннаны (2023 жылы 1,9 миллион тонна) құрады, – деді.
Сол сияқты «Qarmet» 2024 жылдың мамырында соңғы 5 жылдағы ең үздік көрсеткішті көрсетіп, бір айда 330 мың тонна болат шығарылғаны да айтылып, бас директор 2028 жылға дейін 5 миллион тонна болат, 9 миллион тонна көмір өндіру мен бес миллион тонна концентрат шығару да жоспарларында бар екенін мәлімдеді.
Өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де конференцияда әңгіме өзегіне айналып, Вадим Басин ол туралы: – Баршаға белгілі, жылдар бойы компанияның көмір департаменті 8 шахтаның тек екеуінде позициялау жүйесімен жұмыс істеді. Бұл өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді айтарлықтай қиындатты. Біз соны жою үшін 2025 жылдың соңына дейін қазақстандық әзірлеушілермен бірге технологияны барлық нысандарға енгіземіз. Бұл шынайы уақытта барлық датчиктерді ғана емес, жер астында әр жұмысшының жағдайын бақылауға мүмкіндік береді, – деді тағы да.
Қазірде ең бір өзекті болып отырған осы өндірістік қауіпсіздік мәселесінде компания барлық активтер бойынша көлемді тәуелсіз аудит жүргізіп, соның нәтижелері негізінде өндірістік процестерді қауіпсіздік деңгейін арттыруға басымдық бере отырып, ауқымды модернизациялауды жүзеге асыруда.
Атап айтқанда, 2024 жылы компания құрамындағы көмір департаментінің Орталық диспетчерлік пункті іске қосылып, ол барлық шахталардың қызметін, соның ішінде, газ датчиктерін бақылауды, жұмыс кезінде кеншілердің денсаулығын талдауды сол уақытта көрсетіп отырады. Апатты жағдайларда қызметкерлерді жедел хабарландыруды қамтамасыз етеді және тіпті, 700 метр тереңдікте кеншілермен тікелей байланысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұрғылау скважиналары арқылы алдын ала газсыздандыруды жүргізу практикаға енгізіліп, бұл жұмыс орындарындағы метан деңгейін 50 пайызға дейін төмендетуге жол ашқан. Алға жылжудың алғышарты да осы өндірістік қауіпсіздік екені рас.
Баспасөз конференциясында, құрышшылар қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту жайы да қозғалып, журналистер соған байланысты сұрақтарына да жауап алды.
Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz