Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның жұмысын талқылауға арналған кездесуді комиссия мүшесі, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов өткізді. Кездесуде облыстық мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері Президент бастамасымен қолға алынған ауқымды парламенттік реформаның негізгі бағыттарын және Конституцияның жаңа редакциясына қатысты алғашқы ұсыныстарды талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған екі палаталы Парламенттен бір палаталы жүйеге көшуге бағытталған реформаның саяси партиялардың рөлін күшейтуге, парламенттік бақылауды арттыруға және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтады. Комиссияның алты отырысында еліміздің жоғары өкілді органын трансформациялау тетіктері мен Ата Заңның жаңа редакциясының тұжырымдамалық негіздері қарастырылып, адам құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік саясаттың басты басымдығы ретінде бекіту ұсынылды.
– Ұсынылған конституциялық өзгерістер демократиялық институттарды дамытады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтеді. Бұл – елдің болашағына негіз болатын жүйелі реформа, – деді Нұркен Кобжанов.
Ол қолданыстағы Конституцияның еліміздің егемен мемлекет ретінде қалыптасуында шешуші рөл атқарғанын атады. Алайда, бүгінгі саяси және әлеуметтік-экономикалық ахуал оны жаңғыртуды талап етеді.
– Конституциялық реформа – ауқымды өзгерістердің бастауы. Жаңа Ата Заңда пікір алуандылығына шектеу жоқ, сондықтан, әр азаматтың өз көзқарасын білдіріп, сұрақ қоюы – конституциялық құқығы. Азаматтық қоғамның дамуы мен қоғам белсенділерінің стратегиялық шешімдерге қатысуы – демократиялық өзгерістердің көрінісі. Ал, Халық кеңесінің құрылуы және оның Ата Заңда бекітілуі зайырлы қоғамды дамытуға серпін береді, – деді Қоғамдық кеңес төрағасы Серікжан Байбосынов.

Кездесу барысында «Amanat» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков Қазақстанда қолға алынған конституциялық реформаның тарихи маңызына кеңінен тоқталды. Мәлімдеуінше, ел тарихындағы ең ауқымды саяси өзгерістердің бірі саналатын бұл реформа демократиялық қоғам қағидаттарын толық қамтитын Ата Заңның жаңа редакциясын қалыптастыруға бағытталған. Жаңа Конституция жобасының ерекшелігі – халықтан түскен екі мыңнан астам ұсыныс негізінде әзірленуі.
Сондай-ақ, ол Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі комиссия жұмысының ашық форматта өткенін, құрамында белгілі ғалым-заңгерлер мен қоғам қайраткерлері болғанын атап өтті.
Спикер Конституция жобасының негізгі басымдықтарына да тоқталып, бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтайдың құрылуы, Қазақстанның Халық Кеңесін қалыптастыру, вице-президент институтын енгізу, адвокатура мен зияткерлік меншік құқықтарын конституциялық деңгейде бекіту секілді жаңашылдықтарды атады.
Ал, облыстық мәслихат депутаты Арман Әлімжановтың айтуынша, Конституциялық заң аясында жекелеген аумақтар үшін арнаулы құқықтық режимдерді енгізу мүмкіндігі өңірлердің әлеуетін ашуға, басқарудың тиімді үлгілерін қалыптастыруға және инвестициялық белсенділікті арттыруға жол ашады.
Сонымен қатар, депутат жаһандық экономиканың терең трансформация кезеңінен өтіп жатқанын, бұл жағдайда креативті экономика, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект елдердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторларға айналғанын айтты.

– Бұл құжат кәсіпкерлікті қолдауға, инновациялық және креативті жобаларды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және жастар мен талантты мамандарды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына кеңінен тартуға берік негіз қалайды, – деді ол.
Облыстық мәслихат депутаты, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық және жер мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Ермек Әбілдин ұсынылып отырған өзгерістер қазіргі заманғы сын-қатерлерге жауап беріп қана қоймай, мемлекеттілікті нығайтуға, тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтты. Депутат мемлекеттік басқаруды оңтайландыруға ерекше назар аударды.
– Өкілеттіктердің нақты бөлінуі мен Президенттің Конституцияның кепілі ретіндегі үйлестіруші рөлін күшейту стратегиялық шешімдер қабылдаудың жеделдігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік-экономикалық бағдарламалар мен ұлттық жобаларды жүйелі іске асыруға, сондай-ақ, күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді, – деді депутат.

«Ауыл» партиясының Қарағанды облысы бойынша филиалының саяси кеңесінің төрағасы, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серғазы Әдекенов Конституцияның жаңа редакциясы қоғамда кеңінен талқыланып жатқанына да назар аударды.
Серғазы Мыңжасарұлы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» қағидаттары жаңа Конституция мәтінінде жүйелі түрде қамтылғанын жеткізіп, адами капиталды, білім беру, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде бекітілгеніне тоқталды.
Сонымен қатар, депутаттар Ата Заңның ұсынылған жаңа жобасы туралы қоғам тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлердің де айтылып жатқанын да, назардан тыс қалдырмады. Өйткені, мемлекетіміздің басты заңы жөнінде өз пікірін, ойын білдіруге әр азамат құқылы.
Кездесу барысында айтылған пікірлер мен ұсыныстар Конституцияның жаңа редакциясы ел дамуының қазіргі кезеңіне толық сай келетінін аңғартты. Қатысушылар бұл реформаны саяси жүйені жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, азаматтық қоғамды нығайтуға және адам капиталын дамытуға бағытталған стратегиялық қадам ретінде бағалады. Жаңа Ата Заңның кең қоғамдық талқылау арқылы қабылдануы Қазақстанда демократиялық үдерістердің орныққанын және қоғамның ел болашағына бейжай қарамайтынын айқындайды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



