Өңірлік коммуникациялық қызмет алаңында облыстағы БАҚ құралдары өкілдерімен болған брифингте Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов ауданның 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындыларына тоқталып, өздерінің биыл алға қойған жоспарлары жайлы әңгімеледі.
Сөзінің басында Сәбит Темешұлы өткен жылы абайлықтардың экономиканың барлық негізгі салалары бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгенін атап өтті. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 10 пайызға өскен. Көмір өндіру 785 мың тоннаға немесе 148 пайызға жетіп, көмір концентраттарын өндіру 1 980 тоннаны, яғни, 115 пайызды құраса, қиыршық тас өндірісі 20 пайызға артқан.
Енді 2025 жылы ауданда өнеркәсіп өндірісінің көлемін 2024 жылғы деңгейден 10 жарым пайызға артық орындау жоспарланған. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін көмір концентратын өндіруді 5, көмір өндіруді 23, Топар ГРЭС-інде электр энергиясын өндіруді 2 пайызға ұлғайту көзделуде.
Абай қаласында индустриялық аймақ құру жоспары пысықталуда. Бүгінгі таңда 120 жұмыс орны құрылуы тиіс 2 инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның бірі «Деметра – 2025» компаниясы жаңа технология бойынша конвейерлік роликтерді өндіру үшін Нидерландыдан жабдықтар жеткізіп, онда 20 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал, келесі салынып жатқан «МТЛ-Ферролойс» ферроқорытпа зауытында инвестор инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жұмыстарын тәмамдап, ғимараттар салуды бастап, жоба бойынша жаңадан 100 жұмыс орны құрылады. Биыл өңірге тағы да 5 инвесторды тартып, 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда.
Ауыл шаруашылығына тоқталған Сәбит Оспанов: «Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өнім шығару көлемі 14,5 пайызға көбейіп, 51 миллиард теңгені құрады. Күзгі жиын-терім науқанында 158 мың тонна картоп, 33 мың тонна көкөніс, астықтан рекордтық өнім – 63 мың тонна (188 пайыз) өнім жиналды. Сол сияқты есепті мерзімде ірі қараның саны – 28,5, ұсақ мал – 44, жылқы басы 22 пайызға өсті», – деді.
Осы мал басының қысқы азығына 132 мың тонна жемшөп, 20 мың тонна сабан, 2,5 мың тонна сүрлем мен 2,5 мың тонна пішен дайындалған.
Құлайғыр ауылдық округінде қажетті инфрақұрылымы бар шалғай аймақта «Жайлау» пилоттық жобасы іске асырылған. Ол жалпы ауданы 900 гектар шалғайдағы жайылымдарды қамтып, онда округ халқының 500 бас ірі қарасы мен 1 мың бас қой-ешкісі бағылатын болады. Бұл жоба ауданның басқа да ауылдық округтерінде қолға алынбақ.
Өткен жылы егіс алқаптары 111 пайыз игерілсе, 2025 жылы 69 360 гектар игеріледі.
Аудан әкімі одан әрі алдағы көктемгі егіс науқанына әзірлік барысында кеңінен сөз етті. Яғни, аудан бойынша бұл жұмыстарға 143 ауыл шаруашылығы құрылымы қатысып, олар тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Науқанға қатысатын техниканың 97 пайызы әзірлік сапына қойылып, 1148 тонна жанар-жағармайға электрондық өтінімдер берілген.
Агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2023 жылдан бастап ауданда 460 миллион теңгеге 58 жоба қаржыландырылып, олар мал шаруашылығын дамытуға, техника мен жабдықтар сатып алуға және басқа да мақсаттарға бағытталған.
Бизнеспен 6 688 адам шұғылданып, олар 46 миллиард теңгенің өнімдерін шығарса, бөлшек сауда айналымы 15 миллиард теңгеге жеткен немесе ол 2023 жылғыдан 36 пайыз артық.
Ағымдағы жылы жұмыс істеп тұрған субъектілердегі адамдар санын 6 770-ке жеткізіп, олар өндіретін өнім көлемін 5 пайызға өсіру көзделеді. Бұған «Даму» қоры, «Кәсіпкер» бағдарламасы және «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мемлекеттік қолдау арқылы қол жеткізіліп, гранттық қаржыландыру жалғасады. Аудан кәсіпкерлері биыл өздері ашатын 10 бизнес нысанына 25 адамды жұмысқа қабылдамақ.
Былтырдан бастап, Шерубай-Нұра су қоймасының сол жағалауында «Серинити» демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі – 800 миллион теңге. Ол биылғы IV тоқсанда іске қосылады.
Сондай-ақ, биылдан бастап «Ариадна» демалыс аймағы да кеңейтіледі. Онда 5 коттедж (30 бөлме), мейрамхана салынып, жағажай аумағы абаттандырылады. Ал, 2027 жылға қарай 50 орындық 10 коттеджі бар жаңа демалыс аймағын салу да жоспарда. Облыстың туризмді дамыту жөніндегі жол картасы шеңберінде 11,5 шақырым автомобиль жолдары орташа жөнделіп, су қоймасының екі жағалауы бойында электр тарату желілері тартылады. Келешекте Топар кентінде туризмді дамыту жолдары қарастырылуда.
Ауданның денсаулық сақтау саласында өткен жылы 8 ауылдың аумағында 2 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік және 4 медициналық пунктің құрылысы басталса, олар биыл салынып бітпекші. Емдеу мекемелері үшін былтыр 96 миллион теңгенің қажет жабдықтары мен бұйымдары сатып алынған.
Аудан жолдары да орташа жөндеуден өтуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында биыл Дубовка, Көксу және Мичурин ауылдық округтерінде 12,7 шақырым жолдарды жөндеп, Абай қаласында жалпы алаңы 21 шақырым болатын аула аумақтары мен мүйістері асфальтталады.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай ауданы
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ